30 тамыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

30 тамыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

30 тамыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1993 жылы 30 тамызда Алматыда Халықаралық ядролық жарылысқа қарсы конгресс өз жұмысын бастады. 1999 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл кесенесінің жанындағы сазгер Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) қабірінің басына ескерткіш орнатылды. Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) - атақты композитор, білікті дирижер әрі домбырашы, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы. 40-шақты өлең мен романстың авторы. Ол 100-ге тарта спектакль, көркем және деректі, мультипликациялық фильмдерге музыка жазған. 2009 жылы Астанада Елбасы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне арналған алғашқы әскери парад болып өтті. Әскери шеруге Қорғаныс министрлігінің құрлықтағы әскерлері, әуе қорғанысы күштері, әскери-теңіз күштері, сондай-ақ Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің сарбаздары мен Республикалық ұланның өкілдері қатысты. 2011 жылы Ақтөбеде Бейбітшілік даңғылындағы гүлзарда Чернобыль атом электростансасына қатысушылар мен оны жойған ақтөбеліктерге арнап ескерткіш орнатылды. 2012 жылы Петропавлда вокзал алаңында қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 2014 жылы «Мэрлер бейбітшілікті қолдайды» ұйымының бас хатшысы Ясуёши Комизо және Халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс президенті Олжас Сүлейменов «Мэрлер бейбітшілікті қолдайды» ескерткіш тасының маңына Хиросимадан әкелінген «Гингко» ағашының көшетін отырғызды. Аталған көшетті Жапониядан Хиросима қаласының мэрі, «Мэрлер бейбітшілікті қолдайды» ұйымының президенті Мацуи Кадзуми жіберген. 2014 жылы Caviar зергерлік бренді Қазақстанның, Астананың символдары – Бейбітшілік және келісім сарайы мен Бәйтерек бейленеген алтын iPhone жасап, сатылымға шығарды. Смартфондар құны 790 мың теңге болды. 2014 жылы еліміздің тарихында алғашқы ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін (ҒТН ҒЖ) құру бойынша тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау үшін «Ғалам» ЖШС қазақстандық инженерлер тобы Астанадан Гилфордқа (Ұлыбритания) аттанды. Бұл Жер ионосферасын зерттеуге арналған нано-класты ғарыш аппараты болады. Ол Қазғарыштың басқа кәсіпорны – «ҰҒЗТО» АҚ Ғарыштық техника және технологиялар институтымен бірлесіп құрылады. 2015 жылы Миландағы ЭКСПО-2015 көрмесіндегі қазақстандық павильоннын алдындағы алаңда Қазақстан Республикасының Конституциясы күні аталып өтті. Көптеген көрме қонақтарына қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен концерт қойылып, еліміздің қазіргі заманғы және дәстүрлі өнері паш етілді. 2019 жылы Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялағаны жөнінде құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымының хатшылығына тапсырды. Іс-шараға БҰҰ және 103 елдің 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдарының коалициясын құраған «ICAN» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының өкілдері қатысты. Олар Қазақстанға ядролық қарусыздану ісіндегі көшбасшылығы үшін алғыс білдірді. 2020 жылы қазақстандық мектеп оқушылары онлайн режимде European Geography Olympiad (EGEO) аясында өткен Еуропа географиялық олимпиадасында күміс және қола жүлдеге ие болды. Жарысқа әлемнің 14 елінен – Ресей, Беларусь, Латвия, Литва, Польша, Эстония және Қазақстан, Словения, Түркия, Сербия және тағы басқа елдерден 76 оқушы қатысты.