Жамбыл жұрты "Халық қаһарманын" ақтық сапарға шығарып салды

Жамбыл жұрты "Халық қаһарманын" ақтық сапарға шығарып салды

Жамбыл жұрты "Халық қаһарманын" ақтық сапарға шығарып салды
ашық дереккөзі
Жамбыл облысында жарылыстан қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Túrkystan.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. Қаза тапқандардың бірі – Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Аймановты Жамбыл жұрты соңғы сапарға шығарып салды. Өрт сөндіруші әскери қоймадағы қызыл жалынды ауыздықтау кезінде болған, жойқын жарылыстан қаза тапқан болатын. Оның артында ата-анасы, аңырап 5 баласы, тізесін құшақтап аяулы жары, ботадай боздап, бауырлары қалды. Мейіржан – Аймановтар әулетінің үлкені болатын. Тұңғыш ұл болғандықтан ата-анасы да, бауырлары да оған арқа сүйейтін. Ол да ағайын мен туысқа, дос пен бауырға әрдайым құшағын ашып, көмегін аямайтын. «Орындалмаған арманы көп еді. Тым ерте кетті. Жанымды айтқызбай ұғатын құлыным еді» дейді етегі жасқа толған анасы.
«Жетіге қарай оған хабарласып, «Балам, жұмысың бітті ме? Қайдасың?» деп едім, «Мама, өрт сөндіруге кетіп барамын» деді. Ол жарылыс болатынын білген де жоқ. Өртті сөндіре бастаған кезде жарылған ғой. Балалардың бәрі ұшып-ұшып кетті. Ол 1-2 баланы құтқарыпты. Өзі қайтадан қалған балаларға кіріп кетіпті. Содан шықпады ғой», - дейді көз жасын сүрткен ана Айткүл Айманова.
Мейіржан жақында ғана 45 жасқа толған еді. Өмір бойы өрт сөндіру саласында еңбек етіп, полковник шеніне дейін өсті. «Адалдық пен әділдікті жаны қалайтын. Әлсізге қамқор, жалғандыққа жаны қас болатын. Кішкентайынан спортты серік етті» дейді тай-құлындай тебісіп, бірге өскен сыныптас достары.
«Мейіржанды кішкентайынан білеміз, сол кезде бойында қайраттылық, қаһармандық, әлсіздерге жақтасып, қорғап жүретін еді. Төбемізден жай түскендей боп отыр. Енді бала-шағасын өсіріп, қызығын көремін дегенде қыршын кетіп отыр», - дейді М. Аймановтың сыныптасы Елмира Ізмағамбетова.
Еске сала кетсек, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан он үш азамат көз жұмды.