«Астананың» миллиардтаған қарызын кім жабады?

«Астананың» миллиардтаған қарызын кім жабады?

«Астананың» миллиардтаған қарызын кім жабады?
ашық дереккөзі
«Астана» кәсіби спорт клубының болашағы қандай болатыны және Sport Qory-ның нақты қандай іспен айналысатыны туралы Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының директоры Асхат Сейсембек айтып берді. – Біздің ұйым дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс қаражатты бөлудің бірыңғай операторы. Спорт ұйымдарын, федерацияларды, спорттық мекемелерді қаржылай қолдай отырып, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеміз. 2021 жылдың жазында Қордың қарамағына «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» велокомандасы және «Барыс» хоккей клубы кіретін «Астана» кәсіпқой спорт клубы берілді. – Осыдан біраз бұрын «Астана» кәсіпқой спорт клубының ликвидацияға ұшырайтыны жөнінде шешім қабылданып, бұл жаңалық қоғамда дүрбелең туғызған еді. Жақында «Астана» КСК-ның Қордың қарамағына өткені туралы естідік. – «Астана» КСК-ның тағдыры интернетте ғана емес, әлі күнге дейін ресми кабинеттер мен ведомстволарда да қызу талқыланып жатқанын айтқым келеді. 2021 жылдың маусым айының соңында Қор клубтың құрылтайшысы болып бекітілді. Бұл көп деңгейлі қаржыландыру режимінен арылу үшін жасалған шешім. Ал жалпы «Астана» кәсіпқой спорт клубының алдағы тағдыры бойынша түпкілікті шешім 2021 жылдың соңына қарай қабылданады. Негізі мынаны түсініп алған абзал. Кәсіпқой спорт клубының өзегі – оның клубтары. Атап айтқанда, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы және «Астана» велокомандасы. Велокомандадан басқа клубтарды өз қарамағымызға алдық, яғни біз қазір олардың құрылтайшысымыз. Бұл клубтарды қаржыландырудың көп деңгейлі жүйесінен біржола құтылу үшін жасалған шешім. – Ал «Астана» велокомандасы неліктен Қордың тікелей қарамағында емес? – Astana Premier Tech-ке келетін болсақ, мұнда жағдай сәл күрделірек. Өйткені, 2020 жылдың желтоқсанында акцияларының 50%-ы канадалық компанияға сатылған. Өткен аптада бұл акциялар қайтадан қазақстандық иелікке өтті. Акцияларды қайтару процессі ұзаққа созылып кетпес үшін оларды тікелей Кәсіпқой спорт клубына беру туралы шешім қабылданды. Өйткені велокоманданың басқа 50%-нің иесі – «Астана» КСК. Ең бастысы, қазақстандық тарап және канадалық компания жылдам түсіністікке келіп, процесс тыныш әрі тез аяқталды. – Спорт жанкүйерлер Александр Винокуровтың маусым айында «Астанадан» кетуіне біраз дүрбелең туғызған еді. Алайда араға көп уақыт салмай, ол қайта қызметіне келді. Осы жайлы айтып берсеңіз. – Александр Винокуров, өкінішке қарай, «Тур де Франс» басталар алдында велокоманданың спорттық бөлігін басқарудан шеттетіліп қалған еді. Бұл туралы бүкіл қазақстандық және еуропалық спорт баспасөзі жазды. Кейін велокоманданың 100%-тік акциясы қазақстандық тарапқа қайтарылған соң Винокуровты қайта қызметіне шақырдық. – «Астана» кәсіпқой спорт клубының басқа командаларындағы жұмыстарға талдау жүргізілді ме? – Әрине, клубтардың жұмыстарын зерттеу мәселесі кешенді түрде жүзеге асырылды. Осы орайда футбол клубындағы жағдайға тоқталған дұрыс шығар. Жеткілікті түрде қаржыландырылып тұрғанына қарамастан соңғы екі жылда «Астана» футбол клубының қарызы 4,2 млрд теңге сомасына жеткен. Бұл қарыздар бойынша жақын уақытта толыққанды ақпарат беріледі. Квазимемлекеттік қаражат болғандықтан, халық мұндай қарыздың қалай және неліктен пайда болғанын білуі керек деп ойлаймын. «Барыс» хоккей клубы мен «Астана» баскетбол клубына келетін болсақ, оларда жұмыс механизмі ретке келтірілген. Бұл клубтардың ұлтаралық лигаларда өнер көрсететінін білесіздер. Сондықтан, аталмыш командалар Қазақстанның ішкі стандарттарына ғана емес, ұлтаралық лигалардың да стандарттарына толық сәйкес келеді. – Жақында Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов «Астана» футбол клубындағы бірқатар мәселелер жөнінде сұхбат берген болатын. Сол сұхбатта вице-министрі «Астана» футбол клубында аудиттік тексерістің жүріп жатқанын да айтқан. Нәтижелері белгілі болды ма? – Бұл сұхбатты оқымаған жан кемде-кем шығар. Вице-министр клубта кредиторлық берешектің жинақталып қалу себептерінің бірнешеуін ғана атап өтті. Ал аудиторлық есеп дайын. Осы орайда Қордың бас директоры ретінде Қамқоршылар кеңесінің мүшелеріне аудиторлық жұмыстың қорытындыларын баяндап бердім. Олар аталған кемшіліктерді түзету туралы шешім қабылдады. Аудит нәтижелері біз үшін түсінікті. Енді әрі қарай негізсіз кредиторлық берешектің жинақталуын болдырмау бойынша жұмыс жүргізіп, қаражатты тек бекітілген бюджет шеңберінде пайдалануды іске асыру керек. – Жақында «Астана» футбол клубының бас директоры ауысып, бұл қызметке Тастанбек Есентаев тағайындалды. Оның алдында қандай міндеттер тұр? – Тастанбек Есентаев – белгілі спорт менеджері. Шын мәнісінде, команда үшін оңай емес уақытта клубты басқарып отыр. Әлбетте, оның алдында көптеген міндеттер тұр. Ең бастысы – кәсіби спорт клубтарына қатысты мемлекеттік саясатқа сәйкес, клубтың 2022 жылға арналған шығындарын оңтайландыру. Өйткені, Мемлекет басшысының кәсіпқой клубтарға қатысты нақты тапсырмасы бар. Біз оны орындауға міндеттіміз. – «Астанаға» қатысты футбол жанкүйерлерін алаңдататын тағы бір мәселе бар. Көпшілігі «неліктен өзге клубтарды жергілікті әкімдіктер басқарады, ал «Астананы» министрлік қаржыландырады?» деген сауалды жиі жолдайды. «Астананың» министрліктің қарамағында болуы оның еліміздегі өзге футбол клубтарының алдындағы маңыздылығында ма? – Менің ойымша, еліміздегі барлық клубтар мен спорттық ұйымдардың қоғамдағы және өскелең ұрпақ алдындағы маңызы зор. Ал «Астана» кәсіпқой спорт клубына келер болсақ, осыдан шамамен 10 жыл бұрын елордамыздың, жалпы еліміздің халықаралық аренадағы абыройын асқақтату үшін құрылған болатын. Соның қатарына «Астана» футбол клубы да кірді. Клубтардың барлығы халықаралық аренада айбынымызды асқақтатып, бірі футболда, екіншісі велоспортта, үшіншісі хоккейде, төртіншісі баскетболда өз деңгейлерінде жоғары өнер көрсетті. Сондықтан, осы дәстүрлерді сақтай отырып, жаңа стандарттар бойынша ары қарай дамыту үшін клуб министрліктің балансына берілді. – Бірақ, белгіленген лимиттерге қарамастан, «Астана» футбол клубының бюджеті еліміздегі басқа клубтарымен салыстырғанда неге көп? Оның шығындарын оңтайландыру қалай жүзеге асырылады? – Ел тұрғындарын алаңдатқан бұл сауалға алдыңғы сұрағыңызда аз-кем жауап бердім деп ойлаймын. Клубтың 2021 жылға арналған бюджеті – 5 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға аз. Әлі де 4,2 миллиард қарызы бар. Бұл туралы және оны төлеу принциптері туралы айтып өттім. Бұл қарыздардың пайда болу себептерін және тиісті тұжырымдарды нақты анықтамай, ешкім ақша төлемейді. Ал келесі жылы шығындар қысқартылуы тиіс екенін атап өткім келеді. Енді бұдан былай «Астана» сияқты алпауыт клубтың қаржыландырылуы мен болашағы клубтың менеджерлік қабілеттілігіне байланысты болады. – Енді Қордың алдағы жоспарларымен бөліссеңіз. – Бұған дейін атап өткенімдей, бірінші кезектегі мәселе – шығындарды оңтайландыру. Қор – ақша шығаратын генератор емес, негізінен қаражат бөлумен айналысады. Бірақ қазір клубтардың құрылтайшылары ретінде бізге қосымша жауапкершілік жүктелді. Енді ел спортының, жалпы кәсіпқой клубтарымыздың лайықты болашағы үшін уақыт талабы мен жаңа заман ұстанымына сай жұмыс істеуіміз қажет.