Жаңалықтар

Мемлекет басшысы шұғыл жиналыс өткізді

ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы шұғыл жиналыс өткізді

Мемлекет басшысы Жамбыл облысында болған жарылысқа байланысты шұғыл жиналыс өткізді, деп хабарлайды akorda.kz. Жиынға Премьер-Министр, құқық қорғау, қорғаныс, қауіпсіздік және басқа да күштік құрылымдардың басшылары қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында болған төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Президент қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді. – Мемлекеттік уәкілетті органдар қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсетудің барлық шараларын қабылдауы қажет. Жұмылдырылған барлық сала мамандарының жанкештілігінің арқасында жағдай бақылауға алынып, одан да көп шығынға жол берілмеді. Құтқарушыларға, дәрігерлерге, полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтамын. Дегенмен өрттің салдары қиынға соқты. Адамдар зардап шекті. Көптеген азамат баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Елді мекендердің инфрақұрылымына зақым келіп, бірқатар ғимараттар қирап қалды. Осыған байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Бірақ әлі де көп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент орталық және жергілікті органдардың жұмысын дұрыс үйлестіру керек екенін айтты. Қажетсіз кедергілерді жойып, уақыт ұттырмай жедел қимылауды, ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарын өз үйлеріне қайтару шараларын қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарының мұқият жүргізуді қамтамасыз етуді, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға оқиға туралы жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді. Жиында, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев және Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов баяндама жасады.