Алты айда атқарылған жұмыстар талқыланды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы Ректоры Жансейіт Түймебаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде өткен «Басты назарда» бағдарламасына қатысып, бірқатар сұрақтарға жауап берді. Әңгіме барысында жетекші университеттің соңғы алты ай ішіндегі қол жеткізген жетістіктері, атқарылған шаруалар, жаңа оқу жылына дайындық, оқу ғимараттары мен жатақханаларға жүргізіліп жатқан кешенді жөндеу, студенттер мен оқытушыларға жасалған жағдай, пандемия кезіндегі оқу процесі және тағы басқа мәселелер талқыланды.

Еліміздің жетекші білім ордасында пандемия мен карантинге қарамастан, белсенді жұмыс жалғасуда: оқу үдерісі заманауи талаптарға сай жолға қойылған, ҚазҰУ-ды зерттеу университетіне трансформациялау жұмыстары атқарылуда. Соңғы жарты жылда университеттің тыныс-тіршілігінде айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. Атап айтсақ, биылғы жылы ҚазҰУ-ға мемлекеттік грант алуға үміткерлер саны 3 еседей өсті. Магистратураға қабылданғандар саны  – 1598 адам. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым артық. Жалпы,  білім ордасы биыл, шетелдік азаматтар мен докторантураны қоспағанда, 6440 студентті оқуға қабылдады. «Алтын белгі» иегерлерінің саны да көңіл қуантарлық, өткен жылы 508 үздік мектеп бітіруші, биыл 737 озат оқушы ҚазҰУ студенті атанды.

Университет жаңа оқу маусымына шетелдік серіктес университеттермен бірлесіп бакалавриат, магистратура және докторантура үшін 119 жаңа білім беру бағдарламасын әзірледі. Жаңа мамандықтар қазақстандық студенттер арасында ғана емес, шетелдік студенттер ішінде де үлкен сұранысқа ие. ҚазҰУ-дың шетелде филиалдарын ашу жұмыстары да жүргізілуде (Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия).

Бүгінгі сәтте университеттің 16 жатақханасының 14 -і жөндеуден өтті, жеті факультет ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Екі жатақхана қыркүйек айының соңында пайдаланылуға беріледі.

Университет басшылығы оқытушылар мен қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесіне ерекше назар аударуда. Наурыз айында еңбекақы 20 пайызға өсті. Жаңа оқу жылында оқытушы – 200 000 теңге, аға оқытушы – 280 000 теңге, доцент – 330 000 теңге, профессор 500 000 теңге жалақы алады. Сонымен қатар философия докторы (PhD), ғылым кандидаты, ғылым докторы ғылыми дәрежесі, біліктілік деңгейі үшін қосымша ақы төленеді. Бонустық төлемдер жылына екі рет беріледі.

Қазіргі уақытта 2021-2025 жылдарға арналған дамудың негізгі басымдықтары анықталды. ҚазҰУ ұжымы бүкіл ел және әлем бойынша университеттің одан әрі дамуының стратегиялық міндеттерін тиімді жүзеге асыруға ынталы.

whatsapp image 2021 08 27 at 15.39.29

Осы мезетте ҚазҰУ-да 533 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Университеттің тиімді жұмысының арқасында бизнестен және әртүрлі халықаралық көздерден инвестициялар тартылады, сондай-ақ серпінді зерттеулер мен технологиялардың нәтижелері пайдаланылады, университет ғалымдарының жетістіктерін әлемдік деңгейде талдау жұмыстары жүргізіледі.

Университет санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтап қана қоймай, оқу ғимараттарында, жатақханаларда, кітапханада, университет ғимараттарында ЭСҚ қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылдады. Жаңа оқу жылынан бастап кампустағы барлық оқу ғимараттары мен жатақханаларға кіру үшін QR кодтары орнатылған «Ashyq» жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған негізгі іс-шараларды қамтыған жоспарды бекітті. Олар «Отыз жылдыққа – отыз апталық» жол картасында нақты көрсетілген. Жоспарға сәйкес, университетте тәуелсіздік тарихына және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тарихындағы сіңірген еңбегіне арналған шаралар өтті. Кампуста Елбасы саябағы, Ғалымдар бағы, Ағаштар аллеясы ашылып, 1000-ға жуық көшет отырғызылды.

Университет ректоры студент жастардың спорттық өмірі, оқытушы-профессорлар құрамының әлеуметтік жағдайын жақсарту, жас мамандарға көңіл бөлу  т.б жоспарларымен бөлісті.

Back to top button