27 тамыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

27 тамыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

27 тамыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1992 жылы 27 тамызда Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Әзербайжан, Армения және Қазақстан сыртқы істер министрлерінің қатысуымен Таулы Қарабақ жанжалын реттеу бойынша үшжақты келіссөздер басталды. Келіссөздердің қорытындыларына орай Меморандум қабылданып, онда Әзербайжан және Армения тараптары 1992 жылғы 1 қыркүйектен бастап әскери қимылдарды тоқтатуға дайын екенін білдірді. 1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы және Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 1999 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет республиканың ғалым-заңгерлер тобы ордендермен марапатталды. Олардың ішінде Г.С.Сапарғалиев, Н.А.Шәйкенов, Ю.Г.Басин және К.А.Колпаков бар. 2001 жылы Алматы-Бішкек тасжолының бойында жоңғарлармен болған соғыстағы қазақ халқының жеңісіне арналған тарихи ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Оған Елбасы Н.Назарбаев қатысты. 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтой медалі бекітілді. Медальмен Қазақстанның мемлекеттігін қалыптастыруға және оның егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтар және шетелдіктер марапатталады. 2007 жылы Ақтауда сексеннен астам тарихи құнды ескерткіштері бар 28 тарихи-археологиялық кешен табылды. Энеолит және қола дәуіріндегі тұрақтар және қола, темір және орта ғасырлардағы қорымдар табылды. Олардың арасында Қазақстан аумағында мал шаруашылығының тараған дәуіріндегі Қосқұдық-1 және Қосқұдық-2 тұрақтары орналасқан. Археологиялық қазбалар кезінде Басқұдық-1 діни-қабірлеу орнының қалдықтары табылды. Қалдықтарды тазалау кезінде 11-12 ғасырға жататын қыпшақ бозбаласының қорымы, 12-13 ғасырға жататын мұсылмандардың қорымы табылды. 2010 жылы бір топ адам Аблакет тауына шығып, шыңға еліміздің Мемлекеттік туын тікті. Теңіз деңгейінен 522 метр биіктегі тудың алдында үлкен әріптермен «Қазақстан» деп жазылды. 2012 жылы Қарағанды облысының Кіші Саран кентінде Шешен Республикасының тұңғыш президенті, Ресей Қаһарманы Ахмад Қажы Қадыровқа ескерткіш белгісі қойылды. Ескерткіш тақтаға А. Қадыровтың аты, туған жылы және «Халықты сүю – Құдайдан қорқу» деген сөзі жазылған. Ескерткіш белгіні жергілікті шешен-ингуш диаспорасы қаржыландырды. Қазақ жерінде туған А. Қадыров екі халықтың достығына, бауырластығына көп мән берген еді. 2013 жылы ұлттық валютаның енгізілуіне 20 жыл толуына орай ҚР Ұлттық банкі номиналы 500 теңгелік естелік монетаны айналымға шығарды. Монета 925 сынамалы күмістен жасалды, номиналы 500 теңге, салмағы -31,1 грамм, диаметрі -38,61 мм, дайындау сапасы - «proof», таралымы - 5 мың дана. 2015 жылы Астанада Қазақстан Үкіметі мен Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) арасында Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойылды. Салтанатты шараға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттер - Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Қытай және Франция өкілдері, сонымен бірге жобаның донор-елдері - ЕО, Норвегия, БАӘ және Кувейт өкілдері қатысты. 2015 жылы Астананың халықаралық әуежайы аумағында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы жаңа авиация базасының іргесі қаланды. Нысанда аэродром және әкімшілік-шаруашылық аймақтар болады. 2016 жылы Семей полигоны қасіретінің дүйім жұртқа жария етілмеген тұстары туралы сыр шертетін кеңес кезеңінің жасырын құжаттары Астанадағы көрмеге қойылды. Елорда тұрғындары алғаш рет Лаврентий Берияның Иосиф Сталинге кеңес атом бомбасының жасалғаны туралы мәлімдеген хаты, полигон тарихындағы аса қуатты жарылыс болған сутек бомбасын сынақтан өткізу туралы үкімет хабарламасы сияқты құжаттарды, сынақ алаңдарының суреттерін алғаш рет көрді. Ондаған жыл бойы «Аса құпия» грифімен сақталған құжаттар мен фотосуреттер Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған экспедиция барысында Шығыс Қазақстан облысының архивтерінен алынды. 2016 жылы Ақмола облысының Бурабай кентінде өткізілген қайырымдылық аукционында боксшы Геннадий Головкиннің былғары қолғабы сегіз миллион теңгеге, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің жейдесі 1 млн 450 мың теңгеге сатылды. Одан түскен қаражат Көкшетаудағы Ақмола облыстық балалар ауруханасына қажетті жабдықтар алуға жұмсалды. 2017 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Бейжіңде өткен 2017 Fresh Asia music Festival жаңа әндер фестивалінде «Жылдың үздік шетелдік шығармашылық тұлғасы» аталымының жеңімпазы атанды. 2017 жылы Хорватияның Корчула аралында өткен «Марко Поло» кинофестивалінде «Анаға апарар жол» фильмі басты «Үздік фильм» аталымын жеңіп алды. Салтанатты шарада қазақстандық делегацияға дипломдар мен марапаттар табысталды. Фестивальға Әзербайжан, Болгария, Индонезия, Иран, Корея, Қазақстан, Түркия, Үндістан, Хорватия және басқа елдердің кинематографистері қатысты. Қазақстан делегациясының құрамында «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлдерді сомдаған Әділ Ахметов пен Алтынай Нөгербек, сондай-ақ ҚР Хорватиядағы елшілігінің қызметкерлері болды. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Іріктеуге әр саланың өкілдері, түрлі мамандық иелері қатыса алады. Бұл квазимемлекеттік сектор, жеке сектор, азаматтық қоғам өкілдері болуы мүмкін. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар – Қазақстан Республикасының азаматы болу, жасы 35-ке дейін, жоғары білімнің болуы және жалпы жұмыс өтілі кемінде 5 жыл. 2019 жылы Сауд Арабиясында Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИЫҰ) мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді шешу үшін құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясы өтті. Мұсылман елдерінің ауыл шаруашылығы министрлері осы ұйымға мүше мемлекеттердің алдында тұрған азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты негізгі проблемаларды талқылады, өз елінде барлық қолжетімді ресурстарды жұмылдыру арқылы ұзақ мерзімді негізде азық-түлік қауіпсіздігін ілгерілету және дамыту үшін ұжымдық платформа құру бойынша нақты шаралар қабылдады, тәжірибе алмасты. Қазіргі уақытта бұл ұйымға 33 мұсылман мемлекеті мүше. Штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. 2020 жылы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай ұйымдастырылған БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті ­- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» халықаралық мәртебесіне ие болды.