Ауған студенттерін Қазақстанға әкелу мәселесін талқылауға мүмкіндік жоқ – БҒМ

Ауған студенттерін Қазақстанға әкелу мәселесін талқылауға мүмкіндік жоқ – БҒМ

Ауған студенттерін Қазақстанға әкелу мәселесін талқылауға мүмкіндік жоқ – БҒМ
ашық дереккөзі
Бүгінгі таңда Ауғанстандағы саяси-әскери ахуалдың нашарлауына байланысты ауған тарапымен Қазақстанда білім алатын студенттерді әкелу мәселесін талқылауға мүмкіндік жоқ. ҚР Білім және ғылым министрлігі осылай мәлімдеді. Білім және ғылым министрлігі Ауғанстан стунденттерін Қазақстанға әкелу үшін арнайы чартерлік рейс жөнелтілуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. «Қазіргі таңда ҚР құзырлы органдары еліміздің оқу орындарында оқитын ауған студенттеріне қатысты тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда Ауғанстандағы саяси-әскери ахуалдың нашарлауына байланысты ауған тарапымен тасымалдау мәселесін талқылауға мүмкіндік жоқ. Осы ретте ауған студенттерінің Қазақстанға келуіне қатысты логистикалық мәселелер қосымша қарастырылатын болады», - деп жазылған ведомствоның ресми мәліметінде. Еске салсақ, ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Қазақстанда білім алатын Ауғанстан студенттері біздің елге қайта кіруі үшін аймақтағы жағдай әбден тұрақтануы керек екенін айтқан болатын. «Қазақстанда қазір оқып жатқан студенттердің арасында жазғы демалыс кезінде еліне кеткендер бар. Олар туралы мәліметтер түсіп жатыр бізге. Оқуларын осындай жалғастырғысы келетіндері бар. Біз бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Ауғанстандағы жағдай тұрақтанған кезде біздің елшілік міндетті түрде оларға тиісті виза береді. Екі арада әуе немесе басқа көлік қатынасы қалыпқа келген соң Қазақстандағы оқуларын алаңсыз жалғастыра алады», - деген болатын Айбек Смадияров.