ҰБТ-ға «ұрланып» кіріп ұятқа қалғандар
ҰБТ-ға «ұрланып» кіріп ұятқа қалғандар
«Алтын белгі» сатыла ма?
Келесі жылдан бастап «Алтын белгі» иегерлеріне қойылатын талап күшейеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты: «Алдағы оқу жылынан бастап «Алтын белгіге» үміткерлер үшін талап одан сайын күшейеді. Медальді оңды-солды тарату болмайды. Біз талаптарды кезең-кезеңмен жыл сайын өзгертіп жатырмыз. Биыл енді екінші кезең қамтылады. Екінші кезең дегеніміз, тоқсандық «бес» бағасымен қатар, үміткерлердің 5-11 сынып аралығындағы барлық тоқсандық бағалары да «5» болуы керек деген қағида енгізіледі», – деді. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары «Алтын белгі» иегерлерінің саны күрт өскен. 2019 жылы төсбелгіні 7 349 оқушы иеленсе, 2020 жылы 8 615 түлек қол жеткізген. Биылғы оқу жылын 9 738 мектеп бітіруші «Алтын белгімен» аяқтаған. Мамандар медаль таратудан рекорд орнатқан мектептердегі білім сапасының күмәнді екенін айтады. Қазір «Алтын белгінің» құны арзандап, қадірі қашқаны да құпия емес. Жыл сайын осы марапаттау рәсіміне мемлекет қазынасынан медальді жасаудан бастап, табыстауына дейін миллионға жуық қаражат бөлінетін көрінеді. Жаңбырдан кейінгі қаптаған саңырауқұлақтай арзан атаққа құмартып жүрген жас өскіннің қарасы көп.
Цифрландыру жүйесі жалған дипломның жолын кеспек
Білім саласындағы келеңсіздіктің бірі – жалған диплом саудасы. Елімізде жалған дипломмен жұмысқа тұрып, заңды айлық алып жүрген қызметкер жетерлік. Өткен жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті 20-ға жуық жалған дипломды анықтаған. Жалған құжаттарды пайдаланған адамдарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 385-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жалған диплом 250-500 мың теңгеге сатылады екен. Ал 1 миллион теңге ұстатсаңыз көшірме емес, түпнұс¬қасын да алуға болады екен. Алайда өтіріктің арты абырой төгетінін есте ұстаған жөн. Министрліктің хабарлауынша, тапсырыс берушіні сендіретін басты себеп – барлық құжаттың ресми бланкілерде басылып, нақты түпнұсқамен сәйкес келетіні. Дипломдарды тексеру кезінде түпнұсқадан еш айырмасы болмайтынын айтады. ЖОО-ның базасына тіркелмегенде ғана жалған екенін анықтауға болады. Былтыр ақтөбелік 34 мұғалім жалған дипломмен сабақ беріп келсе, Қызылордада түрлі саладағы 12 маманның дипломы жарамсыз деп танылған. Мұндай оқиғаларды тізе берсек көп. Шығыс Қазақстан облысының тумасы жарты миллион теңгеге диплом сатып алып, шетелде жұмыс істемекші болып, құжаттарын өткізгенде шетел университеті жалған дипломды жарамсыз деп таныған. Соңғы оқу жылында диплом саудасының күрт өскенін байқаған мамандар ЖОО түлектеріне дипломды қағаз түрінде де, электронды нұсқада да бере бастады. 1992 жылдан бастап берілген 2,5 млн диплом цифрландырылды. Жыл сайын дипломды растауға қатысты 500 мыңдай өтініш келіп түседі. Біріншіден, дипломды растауға жұмсалатын уақыт пен ресурс үнемделеді. Екіншіден, мемлекеттік үлгідегі жалған дипломдардың айналымы жойылады. Соңғысы жұмыс берушілер жұмысқа орналасуға үміткерлердің біліктілігі туралы шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіледі. Одан кейін барлық білім беру ұйымына құжат қабылдау автоматтандырылды. Осындай цифрлы жүйе ғана жалған диплом саудасының жолын кеспек.
Қайыржан ТОКУШЕВ, республикалық Sanaly urpaq жобалық кеңсесінің жетекшісі:Білім жүйесіне басқару менеджменті жетіспейді
– Білім саласы ең көп реформаға ұшыраған дегеннен гөрі реформа жасай алмаған министрлері жиі ауысқан сала деген дұрыс шығар. Реформа білім саласына керек болды, өйткені білімді адам қалыптастырмай, білімді ұрпақ тәрбиелемей, мемлекеттің ілгері дамуы мүмкін емес еді. Менің ойымша, білім саласын басқарған министрлердің жиі ауысуы – мемлекеттің білім саясатын жүзеге асыру қиындығы. Дамудың кезеңдерін күтпей, жоспарланған істі аяғына дейін жеткізбей, үстірт қарау – саланы қайта құлдырату. Болон декларациясы ұлттық ерекшелікті енгізбегеннен сынға ұшырады. Білім саласы көп өзгерістен емес, басқару менеджменті жетілмегеннен құлдырады. Мектеп бітіруші түлектердің жазығы жоқ, оң-солын танымаған баланы қылмысқа итермелегендер жазасын алуы керек. Біздің де оқушылар дайындық орталықтарына барады, олардың да «басын қатыратындар» сол орталықтан табылады. Бала еліктейді, соңы не боларын болжай бермейді. Өйткені оның арты ақшаға келіп тіреледі. «Ақшаңды төледім, нәтижесі қане?!» деп ата-ана төлеген ақшасын бұлдап, баланың жүйкесін шаршатады. Бала тезірек нәтиже көрсеткісі келеді. Жыл бойғы «еңбегінің» төмен болғанын қаламайды, алдауға тез көнеді. Заң алдында бала өз әрекетіне, үлкен өз әрекетіне жауап бергені дұрыс. Бірақ алданған бала мен алдағандардың арасын айыра білу керек. Білім берудің көлеңкелі тұсын қоғам қасіретіне бағалауға болады. «Адалдақ алаңы», «Антикор», «Жемқорлықпен күрес комитеттері» секілді қоғамдық ұйымдар бар. Бірінен кейін бірі тексерсе де жемқорлық тыйылмай отыр. «Алтын белгі» – баланың он бір жыл оқыған еңбегінің жемісі. Оны саудаға салмай, біліміне қарай беру керек. Білім және ғылым министрі қоғамдағы сондай кемшілікті жою үшін белсенді мұғалімдердің тобымен кеңес өткізіп отырады. Қордаланған мәселені кең отырып талдап, бірлесе шешім шығарады. Соңғы жылдардағы осы үрдіс оң нәтиже беріп, талай жемқордың, сыбайластардың аяғына тұсау салынып жүргені қуантады.
Ержан МЫРЗАБАЕВ, психолог: