Жаңалықтар

Тажалға тосқауыл

ашық дереккөзі

Тажалға тосқауыл

Әлемге әйгілі Семей полигоны жөнінде айтқанда өткен ғасырдың жетпісінші жылдары есіме түседі. Менің семейлік достарым көп болды. Жұмысшылар жатақханасында олармен бірге тұрдым. Әлібек, Шәміл, Есен армиядан келіп, оқуға түсе алмай Алматыда қалып, құрылыста еңбек еткен олар алдына мақсат қойған мықты жігіттер еді. Кейде демалыс күндері әңгіме-дүкен құрғанда «Біз жақта күмпілдетіп күнде жарылыс жасайды. Ауа лас, су таза емес, аң-құс деген атымен жоқ Дегелең жақта» деп қапаланатын олар. Радиация індетке шалындырған болар, семейліктердің денсаулығында ақау бары байқалатын. Сексенінші жылдары полигон аймағына жақын өңірде туып-өскен студент досымның кейін кенеттен қайтыс болғанын естідім. Ол кезде полигонның ауру тарататын індет ошағы екені айтылмайтын... «Невада-Семей» антиядролық қоз­ғалысы құрылмай тұрып, Са­рыар­қадағы «ажал аждаһасы» жө­нінде осылай семейлік достардан ес­тідім. Кейін 1989 жылы осы қоз­ғалысқа мүше бодым. Арада көп өт­пей Олжастың «Халық конгресі» га­зетіне қызметке келіп, полигон та­қырыбына қалам тарттым. «Аттан қарсылық» жорық шта­бы­ның сарбазы әрі тілшісі ретінде Мәс­кеуде, Стамбұлда, Антакияда, Ан­карада, Нью-Йорктегі антиядро­лық акциялардың ішінде жүргенім қазір еске алсам шын жорықты елес­тетеді. Рұқсат етілмеген жерде тұт­қиылдан шыға келіп, ұрандау тәуе­келді талап еткен іс қимыл, тө­тен­ше оқиғалар еді. Акция кезінде бір рет Мәс­кеуде қа­малдық. Сирия шекарасында ұс­та­лып, абырой болғанда Анта­кия­дан кері қайттық. Анкарада Қа­зақ­ста­­ның Түркиядағы елшілігі осы оқи­­ғаға байланысты сақтандырды. Ең қауіпті әрі тарихта қалатын оқи­­ға жеті еріктінің ерлікке пара-пар іс қимыл әрі тәуекелге барған қар­­сылық акциясы еді. БҰҰ ғи­ма­ра­ты алдында бұрын-соңды болмаған ак­ция қарсылықты «Аттан» жорық шта­­бының мүшелері жүзеге асырды. Бұл жайында кезінде «Америка дауы­сы» әлемге таратты. Семей по­ли­гон аймағын адамзат тарихында «қауіп­ті» өлке деп жариялау жөнінде құ­жат қабылдауға ықпал еткен қоз­ғалыстың «тәуекелшіл штабы» Аман­тай қажының «Аттан» сар­баз­дары екенін халық біле бермейді. Өйткені насихатталмады. Оның үсті­не Амантай Хантемірұлының оғаш мінезі де кері әсер етті. Амантай қажының Парижде Эй­фель мұнарасына шығып, атом­дық жарылыстардың адамзатқа әкел­ген зардабын қарапайым ха­лық­қа жеткізгені өз алдына бөлек әңгіме. 1991 жылы Курчатов қаласында әс­керилермен айқасқан Әбекеңді Құдай сақтап қалды. Нью-Йоркте ба­сын бәйгеге тігіп, жорық сар­баз­да­рымен онда барған Әбекең аман-есен оралды. БҰҰ ғимараты алдында атақ­ты диссидент Шаранский аты­мен аталатын алаңдағы талап қой­ған акция ерлікке пара-пар еді де­сек, артық болмас. Сондықтан Әбе­кең ол жақтан серіктерімен аман-есен келгенде Олжас оны арнайы қабылдады. БҰҰ-ға талап қойып, Семей полигоны қасіреті жө­нінде арнайы петиция тапсыру оңай болған жоқ. Бастарын бәйгеге ті­гіп барған жеті ерікті мыналар бо­латын: Амантай қажының өзі, Әбдіразақ молда, Юсип, Мухлиси, Энес Жансүйер, Батыр және мен. Мені келген соң «Халық Конгресі» га­зеті қауіпті оқиғалар орнынан ма­қала, очерктер жазды деп мәр­тебелі сыйлыққа ұсынды. Неге екені бел­гісіз, жолым болмады. 1991 жылы Антиядролық қоз­ға­лыстың жанқиярлық күресінің нә­тижесінде Семей полигоны жа­был­ды. Ал керісінше АҚШ-тағы, Анг­лия, Франциядағы атомдық сы­нақтар тоқтаған жоқ. Көрші Қы­тайдағы Лобнор полигонында жой­қын жарылыстар жалғасып жатты. Мі­не, сондықтан «Аттан» жорық шта­бының мүшелері Мәскеуде Қы­тай елшілігі ғимараты алдында та­лап қойып, қарсылық акциясын өт­кізді.1993 жылдың Қазан айында. Дәл ҚХР-дың құрылған мерекесі кү­ніндегі акция Елшілікті есінен тан­дырды. Елші құжатты қабыл­да­май, «Бұл не сұмдық?» деп байбалам сал­ды. Бәрібір санасуларына тура кел­­ді. Петиция тапсырылды. Соңын­да Қытай полигонының зардабы «Қызыл алаңдағы» шеруде айтылып жат­қанда шерушілерді полиция ұстап, бір күн қамап, соңында бо­сат­ты. Бұл кезде Мәскеу әлемге әй­гі­лі төтенше жағдайдың алдында түр­ған еді. Кешкісін Кремльде атыс бас­талды, аттандықтарды қосақта ке­туден Құдай сақтап қалды... Невада-Семей қозғалысы жа­ны­нан Лобнор комитеті құрылып, оның төрағасы Азат Әкімбек болды. Шы­ғыс Түркістандағы Ұйғыр ата­ме­кеніндегі аждаһаның радиациясы көр­ші Алматы облысының таби­ға­ты­на да кері әсер етті. «Аттанның» құрамында ежелгі ата­мекендеріндегі Қытай поли­го­нына қарсы ұйғыр ұлтының да пат­риот азаматтары болды. Олар­дың ішінде тарихшы Жүсіпбек Мұх­лис, Әбдіразақ молда ерекше ба­тыл­дық көрсетіп, тиісті жерлерде сөз сөйледі, барлық акция жорық­тың ішінде жүрді.

Қасірет жөнінде БҰҰ қарары

Елбасы Жарлығымен 1991 жы­лы Семей полигоны жабылды. Енді оның зардаптары мен қоршаған ор­таға тигізген залалын әлемге әйгі­леу керек болды. БҰҰ-да бәрін дә­лелдеп, қажет жерінде әлемдік қауы­м­дастықтың назарын басты мә­селеге аударудың қиын да қилы жо­лы тұрды. Семей өңірін «әлемдік дағдарыс аймағы» деп жариялап, БҰҰ-ның арнайы қарар қабылдауын та­лап ету оңай болған жоқ. Сол кез­дегі Қазақстаның БҰҰ-дағы елшісі А.Арыстанбекованың дип­ло­ма­тия­лық жолмен халықаралық ұйым­да­ғы барлық елдің өкілдерімен тіл та­бысуының нәтижесінде жоғарыда ай­тылған арнайы Қарар қабыл­данды. ­Кезінде Қазақстаның Сыртқы іс­тер министрі болған Ақмарал Ал­тынбекованың БҰҰ-ның тарихы мен ұстанған бағыт-бағдары жө­нін­дегі кітабының бір тарауы Семей по­лигоны туралы болғандықтан Қ­а­рарға қатысты аталған еңбекте то­лық баяндалады. «Аттан» жорық штабының жер шарының жартысын шарлаған атом­ға қарсы оқыс оқиғалары мен ұран­дары, талап-тілектері жөнінде адам айтса сенгісіз нәрсе көп болды. 1994 жылы қазанда аттандықтар кейін ұшақ соғып жер бетінен жоқ қыл­ған Дүниежүзілік сауда ғима­ра­тының алдында тажалды тоқтату ке­рек деп ұрандағаны бар. Өйткені АҚШ, Англия, Франция, Қытай жой­қын ядролық сынақтар жасап жат­ты. Нью-Йоркте Егіз ғимарат атал­ған террористер түбіне жеткен зәу­лім үйдің маңында Америкадағы Қы­тай консулдығы орналасқан екен. Дәл осы жерде акция тағы жал­­­ғасты. Күн жексенбі бол­ған­дық­тан Консульдықтан шығып ешкім бі­збен сөйлеспеді. Атлант мұхи­ты­ның жағасындағы Кеңес елінен келген мигранттар көп тұратын ауданда халық бізді қаумалап, нағыз шеру осында ұласты. Бір оқыс оқи­ға­дан Құдай сақтады. Ал Азаттық ес­керткіші тұрған жерге кеме арқы­лы келіп, мұхит үстінде туристердің ортасында атомдық жарылыс­тар­дың сойқаны бейнеленген суреттер мен плакаттарды көргендер ак­ция­ны қолдап, қол соқты. Қазақ жерінде қырық жыл қыр­ғын салған аждаһаның зардаптарын мұсылман елдері Сауд Арабиясында, Сирияда, Иранда, Иорданияда ак­ция арқылы айтып, қолдау көрсе­ту­лерін өтінген жоспар болды. Түркия арқылы Сауд Арабиясына бара жат­қанда Сирия шекарасында бізді ары қарай жібермеді. Өйткені біздің алдымызда шекарада оқыс оқиға, шайқас болған. Өте қауіпті аймақ­тан кері кетуге тура келді. Сөйтіп, акция араб елдерінде жалғаспады. Си­рияның кейін астаң-кестең шық­қаны белгілі. «Аттан» тарихында Ан­такия оқиғасы менің есімде ерек­ше қалды. Бұл тоқсанышы жыл­дар­дың ортасы еді.

Ораз ҚАУҒАБАЙ, Халықаралық антиядролық Невада-Семей қозғалысының ардагері, «Аттан» жорық штабының бұрынғы мүшесі, 1994 жылы БҰҰ-ға петиция-үндеу тапсырған жеті еріктінің бірі

Нұр-Сұлтан қаласы