Тәліптер билігі Ауғанстанды тұралата ма, дамыта ма…

Соңғы кездері Ауғанстан күллі әлем назарына қайта ілікті. Оның себебі – осыдан жиырма жыл бұрын кір­гізілген НАТО әскерлерінің ауған елі­нен шығарыла бастауы және ол үде­ріс аяқталмай жатып, 2001 жылы би­ліктен күштеп тайдырылған тәліптердің қай­та бас көтеріп, мемлекет аума­ғын­дағы елді мекендер мен қалаларды бірі­нен соң бірін қысқа мерзімде басып алуы. Көптеген жерде тәліптерге тіпті сон­шалық қарсылық та көрсетілген жоқ. Сөйтіп олар аз уақыттың ішінде ел астанасы Кабул қаласына басып кіріп, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани билікті тастап, шетел асып кетті.

Жалпы, Ауғанстан жері ерте дәуір­лер­ден бері түрлі кикілжіңдер мен қақ­тығыстардың ошағы болып келеді. Бұл жерге түрлі кезеңдерде парсы, түркі, араб, моң­ғол империяларының үстемдігі жүрген. Ал елдің ұлттық құрамына келсек, ежелден Ау­ғанстанды парсы, түркі тектес халықтар ме­кендеп келеді. Ауған аумағы осыдан екі ға­сыр бұрын-ақ геосаяси ойынның ны­санына айнала бастаған. Дегенмен, ұзақ жыл­дар бойы тоқтаусыз қарсыласудың нәтижесінде ХХ ғасырдың басында Ауған­стан Англиядан тәуелсіздігін алды. Алайда ХХ ғасырда тәуелсіз мемлекет болған соң да бұл елде бірін-бірі мойындамайтын бір­не­ше билеушінің үстемдігі сақталып, мем­лекет билігіне таласу мен әскери қақ­ты­ғыстар толастаған жоқ. ХХ ғасырдың соңы­на қарай Ауғанстанды басқарып отыр­ғандар өз билігін сақтап қалу үшін сырт­қы күштердің көмегіне сүйенді. Соның се­бебінен 1979 жылдың соңында Кеңес Ода­ғының әскері еніп, ол он жылға жуық уа­қыт ауған жерінде соғыс қимылдарын жүр­­гізді. Кеңес әскері ауған еліне кірген бойда елдің бұрынғы үкіметіне қарсы топтар «кә­пірлерге» қарсы соғысу Отанды азат ету жо­лындағы қасиетті соғыс деп санап, елді соған үндеді. Әрине, оған түгел ауған елі еріп кете қойған жоқ, бірақ «басқын­шы­лар­ға» қарсылардың да қарасы аз емес еді. Сөй­тіп ауған жеріндегі 10 жылдық соғыста 16 мыңдай адамынан айырылған Кеңес әс­керін көп шығынға батырған нәтижесіз ұрыс қажытып, 1988 жылдан Ауғанстандағы Кеңес әскерінің шектеулі контингенті со­ғыс­­ты тоқтатып, елден шығарыла бастады.
1996 жылы Ауғанстан билігін Талибан ұйымы басып алды да, радикал ислам ка­нон­дарын ұстанатын тәліптер елді шариғат үкім­дері бойынша билей бастады. Талибан қоз­ғалысы туралы айтар болсақ, о баста оны Пәкістанның әскери барлау қызметі Үн­дістанға қарсы құрған деп есептеледі. Яғни Кашмирдегі жағдайды тұрақ­сыз­дандыру мақсатында бұл ұйым әлі күнге Пә­кістанның бейресми қолдауына сүйенеді дей­ді әлемнің көптеген саяси сарапшылары. Талибандар елді шариғат заңдарына сай басқаруды қолдайды. Олардың ұста­ным­дары қыз балалардың оқуына, әйелдердің жұмыс істеуіне, көшеде жабық киімсіз және күйеуін­ен бөлек жүруіне тыйым салады. Сол сияқ­ты теледидар көру, зайырлы мем­ле­кеттердегідей өмір сүру салтын бекерлейді жә­не соны қолдайтындарды аяусыз жа­за­лайды.
2001 жылы Ауғанстандағы тәліптердің би­лі­гіне бес жыл толғанда сол кезде яғни, 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тың Нью-Йорк Дүниежүзілік сауда ұйымының ғи­мара­тына лаңкестер тарапынан шабуыл жа­салып, содан бастап әлемде терроризмге қар­сы іс-қимыл үлкен қарқынмен жүре бас­тады. Солайша, осы шабуылды ұйым­дас­тырды деп саналған, Ауғанстанда жасы­рын­ған Әл-Каида ұйымын құрту үшін АҚШ әскері елге басып кіріп, аз уақыттың ішінде жақ­сы қаруланған әлемнің ең мықты әс­ке­ріне қарсы тұра алмаған Талибан үкіметі тас-талқан боп жеңіліп, биліктен тай­ды­рыл­ды. Сөйтіп Ауғанстанда АҚШ-тың және халықаралық ұйымдардың көмегімен жаңа үкімет пайда болды. Содан жиырма жылдай уақыт өткенде Ауғанстанды бақылауында ұстаған АҚШ билігі өткен жылдан бастап әскерін аз-аздан әкете бастаған. Бұл жағдай жиырма жыл бойы астыртын күресіп кел­ген тәліптерге қозғау салып, олар елден АҚШ әскері әкетілген сайын әрекетін кү­шей­те бастады.
Ауған үкіметінің АҚШ әскерилері дайын­­даған 300 мыңға жуық әскери кү­ші бар деп саналатын еді. Алайда олар са­ны 70-80 мыңнан аспайтын Талибан әс­керіне қарсы тұра алмай, елдегі елді ме­кен­дер тәліптердің қолына өте бастады. Кей жағ­дайда Ауғанстан үкіметінің әскері елді мекендерді соғыссыз тастап шықса, бір жерлерде олар тәліптер жағына өтіп кетті.
2021 жылдың 15 тамызында Талибан қозғалысы Ауғанстанның барлық ау­мағын толықтай өздеріне қаратқанын жә­не Ауғанстан ислам әмірлігі атты мем­лекет құратынын жариялады.
Ауғанстанның барлық елді ме­кен­де­рін, ірі қалаларын аз уақытта басып алып, өз билігін жүргізген тәліптер ел түр­мелеріндегі өздерінің жақтастарын босатып ал­ды. Олардың қарқынынан сескенген ел­дегі мықты қолбасшылардың бірі саналатын ел­дің вице-президенті, маршал Абдул-Ра­шид Достум бас сауғалап Өзбекстанге өтіп кетсе, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани бұ­дан әрі тәліптерге қарсы тұрып, өз билігін сақтап қала алмайтынын түсініп, Ауғанстан аумағынан ұшақпен шығып кетті.
Бұдан кейін ауған елінде күшті дүр­бе­лең басталып, көптеген мемлекеттің ел­шілері, шетел азаматтары мен әскерилері Ка­булды тастап, өз елдеріне қайта бастады. Кабул әуежайында барлық әуе рейстері тоқ­татылып, одан тек әскери ұшақтар ғана ұшы­рыла бастады. Бұрын НАТО әскеріне кө­мектескен қарапайым ауған халқының өкіл­дері Кабул әуежайына басып кіріп, мүм­кіндігінше кез келген әскери ұшақпен елден шығып кетуге асықты.
Осы жылдың мамыр айынан бастап 400 мыңдай ауғандық елден кетіп қал­ған. Оған үлгермегендері елде дүрбелең бас­талғалы қай елге болса да кетіп қалуға ты­­­рысып жатыр.
Қалай дегенде де Ауғанстан билігіне тә­ліптер қайта келді. Бірақ оларға қар­сы шығып, өз аймақтарын қорғап жат­қан лидерлер бар. Ахмад Масуд, Абдул Ра­шид Дустум секілді тұлғалардың ізіне ерген ха­лықтың елдегі талибан режиміне қарсы еке­ні белгілі. Демек, ауған елінде азаматтық со­ғыстың жуық арада тоқтамауы да мүмкін.

Қазір тәліптер билігіне көшкен Ау­ған­стан мемлекетінің болашағы ту­ралы әлемнің барлық елінде қызу дис­кус­сия жүріп жатыр. Біреулері Ауғанстан діни авторитаризмнің құрсауында дамымай кері ке­теді десе, тағы біреулер елде жемқорлық жойылып, наркоөндіріс тоқтатылады, сөй­тіп ауған елі дамудың өз жолын табады деп болжам жасап жатыр. Не болса да, уақыты кел­генде бәрі белгілі болар. Ал қазір әлемдік қауы­мдастық елдегі бейберекеттіктің тоқ­тауына мүдделі.

Дос КӨШІМ,
саясаттанушы:

Dos KOSHiMАУҒАН ЕЛІН КҮШТЕП ӨЗГЕРТЕМІН ДЕУ – ҚАТЕ

– Талибан қозғалысы қысқа уақыттың ішін­де қалай жеңіске жетті? Бұл соншалық күрделі, бас қатыратын мәселе емес, өйткені оны ауған халқының басым көпшілігі қол­дамаса, олар жеңіске жетпес еді, саны сон­ша­лық көп те емес тәліптер ауған билігін тұ­ғырдан тайдыра алмас еді деп ойлаймын. 1996 жылы Ауғанстанда пуштундар ара­сын­да пайда болған бұл қозғалыс («Талибан») өкіл­дері Молла Омардың бастауымен ауған үкіметін құлатып, билік басына келді. 2001 жылы АҚШ әскері Ауғанстанға кірген соң олар жеңіліп биліктен кетуге мәжбүр болды.
Қай кезде болса да ауған халқы сырт­т­ан келгендерді ұнатпаған. 1979-1989 жылдары Кеңес үкіметінің әскерлері Ауғанстанда тұрған кезде де ауған үкіметіне оп­позицияда болғандар (душмандар) сырт­тан енгізілген әскерлерге қарсы шығып со­ғысты. Тең емес күште олар, әрине, көп шы­ғынға ұшырады, бірақ қарсыласуын тоқ­татқан емес. Сондай жағдай елде аме­ри­ка­лық әскерлер тұрған жиырма жылда да бол­ды. Ауған халқының басым бөлігі өзінің ұлт-азаттық күресін ешқашан тоқтатқан емес.
Әрине, Ауғанстанда Кеңес үкіметі де, АҚШ-та халыққа білім беруде, түрлі ғи­мараттар салып азды-көпті өндіріс орын­дарын ашуда көмек көрсетті, бірақ бәрібір жер­гілікті елдің санасында сырттан кел­ген­дер басқыншы ретінде қалыптасты.
Талибан қозғалысын біз содырлар деп санағанымызбен ауған елінің ішін­дегі халық олай деп қарамайды, себебі тә­ліп­тер – сол елдің ішінен шыққандар. Де­мек, бұл орайда «содырлар» деген түсі­нік­ті жалаулату дұрыс емес. Өйткені тали­бан­дар өзге елге барып соғыс ашқан жоқ қой!
Әрине, мен талибандарды қолдап отыр­ған жоқпын, олар туралы бұ­рын да, қазір де «қанішерлер», «халықты жауыз­дықпен қырушылар» деген сөздер ай­тылады. Мен Ауған халқының таңдауын қол­даймын. Егер не ауыр қару-жарағы, не ұшақ­тары мен электронды қарулары жоқ тә­ліптер екі аптада өздерінің биліктерін ор­натса, сырт елдер ойлануы керек. Тіпті ел­ден одақтастардың армиясы кеткен соң «Ау­ғанстан терроризмнің жаңа базасы бо­лады» деп те жатыр, бірақ бұл Батыс Еу­ро­па­ның және Американың идеологиясының сөзі деп ойлаймын. Сондықтан ондай сөз­дерге сене беруге болмайды.
Қазір елден кетіп жатқандар көп, олар – елде әскері жиырма жыл тұр­­ған АҚШ әскерін, басқыншылардың сая­­­­­­сатын қолдағандар. Олардың Ауғанс­тан­ды тастап кетуі қалыпты жағдай. Қаш­қан­дар­дың Орталық Азиядағы Ауғанстанмен ше­каралас елдерге келуі мүмкін, бірақ көп ке­леді деп ойламаймын. Қазақстан болса, Ауған­станмен шекаралас ел емес, сол үшін олар­дың бізге ешқандай ықпалы, қор­қы­ны­шы болуы мүмкін емес. Басқалардың сөзіне еріп, өзімізге жау тауып алудың қажеті жоқ. Кеңес өкіметі жүргізген ауған соғысында екі жарым миллион ауғандық қаза болды, олардың басым көпшілігі – бейбіт адамдар, бала-шаға мен кемпір-шалдар…
Қазір Ресейдің, Қазақстанның ел­ші­лік­тері Ауғанстаннан кеткен жоқ, олар­ды тәліптер қорғап тұр деп жатыр. Де­­мек, тәліптер ауған мемлекетінің сақ­талуы­на мүдделі. Олар барлық елшіліктен ел­ден кетпеуін, қызметін жалғастыра беруін сұ­рап жатыр. Сондықтан мұндай аласа­пы­ран кезде болуы мүмкін түрлі әрекеттерден зиян шекпес үшін шетелдіктерді қорғауы заңды.
Бір қызығы, Талибан қозғалысы – Ре­сей мен Қазақстанда қызметіне тыйым салынған ұйым. Бірақ оларды Ресей мен Қазақстанның содыр деуі, тыйым са­лын­ған ұйым ретінде тануы қаншалықты дұрыс? Олар Ресеймен не бізбен соғысқан жоқ қой! АҚШ пен Батыс Еуропа тәліптерді өркениет пен демократияның жауы ретінде ба­ғалап, олардың ауған билігінде болғанын қа­ламағандықтан «содыр», «лаңкес» деп та­ниды. Бірақ елді шариғат заңына сүйеніп бас­қарамыз деу − тәліптердің қалауы. Бы­лайша айтқанда, тәліптер билігіне көшкен ел­дің ішкі ісі. Ертең тәліптер мемлекет ба­сы­на келіп, ресми түрде басқа елдермен қа­­рым-қатынасқа түскенде, президенті Қа­­­зақстанға келгенде, біз қандай жағдайда бо­ламыз? Оны да ойлауымыз керек.
Иә, елді шариғат заңымен басқарамыз деп жатыр, алға қойған идеоло­гия­сы да осы. Шынын айту керек, жемқорлық пен нашақорлық деген нәрсеге ислам елдері қатал қарайды. Тәліптер де Ауғанстанда наркотик заттар өндіруді тоқтатамыз деп жа­тыр. Егер тоқтатса Тәжікстан арқылы әлем­ге таратылып жатқан наркоөнімдер тыйылады, ол бізге де жақсы емес пе? Бірақ әлем­дегі наркотиктің таралуына, сатылуына мүд­делі топтар оған қарсы болады, бұлар­дың бәрі радикал, жауыз деп шулайды. Өйт­кені олар өздеріне келіп отырған нар­ко­тик өнімдерден айырылайын деп отыр.
Әрине, мынадай экономикасы қирап, бү­лініп жатқан елді ел қылу тә­ліп­терге оңай соқпасы анық, бірақ оған көмек­те­­сетін, инвестиция салатын елдер бәрібір та­былады. Олардың қатарында ислам ел­дері болатыны анық. Сондай-ақ Қытай сияқ­­­ты пайда табамын деген елдер де ин­вес­тиция құюы мүмкін. Демек, сырттан кел­ген қаражатты дұрыс пайдаланса, жем­қор­лықты жойса болашақта ауған елінің да­митыны анық.
Әр елдің даму жолы, болашақты таң­дауы әртүрлі. Сондықтан Батыс Еу­ропа елдерінің, АҚШ-тың Ауғанстанды күш­теп өзгертемін деуі жүзеге аспады. Ке­зін­де Ауған еліне әскер кіргізіп, мылтықтың кү­шімен он жыл тұрған Кеңестер Одағының да саяси мақсаты жүзеге аспай, ешнәрсе өзгерте алмай, масқара болып үдере қашты. Әри­не, олар өздерін қуып шыққандарды жа­мандап, зұлым күш ретінде көрсетуге күш салады. Тағы қайталаймын, Ауған елі­нің ішкі мәселесіне баға бергенде, бас­қын­шылар тарапынан таралып жатқан идео­ло­гиялық «үрей мен қорқыныш» мәселесіне абай­лай қарайық.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
саясаттанушы журналист:

Ashat KASENGALIЖЕМҚОР­ЛЫҚҚА БАТҚАН ЕЛДІ ТӘЛІПТЕР ОҢАЙ ҚҰЛАТТЫ

– Ең алдымен айтатын нәрсе, тә­ліп­тер­дің жеңісі расымен тез әрі көз ілестірмес жыл­­дамдық негізінде өтті. Провинциялар бі­рі­­нен соң бірі құлап жатты. Бұны тіпті «тә­­ліптік блицкриг» десек те болады. Бұл тұр­­ғыдан оларға аса қатты қарсылық та көр­­­сетілмеді. 20 жыл бойы НАТО тарапынан үй­ретіліп, жауынгерлік жаттығуларда ысыл­ған кәсіби сарбаздар қалайша жылдам жеңіл­ді деген сұрақ барлығымыздың кө­кейі­мізде бар. Бақандай 88 млрд долларға ж­а­сақталған әскердің кей тұста тіпті бір оқ ат­пастан беріліп жатқанын да көрдік. Бұл әри­не бір емес, бірнеше факторға бай­ла­ныс­ты. Біріншіден, Ауғанстан – жем­қор­лық­қа батқан ел. Transparency International-дың рейтингінде 180 елдің ішінде Кабул 173 позицияда тұр. Ауғанстанға батыстық коа­ли­ция әскери салаға қаржыны аямай бөл­ген­діктен, бұл салада жемқорлық орасан зор деңгейде болды. Тіпті статистикада 300 мың деп көрсетілген сарбаздың, шын­ды­ғында, үш есе аз болғаны да айтылып қалды. Яғни билік барынша қаржыны қымқырып қалуға, ыңғайы келсе жымқырып қалуға ты­рысқан сәттер болмады емес, болды. Оның барлығы да сарбаздардың сапасына, рухына, әскери дайындығы мен қамтамасыз етілуіне, тіпті санына да әсер етті. Алғашқы себеп осы.
Екіншіден, көптеген провинция бас­шылары қаланы ұрыссыз беруге ше­шім қабылдады. Оны бейбіт халықты сақ­тап қалу үшін деп атағанымен, шын­ды­ғында олар не тәліптерге ақшаға са­тылды, не олардың бопсалауы мен қорқытуынан кейін осындай шешімге барды. Ал кейде тіпті этникалық жағдайға байланысты, пуш­тундар көп тұратын аймақтар тәліп­терге бүйрегі бұрған сәттер болды.
Үшіншіден, ел басшысы солқыл­дақ­тық танытып, нақты бұйрықтар бер­меді. Авиация мен арнайы жасақ тым аз қол­данылды. Соңғы сәтке дейін Қорғаныс ми­нистрлігі бұйрық күтіп отырды, оны тіп­ті ашық айтып, президентті «сатқындық жа­­сады» деп те айыптады. Расымен аста­на­ны ұрыссыз бере салған басшыға олар басқа баға бере алмас еді. Сондықтан Ауғанстанды тәліптердің жылдам басып алуын бір се­беп­пен сипаттау мүмкін емес. Жемқорлық, сая­си жігердің жоқтығы, этникалық мә­се­лелер, сатқындық және басқа да себептер бар. Бұл біз білетін тұсы ғана, ал білмейтін тұсы, көлеңкелі жағы жетерлік.
Дегенмен қазір Ауғанстан толық тәліп­­­тердің қолында емес. Әлі де лаңкестердің туы тігілмеген елді мекендер бар. Соның бірі – тұтастай Панджшер ай­ма­ғы. Бұл әйгілі Ахмад Шах Масудтың өл­кесі, хал­­қының құрамы 90 пайыздан астам тә­жіктерден құралған аймақта «Талибан» туы ті­гілген емес. Тіпті 1996-2001 жылдары Ауған­с­танда билік құрған тәліптер бұл аймақты ала алмаған. Қазір әкесінің жолын ұлы Ахмад Масуд жалғастырып жатыр. Ол тәліптермен соғысуға дайын екенін білдіріп, мәлімдеме де жасады. Оған көмекке генерал Дустумның жасақтары мен үкімет әскерінің аз бөлігі барып қосылды. Бұл – тәліптерге қар­сы бір күш.
Екінші күш қазір Бағлан аймағында тәліптерге қарсылық көрсетіп жа­тыр. Олар қолбасшы Дадгардың қоластында қимылдап, үш ауданды лаңкестерден азат етті. Бағлан аймағы Панджшермен шектесіп жатыр, сондықтан болашақта екі топтың өзара қосылу мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар вице-президент Салех қазір Конституцияға сай өзін прези­дент деп жариялап, тәліптерге қарсы күре­сін жалғастырып жатыр. Оны сырттағы ауған елшілері елдің легитимді басшысы са­найды. Қазіргі бұл күштер тәліптерге қарулы қақтығыстың бір деңгейін ғана көрсетті. Олардың үлкен күшке айналу мүм­кіндігі бар, бірақ көп емес. Себебі қар­сыласу күштері елдің қақ ортасында ор­на­ласқан, жан-жақтан көмек келуі екіталай. Ал сыртқы күштер көмек көрсетпейтінін анық айтты. Сондықтан тәліптер бұл күш­терді толық жоя алмасына көз жеткізсе, екі тарапқа да тиімді ұсыныс жасауы мүмкін. Мысалы, ол ұсыныс үкімет құрамында қар­сы­ласу күштерінің де адамдарын енгізу болмақ.
Тәліптер қазір 20 жыл бойы Батыстық коалиция жасаған жұмысты жоққа шығаруды бастады. Атап айтқанда, адам құқығына қатысты өзгерістерді құрдымға жі­беріп жатыр. Бұл әсіресе әйел мен қыздарға қа­­тысты тыйымдардың көбеюі­мен көрініс тауып отыр. Сонымен бірге олар елде де­мократия болмайтынын, сайлау өткі­зіл­мейтінін ашық мәлімдеді. Енді тәліптер жаңа Конституция жазып, діни шарттарды сонда толық бекітіп тастамақ. Салық, білім алу, кәсіпкерлік жасау және басқа шарт­тар­дың барлығы дерлік өзгереді.
Ал талибанның Орталық Азияға ті­ке­лей ықпалы болуы екіталай, алай­да идеоло­гия­лық ықпалы мол болмақ. Бұл діни ради­ка­лизмді аймаққа экспорттаумен кө­рініс табуы мүмкін. Сонымен қатар олар­дың жеңіс­ке жетуі іштегі радикалдық көз­қа­рас­тағы жандарды да желпіндіріп отыр. Бұл ҰҚК-ға үлкен жұмыс табылды деген сөз…

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Back to top button