Ата Заң – азаттығымыздың айшықты айғағы
Ата Заң – азаттығымыздың айшықты айғағы
Қазақстанның Конституциясы − оның мемлекет ретіндегі басты құжаты. Қазақстан Республикасының Конституциясы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен басталған. Сондықтан да еліміздегі барлық қоғамдық-саяси үдерістер Конституциямызға сүйене отырып жүргізіледі. Жалпы, конституция дегенде бұл нәрсенің әлемнің түгелге жуық елдерінде бар екенін білеміз, алайда бұл жайдан-жай жасалып, қабылдана салмайды. Өйткені конституция – кез келген мемлекеттің тарихи бастауы, тәуелсіз, дербес мемлекет екенінің дәлелі. Сол үшін де оның тарихи мәні бар.
Осыдан алты жыл бұрын Ата заңымыздың 20 жылдығына орай жасаған баяндамасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Конституциясының маңызы туралы: «Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры.
Бүгін біз 1995 жылдың басында Қазақстанның тәуелсіздігі шыңырау шетіне тіреліп тұрды дегенді объективті түрде айта аламыз. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мемлекет бола ма немесе болмай ма деген мәселе төтесінен қойылды.
Ол сәтте Қазақстан шарасыз кедей және өз іс-қимылдары мен мүмкіндіктерінде шарасыз шектеулі болды. Бізде өзін-өзі басқарудың білімі де, тәжірибесі де болған жоқ және қазіргі заманғы мемлекет қалай қызмет істейді дегенді де көз алдымызға көмескі елестеттік. Біз егер өзіміз тез және батыл әрекет етпесек, онда бізде жаңа және тәуелсіз мемлекеттің орнына анархия болатынын білдік. Біз оны өзге елдер тәжірибесінен байқадық.