Ата Заң – азаттығымыздың айшықты айғағы

Ата Заң – азаттығымыздың айшықты айғағы

Ата Заң – азаттығымыздың айшықты айғағы
ашық дереккөзі

Қазақстанның Конституциясы − оның мемлекет ретіндегі басты құжаты. Қазақстан Республикасының Конституциясы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен басталған. Сондықтан да еліміздегі барлық қоғамдық-саяси үдерістер Конституциямызға сүйене отырып жүргізіледі. Жалпы, конституция дегенде бұл нәрсенің әлемнің түгелге жуық елдерінде бар екенін білеміз, алайда бұл жайдан-жай жасалып, қабылдана салмайды. Өйткені конституция – кез келген мемлекеттің тарихи бастауы, тәуелсіз, дербес мемлекет екенінің дәлелі. Сол үшін де оның тарихи мәні бар.  

Осыдан алты жыл бұрын Ата заңы­мыз­дың 20 жылдығына орай жа­саған баяндамасында Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Конституциясының маңы­зы туралы: «Конституция – біздің бар­ша табыстарымыздың бастауы. Елді­гіміз­дің киелі кітабына айналған қастерлі құ­жат – тұрақтылық пен татулықтың тұ­ғыры. Бүгін біз 1995 жылдың басында Қа­зақ­станның тәуелсіздігі шыңырау ше­тіне тіреліп тұрды дегенді объективті түр­де айта аламыз. Кеңес Одағы ыдыра­ған­нан кейін мемлекет бола ма немесе бол­май ма деген мәселе төтесінен қойылды. Ол сәтте Қазақстан шарасыз кедей жә­не өз іс-қимылдары мен мүмкін­дік­терінде шарасыз шектеулі болды. Бізде өзін-өзі басқарудың білімі де, тәжірибесі де болған жоқ және қазіргі заманғы мем­лекет қалай қызмет істейді дегенді де көз ал­дымызға көмескі елестеттік. Біз егер өзі­міз тез және батыл әрекет етпесек, онда біз­де жаңа және тәуелсіз мемлекеттің ор­ны­на анархия болатынын білдік. Біз оны өзге елдер тәжірибесінен байқадық.  width= Бұрынғы одақтың тарауынан туын­да­ған экономикалық коллапс тек ре­формаларға ғана емес, сонымен бірге іс жү­зінде өліп бара жатқан экономиканы ұстап тұруға да қандай да бір қаржының бол­мауымен тереңдей түсті. Жұмыссыздық, ең­бекақы мен зейнетақының болмауы мил­лиондаған адамды тек әйтеуір күн көру үшін күрес шегіне апарып қойды. Сол кездегі «демократияландыру» мен «жария­лы­лықты» қате түсіну инерциясы түрлі этностарға жататын қазақстандықтар ара­сындағы сенімге қылау түсірді. Менің күрделі ахуалдан шығу жө­нін­дегі пайымдарым мен ұсыныс­та­рыма сол кездегі Парламент атымен тү­­­­­сінбестік танытты. Дау-жанжалдармен жә­­не азаматтық соғыстармен қоса жүрген сце­нарийді ТМД-ның көптеген елдері біз­дің көз алдымызда бастан өткеріп жат­ты. Біз­дің жас және көпэтносты мемлекетіміз-де оған жол беруге болмайтын және ол апат­қа пара-пар еді. Біз көптеген елдерде жаңа мемлекеттілік құрылысының қа­сіретті және қантөгісті болып шыққанын көр­дік. Осы тұрғыда Қазақстанның ең жаңа тарихы көптеген жаңа мемлекеттерге маңызды сабақ бола алады. ...Біз, Конституция ережелерін бас­шы­лыққа ала отырып, ұлы жолды жүріп өттік. Қа­­зақстан бүгінде әлемдегі қалыптасқан, құр­метті және абыройлы мемлекет. Бұл – біз­дің негізгі заңымыздың барлық ере­желері мен қағидаттарының өмірде нақты жү­зеге асуы. Тек жақсылыққа қарай өз­гер­туге қабілетті мемлекеттік және қо­ғам­дық құрылыс қана тиімді болады. Біздің негізгі заңымызда табысты даму үшін де, ұлттың өзді-өзінен жаңаруы үшін де барлық құқықтық құралдар бар», − деген еді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бұл сөздерінен 1995 жылы қабылданған қа­зіргі Конституциямыздың маңызын тү­сінуге болады. Әрине, қазақ мемлекеттігінің бас­тауы тым әріде. Бес жарым ғасыр әріде құрылған алғашқы ұлттық мем­ле­кетіміз төрт ғасырға жуық Қазақ хандығы деген атпен өмір сүріп тұрғанда оның «Қа­сым ханның қасқа жолы», «Есім ханың ескі жолы», «Әз-Тәукенің Жеті жарғысы» секілді ұлттық негізде жасалған Ата заңы бол­ды. Қазақ халқының түрлі дау-шарлары сол заңдар негізінде шешімін тауып, ха­лықты заң органы − билер сотының әділ­дік ұстанымдары да «Жеті жарғыны» басшылыққа алатын. 1847 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары қаза тапқан соң бір­жола Ресей патшалығының қоластына өтіп, бодан елге айналған қазақ жері өз мә­селесін өзі шешуден қалды. Алайда ара­дан тура жетпіс жыл өткенде патшалық Ре­сейде Ақпан төңкерісі нәтижесінде Уақытша үкімет билік басына келді. Алайда 1917 жылы 25 қазанда Уақытша үкімет Қа­зан төңкерісі нәтижесінде құлап, би­лікке В.Ленин бастаған большевиктер пар­тиясы келді. 1920 жылы қазақ жерінде Қыр­ғыз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы құрылды. Бұл мемлекеттік дәрежеде ұлттың атын бұрмалау болатын. Бірақ арадан бес жыл өткенде − 1925 жыл­дың 15 маусымында бұл мемлекет ұл­ты­мыздың патриот қайраткерлерінің талап етуімен Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы (Қазақ АКСР, Қа­зақ­стан) аталып, сол атаумен 1936 жылдың 5 желтоқсанына дейін өмір сүрді және сол кезден бастап Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атанып, КСРО құрамындағы одақтас республикалардың біріне айналды. Міне, ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ елі мемлекеттілігін қалпына келтіріп, өз Конституциясын қабылдады.
Алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда (КСРО құрылғаннан кейін 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ес­керіле отырып) ҚазАКСР Орталық Ат­қару Комитетінің қауылысымен түпкілікті ре­дакцияда қабылданды. Бұл кезде Қа­зақ­стан РСФСР-дың құрамында еді. Бұл негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құры­лыс­ты, саяси режимді, мемлекеттік билік ор­гандарының құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекітті. Сайлау құ­қығының, бюджеттік құқықтың негізгі бас­таулары белгіленді. Осы Конституцияға сәй­кес Қазақстан РСФСР құрамындағы то­лық құқықты республика деп та­нылды.
Екінші Қазақстан Конституциясы 1937 жылдың 26 наурызында Кеңес­тер­дің Бүкілқазақстандық Төтенше Х съе­­зінде қабылданған Қазақ КСР Конс­ти­ту­циясы 11 бөлім мен 125 баптан тұрды. Ол жерде «КСРО Конституциясының 14-ба­бынан тыс Қазақ КСР өзінің егемендік құ­қықтарын толық сақтай отырып, мем­лекеттік билікті өздігінен жүзеге асырады» делінген. Бұл Конституцияда Қазақстан экономикалық, саяси қорғаныс салалары бойынша өзара ықпалдастықты іске асыру мақсатында басқа да тең құқылы респуб­ли­калармен еркін түрде одақтасуға құқы­лы екені көрсетіліп, Қазақ КСР келісімінсіз оның территориясын өзгертуге тыйым са­лынған. Сондай-ақ жоғарғы республи­ка­лық және мемлекеттік биліктің жергілікті органдары қалыптастыратын, заңнаманы жүзеге асыру, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және де азаматтар құқығын, салық салу т.б. мәселелерді қорғау бойынша рес­публика саясатын жүргізу құқықтары бе­кі­тілген. Сонымен бірге сот пен про­кура­тура жүйесі қамтылып, халық соттары ау­дан азаматтарының тарапынан құпия сайлау жолымен жалпы, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде сайланып, сот ісін жүргізу қазақ тілінде, ал басқа ұлт өкілдері шо­ғырланған аудандарда олардың ана тіл­дерінде жүргізілуі тиіс делінген. Қазақ КСР азаматтарының негізгі құқықтары мен міндеттері: еңбек етуге құқылығы, дема­лыс­қа құқылығы, қартаю, ауру болу және еңбекке қабілетсіз болып қалу жағдай­ларын­да материалды қамтамасыз етілуге құқы­лығы, денсаулық сақтау, сөз, баспасөз, жиын, митинг, көше шерулері мен де­монстрацияларға еркіндік берілу кепілдігі, тұл­ғаға, тұрғын-жайға, азаматтардың хат жа­зысу арқылы жеке хат алысуға дербес құ­қықтары, шетел азаматтарына саяси бас­пана беру құқығы осы Конституцияда бе­кітілген. Ал үшінші Конституция 1978 жылы ІХ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ке­зектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР Конс­ти­туциясы кіріспеден, 10 бөлім, 19 тарау және 173 баптан тұрады. Конституцияға сәй­кес, бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы тап­тары­на жататын халықтың қолында бол­ды. Бұл кеңестік кезеңдегі біздің мем­ле­кетіміз аумағында қабылданған соңғы Конс­титуция болды және еліміз егемендік алып, тәуелсіз елдің алғашқы Конс­ти­ту­циясы қабылданғанша әрекет етті.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конс­титуциясы 1993 жылы 28 қаң­тарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 бап­тан тұрады. Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көп­те­ген құқықтық нормаларды: халықтық еге­мендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бө­лісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдарын − Жоғарғы, Конс­ти­туциялық және Жоғары Арбитраждық сот­тар және басқаларды қамтыды. Айта кету керек. Тәуелсіз Қазақстанның бұл ал­ғашқы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынған еді. Алайда жаңа құрылған жас мемлекеттің қалып­та­сып, дамуына билігі бір қолға шоғырланған күшті президенттік мемлекет қажет еді және уақыт өте келе оның қажеттігі бай­қала бастады. Сондықтан Қазақстанды пре­зиденттік мемлекетке айналдыру үшін елі­мізде Конституцияға өзгерістер енгізу күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айнала бас­тады. Солайша, тәуелсіз Қазақстанның ал­ғашқы Конституциясын өзгертіп, Қа­зақстанның саяси-экономикалық дамуына то­лық кепіл болатын жаңа Конституция қа­былдау қажеттігі туды. Сөйтіп, 1995 жы­лы 30 тамызда республикада бүкіл­ха­лықтық референдум өткізіліп, соның нә­тижесінде Қазақстанның жаңа Конс­ти­туциясы қабылданды. Жаңа Конститу­ция­ның қабылдануы үшін дауыс беру шарасы елі­міздің барлық қалалары мен ауыл­дарын­дағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді.
Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конс­титуциядан елеулі айырма­шы­лығы болды. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажыра­мас құқықтарына да қатысты нор­малар енді. Конституция бойынша Қа­зақ­стан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып, билік тар­мақ­тарынан жоғары тұрады. Бұл − пре­зиденттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Сондай-ақ Конституциядағы Парламент туралы бөлім біраз өзгерді. Құрылымы туралы айтар болсақ Қа­зақстан Республикасының Консти­туциясы (1998 жылғы өзгерістерді қоса алғанда) Жалпы ережелер, Адам және аза­мат, Президент, Парламент, Үкімет, Конс­титуциялық кеңес, Соттар және сот тө­релігі, Жергілікті мемлекеттік басқару жә­не өзін-өзі басқару, Қорытынды және өт­пелі ережелер деген 9 тараудан, 98 бап­тан тұрады. Еліміздің толыққанды Ата заңы қа­был­данғанына биыл жиырма жеті жыл толады. Бұл жылдар мемлекеті­міз­дің өткен жолын таразылап, ой елегінен өткізуге толық мүмкіндік беретін үлкен бір ке­зең деуге болады. Бұл аралықта Ата заңымыз Парламенттің рөлін көтеруді, оның Үкіметке ықпал жасау және бақылау жасау тетіктерін жетілдіруді қамтамасыз етіп, еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқару ор­гандарының дамуына да жағдай туғыз­ды. Сайлау жүйесін реформалау, саяси пар­­­­тиялардың рөлін арттыруға бағыттал­ған маңызды қадамдар жасалды. Соның нәтижесінде бүгінгі Қазақстан президент­тік-парламенттік республикаға айналды деуге болады. Демек, Конституцияның рөлі уақыт өткен сайын мемлекеттегі саяси-эко­номикалық үдерістерде, қоғам өмірінде ай­қындала түсіп, оны Қазақстан азамат­тары күн сайын сезіне түсуде дей аламыз. Бірін­ші бабында «Қазақстан Респуб­ли­касы өзін демократиялық, зайыр­лы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қа­зынасы – адам және адамның өмірі, құ­қық­тары мен бостандықтары» деп жазыл­ған Қазақстан Конституциясы басты қа­ғи­далары барлық халықаралық стан­дарт­тарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті да­мы­тудың осы кезеңдердегі ең жетілдірілген үрдіс­терімен үйлесім тауып, мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту және экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналды. Ең бастысы, Конституциямыз азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, оларды өздерінің мемлекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезіндіріп жатыр. (ҚР Конституциясының 11-бабының екінші бөлімі. «Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді». Мәселен, Қазақстан Сириядағы содырлар қатарында болған адамдардың отбасыларын «Жусан» арнайы операциясы арқылы елмен қауыштырды. Соның арқа­сын­да қаншама ана мен бала ажалдан құт­­­­қарылып, туған жеріне оралды. Сондай-ақ Ата заңымыз бүкіл қыл­мыстық-құқықтық саясатты із­гілен­діру үрдісін жүргізуге де мол мүм­кін­дік береді. Соның арқасында кейбір аса қауіп­ті сирек жағдайда болмаса, адам­дар­дың жасаған қылмысы үшін өлім жазасы да алынып тасталды (ҚР Конституциясы,15-бап. 2-бөлім. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар). Елбасының белгілі журналист, эс­сейст-жазушы Сауытбек Әбдірах­ма­новқа берген сыр-сұхбаттары топтамасы түрінде жарық көрген «Өмір өткелдері» атты кітабында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Конституциясы туралы кеңінен тоқ­талған. Мәселен, сыр-сұхбат кітабының келесі тарауын жоспарлауға Елбасының қабылдауында болғанда оған Конституция күнінде жасаған баяндамасында «Консти­туцияның қазақша Ата заң деген бейнелі баламасы бар. Меніңше, бұл өте дұрыс теңеу. Біздің барлық заңдарымыздың атасы – Конституция. Азаттығымыздың ай­шықты айғағы болған Ата заң – тәуелсіз­діктің теңдессіз тартуы!», – деген сөзін еске салып, Конституцияның мемлекет өмірін­дегі рөлі жайында айтып беруін сұрайды. Сонда Елбасы: «Негізінде, Конституция сөзі­нің өз мағынасы өте қарапайым. Мы­салы, дәрігерлер адамның дене тұрқының ерек­шелігіне байланысты «оның конс­титуциясы сондай» деп те айта береді. Қа­зақ «сүйегі сондай» деп сөйлейді ғой. Сон­дықтан қазақылау етіп қайыратын бол­сақ, ел Конституциясын қалыптастыру сол елдің сүйегін қалыптастыру сияқты жауап­ты іс деудің де жөні бар. Осы тұрғы­дан қарағанда, қай мемлекет үшін де Конс­ти­туция ұғымы қасиетті саналады. Аме­ри­калықтарды алайық. Былай қарасаң, сол ұлт үшін қастер тұтарлықтай ештеңе жоқ сияқ­ты. Онда Конгресс те, ел Президенті де, кез келген лауазымды тұлға да, тіпті заң­дар да аяусыз сынға алына береді. Ал Конституцияның алдында америка­лық­тардың бәрі тақ тұрады. Басқаға күмән келтірсе де, Конституцияға күмән келтір­мейді. Әр сөзі тұрмақ, әр әрпін қадірлейді. Өйткені Конституция – негізгі заң. Ата заң. Тәуелсіздік сарайындағы қабылдау ке­зінде Конституцияны қоғамдық келісімшарт деп атаған едім. Ол не деген сөз? Ол билік те, азаматтар да қоғамдық ке­лі­сімшартқа байланысты өзіне міндет ала­ды деген сөз. Билік біздің елді демок­ра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­мет­тік мемлекет ретінде орнықтыру міндетін өз мойнына артады. Ал халық Консти­ту­ция­­ны сақтау жөнінде өзіне жауап­кер­ші­лік жүктейді. Міндеттерді осылай бөліс­кен­де ғана қоғам мен мемлекеттің көңіл­де­гідей дамуына берік негіз қаланады. Осы­лай еткенде ғана ел халқының келе­шекке сеніммен қарауына мүмкіндік туады», − деген екен. Демек, ұлт Көшбас­шы­сының бұл сөзі Ата заң Конституция­мыздың біз үшін қандай құндылық екенін ұқтырса керек.

                                              Ата заңға қатысты қызық мәліметтер

1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау өте ауқымды болды. Оған еліміздің 3 миллионнан аса тұрғыны қатысты.

Қазақстан Конституциясындағы мемлекеттік билік құрылымының көрсетілуі АҚШ, кей тұста Франция заңына ұқсас.

Қазақстан Республикасының Конституциясының қазақша мәтінінде көп кездесетін сөз − «республика» сөзі. Түрлі жалғаулар жалғану арқылы берілген «республика» сөзі Ата заңда 340 жерде кездеседі. Ал «заң» сөзі 260 рет, «Қазақстан» 128 рет, «және» сөзі 232 рет қолданылған.

Қазақстан Республикасы Конституциясының IV − «Парламент» бөлімінің 61-бабы ең көлемді бап саналады. Ол бап 515 сөзден құралған.

Қазақстан Республикасының Конституциясында «адамзат» сөзі қолданылмаған. Ал «тарих», «борыш» сөздері бір реттен, «қасиет» сөзі 5 рет кездеседі.

Қазақстан Республикасының Конституциясының ең соңғы − 98-бабы судьяларға арналған.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1995 жылғы соңғы қабылданғанына − 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 жылдары бес рет өзгеріс енгізілген. 2017 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформа туралы жариялады. Соған байланысты Елбасы өз өкілеттігінің біраз бөлігін Үкімет пен Парламентке өткізетін болды. Қазақстан Республикасы Конституциясының түпнұсқасы Президент архивінде сақтаулы.

Ахмет ӨМІРЗАҚ