Жаңалықтар

«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» VI халықаралық байқауының жеңімпаздары марапатталды

ашық дереккөзі

«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» VI халықаралық байқауының жеңімпаздары марапатталды

ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» VI халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. ҚР СІМ және Қазақстан бас редакторлар клубының ұйымдастырған байқау осымен алтыншы рет өткізіліп отыр. Байқау аясында қазылар алқасы әлемнің 40-қа жуық елінің 60 журналисінің жұмысын қарастырды. Материалдар Қазақстанға қатысты экономика, саясат, халықаралық қатынастар, тарих, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, спорт, ядролық қарусыздану, жаңартылмалы энергия көздері сияқты кең ауқымды тақырыптарға, сондай-ақ қазақ халқының көрнекті тұлғалары – Абай Құнанбайұлы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасына арналды. Байқауға қатысушылардың материалдары шетелдік газеттерде, журналдарда, интернет-басылымдарда және танымал интернет платформаларында жарияланды. Қазылар алқасының шешімімен 6 шетелдік журналист жеңімпаз болып танылды. Олар – «Республика», «Литвалық курьер» апталық басылымдардың және «Эхо Литва» газетінің бас редакторы Н.Жуков (Литва), «Finančné Noviny» басылымының бас редакторы В.Бачишин (Словакия), Пәкістанның жаһандық және стратегиялық зерттеулер орталығының аймақтық сарапшысы доктор М.ул-Хасан Хан (Пәкістан), Канаданың эмиграция және мультикультурализм мәселелері жөніндегі бұрынғы министрі Т.Рупрехт (Канада), «BCI Медиа» компаниясының коммерциялық продюсері И.Черней-Келнер (Канада), және «MNB» телеарнасының тілшісі Ц.Бат-Эрдэнэ (Монғолия). Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев, Қазақстан бас редакторлары клубының президенті Бибігүл Жексенбай, Нұр-Сұлтан қаласында аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың және жетекші қазақстандық БАҚ өкілдері қатысты.