Банк картаңыз бұғатталған жағдайда не істеу керек?

Соңғы жылдары елімізде қолма-қол ақшасыз төлем жасайтындар саны артып келеді. Ұлттық Банктің деректері бойынша, халықтың қолма-қол ақшасыз төлемі мен ақша аударымының көлемі соңғы 5 жылда 22 есеге өсіп, 2020 жылы 35,3 трлн теңгеге жеткен. Банк картасының қолданыс аясы кеңіген сайын қауіпсіздік мәселесі де өзекті бола түспек.

Қандай жағдайларда банк картаны бұғаттайды?

Егер бірнеше рет қате ПИН-код енгізілсе. Кейбір банктерде банкоматта ПИН-кодты қате 3 рет, кейбірінде 5 рет енгізуге жол беріледі, бұдан кейін карта автоматты түрде бұғатталады. Банктер әдетте клиенттерге бұл туралы хабарлайды және қосымша ақпарат алу үшін байланыс орталығына хабарласуды ұсынады.

Бұған қоса, егер банк үшін транзакция  күмәнді болып көрінсе  картаны бұғаттауы мүмкін. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсуімен қаржылық алаяқтықтардың да саны артып келеді. Сондықтан банктер карточкамен жасалатын алаяқтық операциялардың алдын алу үшін кейбір шектеулер енгізеді. Яғни, карточка мен банктік шот бұғатталады. Осыдан кейін банк клиентпен картаны шығару туралы шартта көрсетілген электрондық пошта немесе телефон нөмірі арқылы байланысқа шығады.

Алаяқтардан қалай сақтану керек?

Банктен карта бұғатталғаны және оны ашу үшін шұғыл түрде сілтеме бойынша өту керек деген хабарлама келуі мүмкін. Немесе банк қызметкері болып қоңырау шалуы мүмкін, ол алаяқтық шабуылдарға байланысты картаның бұғатталғаны туралы хабарлап және психологиялық қысым көрсете отырып, картаның артқы жағындағы үш таңбалы кодты, сондай-ақ SMS арқылы келіп түскен кодты хабарлауға шақырады. Бұл алаяқтардың ісі. Асығыс әрекеттер жасамау үшін өз банкіңіздің сенім телефонына қоңырау шалыңыз және карта мен шотты тексеріңіз.

Жалақы картасы және жәрдемақы мен әлеуметтік төлем картасы бұғаттала ма?

Жалақы алатын карточка әдеттегі төлем карточкасымен бірдей. Осыған байланысты жалақы төлем карточкасын «бұғаттау» оны шығару туралы шартта белгіленген төлем карточкасын бұғаттау талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.

Алайда, мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған арнайы шотқа ешкім тыйым сала алмайтынын білу керек. Арнайы шотты, мысалы, мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы және өзге де төлемдерді алушылар, алимент алушылар немесе білім беру жинақтау салымдарының иелері аша алады.

Back to top button