Түркиядағы өртті сөндіруге аттанған қазақстандық құтқарушылар оралды

Түркиядағы өртті сөндіруге аттанған қазақстандық құтқарушылар оралды

Түркиядағы өртті сөндіруге аттанған қазақстандық құтқарушылар оралды
ашық дереккөзі

Түркиядағы жойқын өртті ауыздықтауға аттанған қазақстандық құтқарушылар елге аман-есен оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі апта бұрын Түркиядағы өртті сөндірісуге аттанған құтқарушылар экипажы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың чартерлік рейстер тоқтайтын алаңына келіп қонды.
Экипажды ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи қарсы алып, миссияның сәт орындалуымен құттықтады. «Өздеріңіз білесіздер, биылғы жаз Түркияда өте ыстық болды. Орталық Азияның көп елінде, соның ішінде Қазақстанда да солай болып тұр. Ол жақта жойқын өрттер тіркелді. Оны ауыздықтау үшін Түркия тарабы қосымша күштер тартты. Түркия басшылығы Қазақстанға жүгінгендіктен Мемлекет басшысы көмек көрсету үшін жедел топ жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. Көптеген елдерден айырмашылығымыз – біз бұл көмекке гуманитарлық сипат беріп, тегін көрсеттік. Яғни біздің топтың бүкіл шығыны Қазақстанның өз есебінен төленді», - деді Юрий Ильин БАҚ өкілдерін берген сұхбатында.
Түркия Елшісі қазақстандық экипажға бүкіл отандастары атынан алғыс айтты.
«Биыл құрғақшылықтың кесірінен ірі өрт болды. Шілденің ортасында 200-ден астам өрт ошағы тіркелді. Өкінішке қарай, соңғы өрт ошақтарында 180 мың футбол алаңына тең аумақ отқа оранды. Әрине, Түркия осы өрттердің көбін бауырлас және дос пейілді елдердің көмегінің арқасында өшіре алды. Достық пен туыстық осындай қиын сәттерде сыналады. Қазақстанның осы кезеңде бауырлас ел ретінде көрсеткен көмегі Түркия үшін өте маңызды. Түркияның Қазақстандағы Елшісі ретінде өз атымнан, Түркия халқының атынан Қазақстандық экипажға, ондағы қызметкерлердің отбасыларына атқарған жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді. Өзара көмек екі ел арасында келешекте де жалғасады. Түркияда да Қазақстанға әрдайым көмек қолын созуға дайын», - деді Түркияның Қазақстандағы  Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи.