25 тамыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

25 тамыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

25 тамыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1994 жылы 25 тамызда Алматыда «Неміс үйі» ашылды. 2009 жылы Астанадағы Успен кафедралды соборының басына күмбез орнатылды. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі әрі соңғы жиырма жылда салынған бірден-бір собор. Оған 4 мың адам сыяды, ауданы 900 шаршы метр, күмбезінің ең биік жоғары жерден 68 метр биікте. 2010 жылы Кеден одағының комиссиясы КО сертификаттау органдары және сынақ зертханаларының бірыңғай тізілімін бекітті. 2010 жылы Павлодардағы Христо-Рождественск храмының фундаментін жөндеп жатқан жұмысшылар күміс және мельхиордан жасалған 50 асхана бұйымын тауып алды. Пышақтардың сабындағы латын жазуына қарағанда, оларды өткен ғасырдың басында шетелдік шеберлер жасаған болуы мүмкін. 2011 жылы Ральф Дюймовицтің басшылығымен халықаралық команда құрамында белгілі қазақстандық альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцов Джомолунгмадан кейінгі екінші шың (8611 метр) – әлемдегі ең күрделі тау шыңдарының бірі Чогориді (К2) еңсерді. 2011 жылы Алматыда СССР және ҚазССР халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова тұрған үйге әншіге арналған ескерткіш тақта орнатылды. 2016 жылы Қазақстанның Ұлттық музейінде «Ұлы Дала тарихы» көрмесі ашылды. Оған Мәңгілік Елдің негізін қалап, бұғанасын бекіткен тарихи тұлғалардың, данышпан билеушілер мен батырлардың портреттері қойылды. Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – жастардың отансүйгіштік сезімін ояту, Ұлы Дала тұлғаларының тарихи бейінесін қайта жаңғырту. 2016 жылы Астана қаласы әкімдігі мен тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы «Тіл тұғыры-2016» байқауының нәтижесі бойынша, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі қазақ тіліндегі, сондай-ақ, басқа елдерде жаңалық тарату мақсатында латын және арабша төте жазу әліпбиінде материалдар жариялағаны үшін «Мемлекеттік тіл қолданысын кеңейтуге үлес қосқан БАҚ» аталымы бойынша үздік деп танылды. 2017 жылы «Еуразия аптасы» халықаралық экономикалық форумы аясында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Еуразиялық экономикалық комиссиясының марапатына ие болды. Форумға қатысу үшін Астанаға әлемнің 42 елінен мемлекеттік билік органдарының, іскерлік топтар мен бизнес қоғамдастықтың өкілдері келді. Жалпы шараға екі мыңнан астам адам жиналды. 2017 жылы Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Венгрияның аса жоғары марапаттарының бірі – «Қызметі үшін» орденімен наградталды. Ол премьер-министрдің ұсынысымен, белгілі түрколог ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің еңбектерін сақтау және ғылыми, мәдени ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды. 2017 жылы Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов Алматы облысындағы татар этномәдени орталығының өкілдерімен кездесуде облыс әкімі Амандық Баталовқа Әріп Тәңірбергеновтің «Біржан сал мен ақын Сараның айтысы» атты қолжазбасының баспа және электронды көшірмесін табыстады. 2017 жылы Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында Каспий жағалауы елдерінің I халықаралық театр фестивалі салтанатты түрде ашылды. Фестивальдің мақсаты – Каспий жағалауы елдерінің театр өнері саласындағы ынтымақтастығын күшейту мен мәдени және рухани байланыстардың одан әрі нығаюына үлес қосу; театр өнерін дамыту және театрлардың шығармашылық бастамаларын ынталандыру; бірлескен шығармашылық жобаларға және кәсіби қарым-қатынасқа жағдай жасау; жұртшылық назарын қазіргі заманғы жаңа театрлық үдеріске аудару. Фестивальға Каспий жағалауында отырған Ресей, Әзербайжан, Иран және Қазақстанның кәсіби драма және музыкалық-драма театрлары қатысты. 2017 жылы WorldSkills қауымдастығының Қазақстан, Армения, Беларусь және Ресейдегі ұлттық операторлары Worldskills Eurasia атты жаңа өңіраралық құрылымын құру туралы декларацияға қол қойды. Жаңа құрылым WorldSkills International-дың алтыншы макроөңірлік бірлестігі болды. Worldskills Eurasia-ның алдына қойған міндеттерін орындауына ЕАЭО, ЕЭК, ШЫҰ және Еуразия даму банкі сияқты үкіметаралық органдар мен ұйымдар көмектеседі. 2017 жылы қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Швейцарияның Цюрих қаласында өткен «Гауһар лига» кезеңінде сәтті өнер көрсетті. Олимпиада чемпионы үш қарғып секіруден 14 м 55 см нәтижемен бірінші орынды иеленді. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көкшетаудың іргесіндегі Бірлік кентіндегі көшеге Қанжығалы Бөгенбай батырдың немересі Бапан бидің есімі берілді. Бапан би 1755 жылы Ерейментауда туып, 1849 жылы дүние салған. Бейіті Қоржынкөлдің жағасында. Бапан би - қазақтың атақты биі, соңында өлмес өнелгелі сөздері мен жақсы істері қалған тарихи тұлға. 2020 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мельхиор қоспасынан номиналы 200 теңгелік және нейзильбер қоспасынан номиналы 100 теңгелік «QAZAQSTAN KONSTITÝSIASYNA 25 JYL» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Монеталарды шығару Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орайластырылған. «Рroof-like» сапалы монеталар МН 25 мельхиор қоспасынан, массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, номиналы 200 теңгелік, таралымы 3000 дана дайындалды. Монеталарда алтын жалату технологиясы қолданылған. «Uncirculated» сапалы монеталар МНЦ 15-20 МНЦ 15-20 қоспасынан, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, номиналы 100 теңгелік, таралымы 50 000. 2020 жылы Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген «Композитор» фильмі 8-ші Ванкувер халықаралық қытай киносы фестивалінде «Қызыл үйеңкі жапырақ» сыйлығының «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік әйел рөлі», «Үздік ер адам рөлі» номинацияларында жеңіске жетті. «Композитор» фильмінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде танымал қытай композиторы Сянь Синхайдың Алматыдағы өмірі мен оның белгілі қазақ сазгері Бақытжан Байқадамовпен достығы жайлы баяндалады.