Жаңалықтар

Мектептерде санитарлық талаптардың сақталуына мониторинг жүріп жатыр

Бір аптадан соң мектепте жаңа оқу жылы басталады. Осы орайда бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде коронавирус індетінің алдын алу мақсатында мектептердің санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуіне қатысты мониторинг жүріп жатыр.

Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментi елорда мектептерінде санитарлық талаптардың қатаң сақталуы керектігін еске салды.

«Қызметкерлер мектеп ғимаратына «Ashyq» жүйесімен яғни QR кодын сканерлеу арқылы кіруі тиіс. Сонымен қатар кіреберісте оқушылардың, мұғалімдердің және басқа да қызметкерлердің дене қызуы байланыссыз термометрмен өлшенеді», – деп хабарлады департаменттен.

Сондай-ақ, мектептегі бір сыныпта 25 оқушыдан аспауы керектігі айтылды.

«Қазіргі уақытта мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізіліп жатыр. Мектептердегі ағымдық жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Санитайзерлер, антисептиктер, жуғыш және дезинфекциялайтын құралдар жеткілікті мөлшерде сатып алынған. Сол сияқты бактерицидтік шамдармен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік қашықтықты сақтау жөніндегі таңбалар мен көрсеткіштер орнатылып жатыр. Одан бөлек, оқушыларды мектеп ғимаратына жеке есік арқылы кіргізу мүмкіндігі де қарастылып келеді», – делінген хабарламада.

Back to top button