«TÚRKISTAN» газетінің бас редакторы ҚазҰУ ректорымен кездесті

«TÚRKISTAN» газетінің бас редакторы ҚазҰУ ректорымен кездесті

«TÚRKISTAN» газетінің бас редакторы ҚазҰУ ректорымен кездесті
ашық дереккөзі

Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Túrkistan» халықаралық газетінің бас редакторы Қуат Әуесбаймен кездесті. Кездесуде өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Білім ордасының басшысы туған университетіне ат басын бұрған белгілі журналиске ризашылық танытып, ҚазҰУ қалашығындағы оқу ғимараттары мен жатақханалардың, ондағы техникалар мен жиһаздардың соңғы үлгіде жаңартылып жатқанын атап өтті. Ректор жүздесуде медиа мамандарын заманға сай даярлау мәселесіне назар аударды. Жас журналистерге бағыт-бағдар беріп, саланың қыр-сырын үйрету үшін тәжірибе бөлісуді ұсынды.  width= Бас редактор өз кезегінде қарашаңырақ ҚазҰУ-дың өмірге жолдама бергенін зор ілтипатпен айтып, алғысын білдірді. Ол «Túrkistan» газетінің ағымдағы қызметі жайлы кеңінен әңгімелеп, биыл «Үркер» ұлттық бәйгесінде «Жылдың үздік газеті» номинациясында жеңімпаз атанған басылымның заманауи стильде жұмыс іс­тейтінін жеткізді. Сонымен қатар апталықтың Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, әлемнің түрлі ал­пауыт компанияларындағы қазақ жастарына және шетелден елге оралған қандастардың тыныс-тіршілігіне арналған үздік жобалары туралы мәлімет берді. Озық басылымның үздік университетпен өзара ықпалдастыққа мүдделі екенін және тәжірибе алмасуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ кездесуге газеттің Алматы қаласындағы тілшісі Ахмет Өмірзақ қатысты. Қадірменді қонақтар университеттің Баспасөз қызметінің мамандарымен және жұмыс барысымен танысты. Әріптестер сала жаңалықтары мен өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасып, тиімді ынтымақтастық туралы уағдаласты.