ҚазҰУ жаңа оқу жылында күрделі жөндеуден өткен жатақханаларды пайдалануға бермек
ҚазҰУ жаңа оқу жылында күрделі жөндеуден өткен жатақханаларды пайдалануға бермек
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаңа оқу жылында заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткен оқу ғимараттары мен жатақханаларды пайдалануға бермек. Білім ордасының басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев құрылыс барысымен танысып, әлі де қалпына келтіру жұмысы аяқталмаған нысандарды жоспарға сәйкес аяқтауға тапсырма берді.
Қазір университет аумағында орналасқан 14 жатақхана студенттердің қоныстануына әзірленіп, 25 тамызда студенттер игілігіне ұсынылады. Оның ішінде №6 студенттер үйіндегі жөндеу жұмыстары бітуге жақын, №4 және №7 жатақханалардағы күрделі жөндеу жұмысы қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Өзге жатақханалар 25 тамызда келген студенттерді қабылдауға сақадай сай.
Кейбір жатақханаларға 15-20 жылдың көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, едендегі линолеумдардың тозығы жетіп, сантехникалардың көпшілігі істен шыққан. Сол себепті алдағы екі жылда барлық жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тек қана қабырғасын қалдырып, есік-терезе, құбыр жүйелері, тіпті шатырына дейін ауыстырылатын болады.
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы ғимараттардың әрқайсысын жіті аралап шығып, әрбір жатақхананың жертөлесінде, айналасында химиялық тазалау, аяқкиім жөндеу секілді студенттердің қажеттіліктеріне жарайтын орындар ашып, спорттық тренажер орнату туралы нақты тапсырмалар берді.