Жаңалықтар

ҚазҰУ жаңа оқу жылында күрделі жөндеуден өткен жатақханаларды пайдалануға бермек

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаңа оқу жылында заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткен оқу ғимараттары мен жатақханаларды пайдалануға бермек. Білім ордасының басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев құрылыс барысымен танысып, әлі де қалпына келтіру жұмысы аяқталмаған нысандарды жоспарға сәйкес аяқтауға тапсырма берді.

Қазір университет аумағында орналасқан 14 жатақхана студенттердің қоныстануына әзірленіп, 25 тамызда студенттер игілігіне ұсынылады. Оның ішінде №6 студенттер үйіндегі жөндеу жұмыстары бітуге жақын, №4 және №7 жатақханалардағы күрделі жөндеу жұмысы қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Өзге жатақханалар 25 тамызда келген студенттерді қабылдауға сақадай сай.

whatsapp image 2021 08 24 at 16.26.35

Бұған қосымша, үш оқу ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ғимараттардың есік-терезелері және едені толығымен ауыстырылған. Бұрын линолеум болса, қазір сапалы жаңа ламинаттар төселіп, аудиториялар жаңа үлгідегі заманауи дизайнмен әрленіп, безендірілуде.

Екінші және үшінші оқу ғимараттары 1 қыркүйекте оқу жылын бастауға әзір. Ал бірінші оқу ғимаратындағы жұмыстар айдың аяғына дейін созылады.

Айта кетерлік жайт, жөндеу барысында тек сапалы құрылыс материалдары қолданылуда. Ректор тапсырмасымен жаңа оқу жылында студенттерді қабылдауға дайын болу үшін жұмысшылар саны арттырылды.

Одан бөлек, бірінші, екінші, үшінші оқу ғимараты мен ректораттың сырты да күрделі жөндеуден өтпек. Бұл мақсатта сұйық травертин деп аталатын жаңа технология қолданылады. Бұл жұмыстар екі ай мерзімде аяқталмақ. Болашақта Студенттер сарайын да осы секілді жөндеуден өткізу жоспарлануда. Салынғалы ғимараттардың ішкі-сыртқы бөлігіне мұндай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, көптеген материалдардың тозығы жеткен. Алдағы уақытта бұл олқылықтардың орнын толтыру жоспарда бар.

Масанчи көшесінде орналасқан төртінші оқу ғимаратына да косметикалық жөндеу жұмыстары жасалды. Қазір студенттерді қабылдауға толығымен дайын. Мұнда философия және политология факультеті, колледж және оқу ордасының лицейі орналасқан. Университет аумағында орналасқан Жас ғалымдар үйінің де сыртқы бөлігі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Саин көшесінің бойындағы Біліктілікті арттыру институтының жатақханасындағы жұмыстар да қазір аяқталып, оқу жылын бастауға әзір тұр.

whatsapp image 2021 08 24 at 16.26.35 1

Кейбір жатақханаларға 15-20 жылдың көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, едендегі линолеумдардың тозығы жетіп, сантехникалардың көпшілігі істен шыққан. Сол себепті алдағы екі жылда барлық жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тек қана қабырғасын қалдырып, есік-терезе, құбыр жүйелері, тіпті шатырына дейін ауыстырылатын болады.

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы ғимараттардың әрқайсысын жіті аралап шығып, әрбір жатақхананың жертөлесінде, айналасында химиялық тазалау, аяқкиім жөндеу секілді студенттердің қажеттіліктеріне жарайтын орындар ашып, спорттық тренажер орнату туралы нақты тапсырмалар берді.

 

 

Back to top button