Жаңалықтар

Қоғамның сотқа сенімі бар ма?

ашық дереккөзі

Қоғамның сотқа сенімі бар ма?

Ет бұзылса – тұз себер, тұз бұзылса?..

Еліміздегі құқық қорғау және сот орындау мекемелеріне халықтың сенімі қандай? Әділеттілікті ту етіп, қара қылды қақ жаруы тиіс сот басына іс түскен шарасыз жандардың көңіліне үміт отын жаға ала ма? Неге көп жұрт сот отырыстарының шешіміне разы емес? Сот десе, әңгіме жанрының хас шебері, жазушы Бейімбет Майлин еске түседі. Оның «Ыбыраймысың, Ыбыраймыз» атты өлеңі оқырман қауымның есінде шығар. Сондағы Ыбырайдың «Соттан келемін.  Соттан емес-ау, Оттан келемін…» деп келетін тұсы бар еді ғой. Міне, сол сияқты қазір қоғамда сот ісімен басы шырмалып жүргендердің қарасы басым. Бұрын-соңды қазақ даласында дау­лы мәселеге нүкте қойып, кесімді шешім шығаратын аузы дуалы билер соттың рөлін атқарған. Қандай заман, қай уақыт болмасын, халық сол сөзге тоқтаған. Себебі бұл «жеті рет өлшеп, бір рет кесілген» шешім. Ал бүгін жұрт айлап, жылдап сабылып жүріп, тасқа басылып, таңба қойылып шыққан сот шешіміне неге наразы? Тіпті, әр жүректің түкпіріндегі «сот мені нақақ жаладан қорғап, әділдікті орнатады» деген сеніміне неге селкеу түседі? Біз осы мақаланы жазу барысында сот туралы қарапайым адамдардың пікірін білуге тырысқан едік. Мәселен, Шыңғыс есімді азамат осыдан үш-төрт жыл бұрын Алматы облысындағы 8 сотық жер телімін 10 мың АҚШ долларына сатып алады. Сөйтсе, әлгі жер заңсыз рәсімделген болып шығады. Алаяқтың арбауына түсіп қалған азаматтың сотқа жүгінуден басқа амалы қалмайды. Бір Шыңғысты ғана емес, қаншама адамды қан қақсатқан алаяқтың үстінен түскен шағым көп екен. Алайда әлгі алаяқты сот залына сүйреп әкелгенмен, жұрт ойлағандай тиісті шешім шықпаған көрінеді. «Әлгі алаяқ жалған құжат арқылы бір мезетте он шақты адамға жер телімін сатқан. Енді жерімізге баспана салайық десек, әкімшіліктен адамдар келіп, заңсыз әрекет етіп жатқанымызды айтты. Қолдарындағы құжатқа қарағанда, бұл жер теліміне басқа нысан түседі екен. Содан жерді сатқан «қожайынға» хабарлассақ, телефон нөмірлері жойылып кеткен. Міне, сонда ғана алданып, сан соғып қалғанымызға көзіміз жетті. Бір өкініштісі, талайдың ақшасын үптеп кеткен алаяқ бес жылға сотталса да, қазір бостандықта жүрген көрінеді. Бұдан кейін сотқа сену керек пе, жоқ па?!», – дейді аузы күйген азамат. Бұдан не түюге болады? Сот орындары қара ниеттілер мен қасақана қылмыстық әрекет арқылы қолын былғағандарды неге тайраңдатып қояды? Бәлкім, бұл жерде жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың иісі шығатын шығар?

Судья қанша жалақы алады?

Шынтуайтында, қазір басқа сала мамандарымен салыстырғанда судьялардың жалақысы едәуір жоғары. Халық соттан әділ үкім, кесімді шешім күтеді. Алдына келген адамның мәселесіне бейжай қарамайтын, ешкімнің ығына жығылмайтын сотты талап етеді. Сондықтан да мемлекет судьялардың қаржылық әлеуетін көтеруді көптен бері жолға қойып келеді. 2006 жылға дейін судьялардың айлық жалақы көлемі 60 мың теңгенің төңірегінде болатын. Судьялар жалақысы дегенде, алдымен айтарымыз, республика бойынша бекітілген үш деңгей бар: аудандық, облыстық және республикалық, яғни Жоғарғы Сот судьяларының жалақысы. Міне, осы алғашқы саты – аудандық сот, екінші саты – облыстық соттың судьяларына арналған бір мөлшер және үшінші саты – Жоғарғы Сот судьяларының жалақысы бір бөлек есепке алынады. Баса айтар жайт ол – Жоғарғы Сот судьяларының жалақысына қатысты мәселе. Өйткені олардың жалақысы әр кезең сайын біртіндеп көбейіп, қосылып отырады. Және бұл қалған екі сатыға қатыссыз қамтамасыз етіледі. Ал судьялардың жалақысы 60 мың теңгеден бірден үш, төрт есеге дейін бір-ақ көтерілгенде бұл кейбіреулер үшін тосын жағдай болды. Тіпті, кей ретте жалақысы 100 пайыз былай тұрсын, 150 пайыздан артық көбейді. Осылайша, аудандық судьялардың жалақы көлемі екі жүз мың теңгеге барып жығылса, облыстық судьялардың айлығы үш жүз мың теңгеге таяды. Әлбетте, мемлекет судьялардың жалақысын не үшін көтергені тайға таңба басқандай белгілі. Олар биліктің үшінші тармағы ретінде елдік маңызы зор, мемлекеттік мәні үлкен мәселелерді реттеуде аса зор үлес қосады. Азаматтардың конституциялық құқын қорғауда, бәріне ортақ заң үстем-дігінің қамтамасыз етілуін жүзеге асыруда соттардың рөлі зор. Алайда  судьялардың жалақысын өсіру арқылы мемлекеттік саясаттың сындарлығын, биліктің тұрақтылығын және сот орындарына деген халықтың сенімін орнықтыра алдық па, мәселе сонда. Елбасы Н.Назарбаев 2013 жылы өткен Судьялардың VI съезінде елімізде ең жоғары жалақыны судьялардың алатындығын айтқан болатын. «Соңғы төрт жылда тәртіптік жауапкершілікке тартылған, теріс себептерге байланыс­ты қызметінен босатылған судьялар саны 4 есеге азайды. Алайда сот тарапынан да, тексерушілер тарапынан да мұндай келеңсіздіктерге жол беріліп отыр. Прокуратура ұсынған, заң мен тәртіпті белшесінен басып жүрген жауапсыз судьяларды, кей кезде, облыстық деңгейде «қорғаштап» отырғандар бар. Әрине, судьяларды, еліміздің кез келген азаматы тәрізді, алып-қашпа әңгімелер мен негізсіз айыптаулардан қорғау керек екенін түсінем. Десе де, өз-өзімізді сынап, әрекеттерімізге сыни көзқараспен қарай білген абзал», – деп ескерткені есте. Сот қызметін қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 2006 жылдан бері 11,2 млрд теңгеден 2013 жылы 30 млрд теңгеге дейін, яғни 2,6 есеге өсті. «Біз сот жүйесінің материалдық базасын нығайттық. Қазақстанда барлық сот техникалық жағынан жақсы қамтылған, әділ сот жүргізудің заманауи стандарттарына жауап беретін ғимараттарда орналасқан. Және бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады», – деген Елбасы төрт жыл ішінде мемлекеттік фемида қызметкерлерінің жалақысы 60 пайызға артқанын, әр деңгейдегі судьялардың жалақысы бұл өңірде орындаушы билік өкілдерімен салыстырғанның өзінде ең жоғары екенін тілге тиек етті. Ал 2013 жылдан бері де үш жыл өтті. Демек, жылдан жылға өсіп отырған судьялардың жалақысы талап пен тілекті орындап, мақсат-міндетті ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік беруі тиіс. Бір өкініштісі, судьялардың жалақысы қанша пайызға көтерілсе де, жыл сайын үш-төртеуі парамен ұсталып, ал он шақтысы қызметінен қуылса, тағы қырық шақтысы тәртіптік жазаға тартылады екен. Соған қарамастан сенатор Светлана Жалмағамбетова ханым биліктің үш тармағындағы жалақы тең еместігін айта келе, сенатор мен судьялардың жалақысын дереу көтеру жөнінде мәселе қойған-ды. Себебі «А» корпусына кіретін министрлердің айлық жалақысы көтерілгенімен депутаттар мен судьялар тасада қалып қойған. Онсыз да айына кемі жарты миллион теңгеге жуық жалақы алатын сенаторлар Парламент пен Жоғарғы сот атқарушы биліктің негізгі 2 тармағы десе, ҚР Судьялар кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин: «Менің білуімше, соңғы 10 жыл бойына ең жоғары жалақыны судьялар алады деп айтылып келеді. Алайда бұл жөнінде біздің төраға Қайрат Мәми «Осыдан 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш шынымен де жоғары саналған шығар» деп дұрыс айтады. Қазіргі уақытта кез келген ұлттық компаниялардағы, тіпті атқарушы органдардағы жалақының судья жалақысына қарағанда әлдеқайда жоғары екендігін сенімді түрде айта аламын», – деді. Сонда кімнің сөзінде шындық бар? Бұл әңгіме мемле-кеттік қызмет саласында пайда болған «А» және «Б» корпусынан шығып тұрған жоқ па? Былтыр Елбасы «А» корпусына жататын мемлекеттік қызметшілер жалақысын 50 пайызға өсірген еді. Бірақ «А» корпусына енбеген судьялар қауымына «Б» корпусынан орын беріле ме? Бюджеттік сала және саяси қызметкерлер тобына жатпайтын, ең бастысы, Елбасының Жарлығымен ғана тағайындалатын судьялардың артықшылығы неде? Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық заңда: «Судья тағайындалғаннан кейін оған алты ай ішінде мемлекеттен қызметтік пәтер беріледі» деп жазылған. Соған байланысты судьяларға бюджеттен ақша бөлінеді. Бұл да болса, судьялардың басқа сала мамандарынан бәсі жоғары екенін көрсетеді. Айтпақшы, жалақы дегеннен шығады, жақында ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми мырза өзінің қанша жалақы алатын айтты.  «Жалақым менің құпия емес! 1 миллион 100 мың теңге жалақы аламын. Қолыма 900 мыңнан артық тиеді», – деді ол. Демек, осыдан-ақ облыстық, аудандық, қалалық судьялардың қанша жалақы алатынын өзімізше бағамдап, топшылай беруге болатын шығар.

Судьяларға талап күшейеді

Жоғарғы сот судья қызметіне кандидаттарға қойылатын талаптарды қайта қарау жөнінде бірнеше ұсыныс әзірледі. Бұдан былай болашақ судьялар мемлекеттік тілден күрделендірілген емтихан тапсырып, психологиялық тестілеуден әрі бір жылдық тәжірбиеден өтуі тиіс. Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин болашақ судьялар сот төрелігі институты магистратурасында даярлықтан өтетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, болашақ судьялар Қазақстанда «А» корпусы деп аталатын басқару корпусына кандидаттар іріктеу сияқты мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Бірақ Рахметулиннің пікірінше, емтихан тапсырмалары жетілдірілген сипатта, яғни кандидаттың мемлекеттік тілді «сот ісінде қолдана білу қабілетін бағалайтындай деңгейде» болуы тиіс. Сондай-ақ енді практикант-судья басқа судьяның көмекшісі болып жұмыс істеп, оның бүкіл функцияларын орындайды, бірақ сот актілеріне қол қоя алмайды. Жоғарғы сот мамандарының мәлімдеуінше, тәжірбиеден өтетін кандидаттарға аудандық сот судьясының қызметтік жалақысының 70 пайызы көлемінде жалақы төлеу мәселесі қаралып жатыр. Жоғарғы Сот түбегейлі шара ретінде судьялардың кәсіби қызметін кезеңдік бағалау жүйесін енгізу мәселесін қарауды ұсынады. Жұмыс өтілі 15 жылдан кем судьялар бұл процедурадан бес жылда бір рет өтуі тиіс. Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы Нұржан Қайыпжанның айтуынша, бұл өзгерістер «соттардың қол жетімділігі мен жариялылығын қамтамасыз етіп, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқы мен заңды мүдделерін қорғау сапасын арттырады». ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Абай Тоқсабаның пікірінше, бүгінгі таңда еліміз бойынша сот залдарының аудио-бейнетіркеу жүйесімен жарақтандырылуы 83 пайызды құрайды. «Мемлекет басшысы судьялардың VI съезінде берген тапсырмасының шеңберінде Жоғарғы Сот тарапынан соттардың қызметіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгендігін атап өтті. «Сот кабинеті» сервисіне, сот процесіне қатысушыларды электронды хабарлау құралдарына, аудио-бейнетіркеуге, сондай-ақ «төрелік» жүйесіне ерекше назар аударылды», – деді А. Тоқсаба. Ал арнайы онлайн-сауалнамаға қатысқан азаматтардың 73 пайыздан астамы Қазақстанның соттарын әділ әрі бейтарап десе, 87 пайызы ақпараттық технологияны енгізу нәтижесінде сот төрелігі неғұрлым қолжетімді бола түсті деп есептейді. Сұрау салынғандардың 77,3 пайызы сот сатыларының қысқаруы сот төрелігінің тиімділігін арттырады десе, 81 пайызы соттардың ашықтық деңгейіне қанағаттанушылық білдірген. Әділеттілікті ту етіп, қара қыл­ды қақ жаратын мамандарға деген сенім өмірде де статистикалық көрсеткіштегідей болса, қанекей?! Сондықтан қашанда судьяларға деген­ талап жоғары. Халықтың ықыласына бөленетін білікті судья болу үшін не қажет? Осы тұрғыда ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми мырзаның баспасөзге берген сұхбатындағы мына ойлары талай нәрседен хабар берсе керек. «Әрине, жоғары заңгерлік дипломы бар адамның бәрі бірдей судья болуға дайын еместігі анық. Судья болу үшін адамның әуелі жүрегінде иманы жүргені керек. Адамның тағдырын шешіп жатқанда, ол қаншалықты шындыққа сәйкес келетіндігі жағынан өзі ойланатындай ұяты болуы керек. Тура би туған-туысқан дегенді өзі шешім шығарып болған соң ғана есіне алғаны дұрыс. Өйткені әділдік үшін алдына жүгінген екі тарап та оған тең. Сол үшін де өзін, өзінің жүріс-тұрысы мен іс-әрекетін түзеуі керек. Барынша араласатын ортаны шектеуі тиіс. Бұл тума-туысқанмен аралас­пай, безіп кет деген сөз емес. Дос-жарандарымен той-томалақтарға барсын, бірақ ертеңгі күні олардың алдында міндетті болып қалмау жағын да ойлана жүргені дұрыс. Араласатын достары азаматтықты, елдікті алдыңғы қатарға қоятын адамдар ма, әлде тек сенің қызмет дәрежеңді жағалап жүргендер ме, соның бәрінің басын ашып алғаны жөн деймін. Осылай таразы басын да тең ұстамасаң, бір жағына басымдық берсең, беделің де тағың да шайқалып жүре береді...», – дейді ол. Шынында да, кез келген сот қызметкерінің жадында жатталып қалуы тиіс кеңес. Еліміздің кез келген судьясы өзіне осындай талап пен тәртіпті жүктесе, халықтың да сот орындарына деген сенімі артпаса, кемімейтіні анық. Сондықтан да кез келген сала маманы кемшілікті басқадан емес, өзінен іздегені абзал.  

Динара Мыңжасарқызы