Екі жылдан бері алимент төлемеген ер адам сотталды

Шығыс Қазақстан облысында 2 жылдан бері алимент төлемеген ер адам жазаға тартылды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Ер адам әйелімен ажырасқаннан кейін табысының үштен бір бөлігін алимент ретінде төлеуге міндеттелген. Алайда ол екі жыл бойы міндетінен қашып, қарызы 1 миллион теңгеге жетіпті.

«Алимент төлеуден жалтарған әке 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеліп, оған пробациялық бақылау тағайындалды. Енді сотталған азамат тұрақты жұмыс тауып, алимент төлемесе мәжбүрлі еңбекке тартылады. Жаза адамды қарыздан босатпайды. Еңбекке тарту – адамды тәрбиелеудің бір құралы ғана», – дейді ШҚО бойынша ҚАЖД сол жағалау аудандық пробация қызметінің инспекторы Қайрат Қайнаров.

Сонымен қатар сотталғанға жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда бас бостандығын шектеу сол мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылатыны түсіндірілді.

Back to top button