Велошеру: зейнеткерлер 1 аптада елордадан Қостанайға жетпекші

Велошеру: зейнеткерлер 1 аптада елордадан Қостанайға жетпекші

Велошеру: зейнеткерлер 1 аптада елордадан Қостанайға жетпекші
ашық дереккөзі
Бүгін елордада «Нұр-Сұлтан - Қостанай» бағыты бойынша ел Тәуелсіздігімен 30 жылдығы мен Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған велошеру басталды. «Велошеру туралы осыдан 3 ай бұрын әлеуметтік желіде жарияладық. Ниет білдіргендер көп болды, дегенмен эпидемиологиялық жағдайға байланысты 5 адам ғана қатысып отырмыз. Бұл шараны ұйымдастырудың бірнеше себебі бар. Алдымен биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналады, екіншіден қазақтан шыққан тұңғыш педагог, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналады және елордадағы Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының 100 жылдығына орай өтіп отыр. Қатысушылардың барлығы әуесқой велосипедшілер, біз кәсіби велосипедшілерді қатыстырмауды жөн көрдік. Себебі біздің үндеуіміз велосипед тебуді көпшілік арасында насихаттау. Адамдарды велосипед тебуді насихаттау арқылы салауатты өмір салтын ұстауға шақыру», - деді велошеруді ұйымдастырушы әрі қатысушы Ернат Мелісұлы. Велошеруге қатысушылардың дені зейнеттегі кісілер. Олар елордадан Қостанайға велосипедпен 1 аптаның ішінде жетуді көздеп отыр. «Нұр-Сұлтан қаласынан басталған велошеруде Қостанайға дейін кемінде 750 шақырымды жүріп өтеміз деп жоспарлап отырмыз. Бүгін жолға шығып Астрахан кенті, Атбасар ауданы, Жақсы ауылы, Октябрь ауылы, Әулиекөл кенті одан әрі Қостанайға жетпекпіз. Осы тұста айтып өтетін сәт, біз материалдық мүдде көздемейміз. Мақсатымыз Ыбырай Алтынсариннің туған жеріне барып, ескерткішіне тағзым ету, сондай-ақ, Қостанайдағы ол кісінің атындағы музейге баруды да жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, қалада тұлға атында мектеп-гимназия бар, соған да барып шығамыз деп отырмыз. Содан соң, көрген, білгенімізді көпшілікке кеңінен насихаттайтын боламыз», - дейді ол. сурет: inform.kz