23 тамыз: атаулы күндер мен маңызды даталар күнтізбесі

23 тамыз: атаулы күндер мен маңызды даталар күнтізбесі

23 тамыз: атаулы күндер мен маңызды даталар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1996 жылы 23 тамызда Алматы қаласында, Достық даңғылы мен Жамбыл көшелерінің қиылысына ақын Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орнатылды. Жоба авторлары: мүсінші Б. Әбішев, сәулеткерлер – С.К. Баймағамбетов, Т. Ералиев, С. Фазылов. 1996 жылы Алматыда Қырғыз Республикасының елшілігі ашылды. 2010 жылы Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы аясында Ұйымдағы қазақстандық төрағалықтың ресми логотипі бекітілді. Ресми логотип ШЫҰ елтаңбасын қамтиды. Онда қыран бейнеленген. Қыранның астында ұйымның екі жұмыс тілінде (орыс, қытай) «Қазақстан» деп жазылған. Екі бүйірінде ШЫҰ-да Қазақстанның төрағалық ету жылдары – 2010-2011 жылдар деп жазылған. 2011 жылы ҚР Ұлттық банкі әл-Фараби бейнесімен номиналы 500 теңгелік алтын медальды айналымға шығарды. Монета 999 сынамалы алтыннан әзірленді, салмағы – 7,78 грамм, диаметрі – 21,87 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 4 мың дана. 2012 жылы Бішкекте Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі ІІ саммитінің Декларациясына қол қойылды. Құжатқа Қазақстан, Түркия, Қырғызстан президенттері мен Әзербайжан Премьер-Министрі қол қойды. Осы саммитте Түркі кеңесінің туы бекітілді. 2013 жылы Астанада Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығын ұлықтауға орай өткізілген форум аясында Алакөл қорығына Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО) биосфералық резерват мәртебесін беру рәсімі өтті. Алакөл биосфералық резерватының ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік желісіне қосылуы аймақтың қайталанбас табиғатын сақтауға, сонымен қатар Қазақстанның экономикасы мен туристік әлеуетін жан-жақты дамытуға көмектеседі. Дипломды ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова берді. 2013 жылы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинге Қарағанды қаласының құрметті азаматы төсбелгісі мен дипломы табыс етілді. 2013 жылы ЮНЕСКО бас директоры Ирина Бокова Орта Азияға жасаған ресми сапары аясында Астанада Серік Сәпиевке ЮНЕСКО-ның спорт жөніндегі елшісі мандатын тапсырды. Бір ай бұрын Серік Сәпиев «Спорттан ЮНЕСКО чемпионы» құрметті атағына лайық деп танылған болатын. Сәпиев осы атаққа қол жеткізген әлемдегі 13-ші спортшы болды. 2016 жылы Жапония астанасы Токиодағы «Дайго Фукурю-мару» музейінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге арналған мемориалдық панельдің ашылу салтанаты өтті. Онда Семей полигоны, «Невада-Семей» қозғалысы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полгонын жабу туралы тарихи шешімі және т.б. жөнінде ақпарат қойылған. 2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ өкілі Дәурен Алыбаев алғаш рет WNFM (World Nuclear Fuel Market – Дүниежүзілік ядролық отын нарығы) қауымдастығы басшыларының құрамына кірді. Тағайындау Монтерейдегі (АҚШ) жыл сайынғы WNFM кездесуінде дауыс беру нәтижесінде жарияланды. Алғаш рет «Қазатомөнеркәсіптің» WNFM кеңесінде өзінің өкілі пайда болды. 2019 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында әл-Фараби атындағы қазақ-үнді ғылыми-білім және мәдени орталығы ашылды. Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Орталықтың ашылуы 2020 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен кең көлемде атап өтілетін әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған. 2020 жылы танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Польшадағы тыңдармандары RadioDimash.pl («Димаш радиосы») бірегей жобасын іске қосты.