Клинтонша күрес, Трампша «төбелес»

Клинтонша күрес, Трампша «төбелес»

Клинтонша күрес, Трампша «төбелес»
ашық дереккөзі
Биылғы АҚШ президентінің сайлауалды науқаны бұған дейінгі саяси науқандарға ұқсамайтын өзгешелігімен тарихта қалады. Науқанның көрігін қыздырған қос партияның үміткерлері – Хиллари Клинтон мен Дональд Трамптың «қолтаңбалары» осындай. 19 қазанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында президенттікке үміткерлер арасында соңғы әрі шешуші теледебат болып өтті. Бұл дебатты британдықтар тікелей эфир арқылы түнгі сағат екіде тамашалады. Түн ұйқысын тек футбол чемпионаты үшін бөлетін ағылшындардың Трамп пен Клинтон «шайқасына» айрықша назар аударуының себебі бар. Жалпы алғанда, басқа бірде-бір елдегі президент сайлау науқаны дәл АҚШ-тікіндей төрткүл дүниенің назарында болмайды. Мұның себебі АҚШ президенті тек өз мемлекетінің тағдырын ғана емес, алдағы төрт жылда халықаралық саясаттың желі қай жақтан соғатынын шешетін аса маңызды тұлға. Сондықтан да президенттікке үміткерлер дебат барысында халықаралық саясатқа қатысты өз ұстанымдарын ортаға салып, оны пікірталас өзегіне айналдырады. Дональд Трамп пен Хиллари Клинтон халықаралық мәселелерге қаншалықты қанық екендіктерін көрсетті. Бұрынғы АҚШ Сенатының депутаты әрі бұрынғы Мемлекеттік хатшы ретінде Хиллари елдің сыртқы саясатын жүргізуге бір кісідей атсалысқаны рас. Бірақ адамның қай қасиеті артықшылығы болса, сол қасиеті ең үлкен кемшілігі болатыны да бар кейде. Хиллари тісқаққан саясаткер болғанымен, нақты шешім қабылдау барысында бірнеше рет сүрінген. Мысалы, оны қарсыласы «ДАИШ-тың пайда болуына кінәлі» деп айыптағаны құрғақ насихат болса да, Хилларидің кезінде Иракқа әскер кіргізуді қолдап дауыс бергені, сөйтіп халықаралық жағдайдың ушығуына май құйғаны шындық. Ал Дональд Трамп болса, халық­ара­лық деңгейде бизнес жүргізетін білік­тілігіне қарамастан, саяси сауаты аз екенін аңғартып алды. Ол Ирактың Мосул қаласында жүріп жатқан соғысты мысалға ала­мын деп, оны ДАИШ террористік ұйымымен байланыстырды. Онысымен қоймай, Иранға тиісіп, оны Иракты басып алуға тырысып жатыр деп айыптады. Ең қызығы, осының бәрін, яғни, ДАИШ ұйымының тамыр жайып, Сирияда азаматтық соғыс өртінің басылмауын Хиллари Клинтоннан көріп отыр. Яғни, оның «Хиллари» дегені – «Обама» дегені. Өзі қорытынды сөзінде атап көрсеткендей, «Америкалықтарға тағы төрт жылға Барак Обаманы қайта сайлаудың қажеті жоқ. Ал Хиллариді сайласаңыздар, Обама билікке қайта келгендей болады» деді. Шамасы, Хиллари Клинтон Барак Обаманың саясатын одан әрі жалғастырады дегенді меңзегені болса керек. Теледебаттың алдында амери­ка­лық қоғам тағы бір жанжалға куә болды. Демократтар партиясының кейбір мүшелерінің электронды пошталары бұзылып, олардың жұмыс барысында жазысқан хат-хабарлары көпшілікке жария болған. АҚШ барлау қызметтері бұл қылмысты зерттеп, оның ізі Ресейге апарады деп жариялады. Ал Хиллари болса, «Мұның артында Кремль тұр» деп ашық мәлімдеме жасады. Тек Трамп үнсіз. Мұның өзі Трамптың Путинмен байланысы жоқ па деген сыбыстың шығуына себеп. Трамп радиоға берген бір сұх­ба­тын­да егер президенттікке сайлана қал­ған жағдайда инаугурацияға дейін-ақ Ресей президенті Путинмен кездесуге дайын екенін айтып қалды. Аңдаусыз айтылды ма, әлде әдейі айтылды ма – Трамп өзінің саяси біліксіздігін әшкерелеп алды. Себебі сайлауда жеңіске жеткенімен, АҚШ президентінің инаугурациясы 2017 жылдың 20 қаңтарында өткізіледі. Ол күнге дейін сайланған президент мемлекеттік саясатқа араласпайды. Трамптың осы раундта жіберген үлкен қателігі – алдағы сайлау нәти­же­сінің шынайы болатынына күмән білдіруі. Бұл дегеніңіз – тарихы екі жүз жылдан асатын демократиясы бар деп мақтанатын, бұл мәселеде барша әлемге үлгі-өнеге болуға ұмтылатын АҚШ-та демократияның қолданыста екеніне сенбестік таныту еді! Осыдан соң АҚШ-тың «Time» журналы «Дональд Трамп президент қызметіне лайық емес, себебі ол америка халқының ерік-жігеріне сенбейді» деп жазды. Тіпті Трамптың қызы Иванка мен оның вице-президенті болуға үміткер Майк Пенстің өзі Доналдьпен келіспейтіндіктерін ашық жариялауға мәжбүр болды. Демократтар партиясы әу баста Республикалық партиядан Дональд Трамптың қара үзіп, бірден-бір үміткер болуына тілеулес еді. Трамптың аса «танымалдығының» бір сыры осы болуы да ғажап емес. Яғни, Демократтар үшін Трамп – бәсекелес партиядағы «Троя атынан» кем роль атқармады. Олар егер Хилларидің басты бәсекелесі Дональд болса, оны ойсырата жеңудің оңай боларын алдын ала білді. Трампқа қатысты компроматтар, яғни осыдан он сегіз жыл бұрын бір әйелді күшпен ұстап алып, сүймек болғаны, осыдан он бір жыл бұрын әйелдерді кемсітіп, намысқа тиетін сөздерінің бейнежазбасы дәл сайлау алдында жарыққа шығуы кездейсоқтық емес. Трампты Клинтон лагері «белден төмен» ұрып-ақ есінен тандырды. «Зорлық көрсетті» деп бір емес, он әйел осы күндері өздерінің аты-жөндерін жариялап, елдің алдында Трампқа айып тақты. Ең соңғысы, Карена Вирджиния деген әйел үшінші теледебат өткен күннің ертеңіне, яғни 20 қазанда журналистерге арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ол 1998 жылы Трамп өзін ұстап алып, тиіскенін және арын таптайтын сөздер айтқанын хабарлады. Әлбетте, Трамптың өзі «Мен бұл әйелдердің ешқайсысын танымаймын, мен олар айтқан нәрселерді істегем жоқ, Америкада ешкім, ешкім дәл мендей әйелдерге құрметпен қараған емес» деп ақталумен әуре. Шамасы, ол осыдан оншақты жыл бұрын айтқан сөздерін, жиырма шақты жыл бұрын болған оқиғаларды ұмытып та кеткен болуы мүмкін. Ал оның өткенін тіміскілеп, оған қарсы айғақ жинаған Клинтонның командасы компроматтарды біртіндеп, бірінен соң бірін жариялап, соққының үстіне соққы берумен болды. Соның нәтижесінде, Трамп «әйелбезердің» нақ өзі болып шыға келді. Басқа-басқа АҚШ-та гендерлік мәселеде «теріс» имиджі бар адамның саясатта жолы болуы екіталай. Осы орайда, әйелдер мәселесі АҚШ президенттері үшін «Ахиллестің өкшесі» іспеттес екенін айта кету ләзім. Мәселе қай президент қанша рет үйленді немесе қанша әйелмен көңілдес болды деген деректе емес. Америкалықтар әлі күнге жылы лебізбен еске алатын Джон Кеннедиді барлық америкалық әйелдер жақсы көрген деседі, тіпті оның сайлауда жеңіске жетуіне себепкер болған да – әйел қауымы. Ол да әйел қауымына теріс қарамаған. Сол сияқты, Томас Джефферсон немесе Франклин Рузвельттің «серіліктері» жайлы аңыздар бүгінге дейін жетсе де, бұл деректер қарапайым америкалықтардың көңілінде олардың атақ-абыройына сызат түсіре алмады. Ал Дональд Трамптың әйелдер туралы бейнежазбадағы «сыр ашуы» неге жалпақ жұрттың наразылығын туғызды? Мәселе оның әйелдерді жақсы көретінінде емес, керісінше, әйел қауымын сыйламайтығында. Оның «Твиттерде» «Әлем аруы» туралы намысқа тиетін сөздер жазуы отқа май құйғандай әсер етті. Ал 10 әйелдің «зорлық жасады» деген айыптауларынан кейін Трамп – әйелдермен көңіл көтеруді жақсы көрсе де, оларды кемсітетін, менсінбейтін, қысқасын айтқанда, әйелді адам деп санамайтын саясаткер ретінде танылды. Өткен ғасырда ғана әйелдерге сайлауда дауыс беру құқығын беріп, әйел құқығын қорғауды феминизмнің пәлсапасына дейін дамытқан Америка мұны кешіре алмайды. Трамп сайлауға екі-үш апта қалғанда «тірі өлікке» айналды. Бәріне әйелдер кінәлі. Немесе оның әйелдерге деген көзқарасы кінәлі. Францияның «Atlantico» сайты бұл туралы «Ақыр аяғы оның (Трамптың – ред.) әйелдерге қатысты іс-әрекеті оның өзіне қарсы қару ретінде пайдаланылды. Оның іс-әрекеті соншалықты сорақы болған­дық­тан емес. Себеп – көптеген рес­пуб­ли­ка­лықтар үшін бұл жанжалдар одан басын алып қашу үшін таптырмас сылтау болды» деп тұжырады. Ал Италияның «La Stampa» газеті профессор Ноам Хомскийдің пікірін жариялады: «Оның (Трамптың – ред.) бір артықшылығы бар – ол қоғамның назарын маңызды мәселелерден басқаға аударады. Трамптың ғаламдық жылыну туралы не ойлайтынын немесе оның шіріген байларға салықты азайту туралы ұсынысы жайлы ешкім айтпайды. Оның мәлімдемелеріне ешкім күл­мейді, олар баспасөз бетінде бас та­қы­рыпқа шығарылмайды, бірақ оның «Твиттердегі» «Әлем аруына» тиіскен сөздері елдің назарын өзіне аударды. Ол қоғамды өзекті мәселелерден алшақтатып отыр» дейді профессор. Шындығында, дөп айтылған сөз! Трамп сайлау аренасына шыққалы бері америкалық қоғам бұрын білген нәрсесінен жаңылып, оң мен терісін ажырата алмай қалғандай. Сонымен, Хиллари Клинтонның лагері Трампты «қалпақпен ұрып алатынын» алдын ала білді. Себебі айтқан сөзі есінде тұрмайтын, ал саяси ұстанымы тұрақсыз әрі мінезі даңғой үміткерге қарсы компромат табу қиын емес екені түсінікті. Керісінше, мұндай адам өзіне-өзі жау есепті, өзіне қарсы компроматты өзі-ақ «дайындап» береді. Бұған дейін жазғанымыздай, егер Хилларидің басты бәсекелесі Трамп емес, басқа үміткер болғанда, Клинтонның жеңісі күмәнді болар ма еді. Себебі Хилларидің өзі америкалықтар үшін сүйікті не сүйкімді үміткер емес. Бірақ енді Трамптан жиреніп, теріс айналған республикалық партияның сайлаушылары дауыс беруге келмей қойса, Хилларидің президенттікке сай­лануы әбден ықтимал. Бұл ықти­мал­дықтың мәні соңғы жанжалдардан кейін және соңғы теледебаттан кейін екі есе арта түсті. Ендігі қауіп – Хиллари Клинтон­ның денсаулығында ғана. Өткенде ғана  сайлауалды науқанның қызған шағында оның аяқ астынан өкпе қабынуына душар болғаны мәлім болды. Кеше, яғни 26 қазанда 69 жасқа толған саясаткердің бұған дейінгі өмірінде аумалы-төкпелі жағдайдың көп болғаны мәлім. Жеке өміріндегі отбасылық жанжалды былай қойғанда, соңғы отыз шақты жылдағы лауазымды қызметі денсаулығының сыр беруіне себеп болғандай. Егер президент болып сайланған жағдайда оның президенттік құзыретті ойдағыдай атқара алуға денсаулығы жарай ма деген сұрақтың тууы да заңды. Әзірге, Хиллари жинақы да жарасымды киініп, жайдарылана күліп, сайлаушылармен кездесуде барынша қуанған кейіпте қол бұлғап, өзінің денсаулығы жақсы екенін әрі жеңісіне сенімді екенін көрсетуге тырысып-ақ жүр. Дебаттан кейінгі сауалнамаларға сенсек, Хиллари Клинтон өз бәсекелесінен 7 пункт алда келеді. Ал сайлау қорытындысының әділдігіне алдын ала күмән білдірген Трамп өз жеңісіне өзі сенбейтін сияқты. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» демекші, ол «әділетсіз жүйе» туралы байбалам салып, өзіне-өзі ор қазды. Бұған дейін оның талай орынсыз сөздері мен оспадар қылықтарына үнсіз шыдап келген жақтастарының тағы бір парасы бұдан соң Трамптың өзіне қарсы шықты. 45-ші президенттің есімі 8 қарашада белгілі болады. Не Трамп, не Клинтон – қайсысы сайланса да, бұл нәтиженің «алақайдан» «әттеген-айы» басым көрінеді. Д. Трамп: – ...Мен Путинмен таныс емеспін, ол мен туралы жағымды нәрселер айтты, егер біз тіл табыса алсақ, жақсы болар еді. Егер АҚШ пен Ресей ДАИШ-қа қарсы біріксе, жақсы болады. Бірақ оны (Хиллариді – ред.) ол (Путин – ред.) сыйламайды, ол біздің президентті сыйламайды, мен айтар едім, біздің жағдайымыз қиын, себебі ол мемлекеттің орасан көп ядролық оқтұмсықтары бар, яғни, 1800, олар арсеналды күшейтті, ал біз күшейткен жоқпыз. Өздеріңіз қараңыздар, меніңше, Путин оны (Хиллариді – ред.) сыйламайды. Х.Клинтон: – Ол (Путин – ред.) шамасы, АҚШ президентінің лауазымында марионетка болғанын қалайды. Д.Трамп: – Өзіңіз – марионеткасыз. Х.Клинтон: – Мен жылына 250 мың доллардан аз табыс табатындарға салынатын салықты көбейтпеймін. Біз мемлекет қарызын қалай қадағалаудың жолын білеміз. Президент Обама апатты жағдайдағы қаржылық жағдайға тап келді – бірақ ол дефицитті үштен екіге дейін азайтты. Мен жұмыс орындарына, білім беруге инвестиция құямын... Байларға арналған жеңілдетілген салық жүйесі өзін-өзі ақтамады. Сұмдық рецесссия болды. Біз ол құрдымнан шықтық... Д.Трамп: – ...Мен әлдеқайда көп жетістікке қол жеткіздім. Иә, мен миллион доллардан бастадым, есесіне таңқалдырарлықтай табысты компания құрдым. Егер біз мемлекетті осылай басқарсақ – сіздер барлықтарыңыз ол мемлекетті мақтан тұтатын боласыздар. Ал ол (Хиллари – ред.) несімен мақтана алады? Сирияға, миграцияға, Ливияға, Иракқа қараңыз... Ол (Хиллари – ред.) ДАИШ-ты құрды. Обама сондай вакуум жасады – сосын бұл шағын топ осы вакуумды пайдаланып, қазір 32 мемлекетке тарап отыр.  

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания