«Тілде, пікірде, істе – бірлік» - Түркі жастарының І форумы

«Тілде, пікірде, істе – бірлік» - Түркі жастарының І форумы

«Тілде, пікірде, істе – бірлік» - Түркі жастарының І форумы
ашық дереккөзі

Ғаспыралының ізімен «Тілде, пікірде, істе – бірлік» деп ұрандаған түркі жастары Солтүстік Кипр аралында бас қосты

Қазанның 16-19 күндері Солтүстік Кипрдің Кириния қаласында өткен І Түркі жастарының форумы түбі бір түркі мемлекеттеріндегі жас буын өкілдерінің басын қосты. Аталған шараға Қазақстан, Солтүстік Кипр, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей, Македония, Өзбекстан, Ирак елдерінен 200-ге жуық делегат қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Түркия Премьер-министрінің орынбасары Тұғрұл Түркеш пен түркі елдерінің бірқатар депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Басты мақсат – түркі жастарының бірлігі

Әзірбайжан-Кипр достық қауым­дас­тығы мен Түркі ынтымақтастығы қоғамдық қоры тарапынан ұйымдас­тырылған І Түркі жастары форумының басты мақсаты – Жер шарының түкпір-түкпіріндегі түркі жастарының басын қосып, ортақ іске жұмылдыру, геосаясаттағы орындарын анықтап, серіктестік орнату, ынтымақтастықты арттыру. Форумдағы алғашқы отырыстың тізгінін ұстаған Әзірбайжан Ұлттық Мәжілісінің депутаты Элман Насиров кез келген мемлекетті да­мы­туда жастардың рөлі зор екенін, сон­дықтан, олардың әлеуетін тиімді пайдалану керектігін айтты. Шараға Шешенстаннан арнайы келген қонақ – Жастар ісі жөніндегі министр Иса Ибрагимов өз елінде қауіпсіздік шаралары өте жоғары деңгейде қам­тамасыз етілгенін айтып, түркі жастарын Шешенстандағы замандас­тарымен ынтымақтастық орнатуға шақырды: «Түркі халықтарының жасөс­пірімдері мен жастары ара­сында мәдени-спорттық шаралар ұйымдастыру арқылы олардың бір- бірімен етене араласуына жағдай жасай аламыз. Ұлтаралық татулық мәселесінде де шешендер мен түркітілдес құмықтар қатар өмір сүріп жатқан Шешенстанды үлгі етуге болады.Шешен тілі мен дәстүрі басқа мәсдениетке жатса да, халықтарымыз жақын. Ал мектептердегі білім беру, спорт пен басқа құрылымдарда жастарымыз бірігеді». Қазақстандағы «Түркітілдес жур­­налистер қорының» атынан сөз алған біз түркі журналистерінің бірлігін арттыруға көңіл бөлдік. Ең бастысы, түркі елдеріндегі БАҚ өкілдері арасында жедел ақпарат алмасу, кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында жиі тәжірибе алмасу, рухани-мәдени құндылықтарды бірігіп насихаттау. Бүгінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты тәуелсіз елдердің ақпарат құралдары дереккөздерді ресейлік БАҚ-тан алады. Бұл дегеніңіз – ресейлік ұлттық мүдде тұрғысынан түзілген ақпаратты насихаттау. Бүгінде отандық телеарналардағы балаларға арналған танымдық бағдарламалар, көркем фильм мен мультфильмдер – батыстық, америкалық менталитетке негізделген дүниелер. Олар қазақтың, түбі бір түркінің ділі мен дініне жат. Сондықтан түркі мемлекеттеріндегі БАҚ өкілдері балаларға арналған ортақ жобаларды жүзеге асыруы тиіс. Тағы бір маңызды мәселе, қазақ, қырғыз, өзбек елдерінде ішкі туризм дұрыс дамытылмаған. Шекара сыртынан келетін туристер саны тым аз. Бұл олқылықтың орнын толтыруда туризмге қатысты ортақ жобалар – таптырмас құрал. Түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, көрсеткіштерді жоғарылату мақсатында, инвестиция тарту жолдары, кәсіпкерлікпен айналысудың тиімді тәсілдері т.б. маңызды деректерді қамтитын тележобалар да түркі бірлігін күшейте түсері анық. Отырыста Солтүстік Кипр Таяу Шығыс университетінің профессоры Оғуз Каракартал түркі елдеріне ортақ рухани құндылықтарды насихаттауда түбі бір түркінің қаһармандарына басымдық беруді ескертті. Оның айтуын­ша, теледидардан жиі берілетін Супермэн, Спайдермэн, Өрмекші адам т.б. кейіпкерлер түркінің табиғатына жат. Сондай-ақ, жастарды тәрбиелеуде олардың ой-өресіне сәйкес келетін тәсілдерді пайдалануды ұсынды. І Түркі жастары форумындағы өзге отырыстарда да жастарға қатысты аса маңызды мәселелер қарастырылды. Түркітілдес халықтар достығы қорының басшысы әрі форумды ұйымдастырушылардың бірі – Орхан Хасаноғлұ: «Түркітілдес елдердің жастары – геосаяси әлемнің орасан бір бөлігі. Онымен санаспаса, болмайды. Біз мақсаты мен мүддесі ортақ жастардың бір арнаға тоғысатын алаң болғанын қаладық. Ол үшін ортақ мәдениет, ынтымақтастық, спорт пен басқа да мәселелерге сүйенуіміз керек», – деді. Орхан мырзаның айтуынша, түркі елдері арасында құрылған ТҮРКСОЙ, ТүркПА сияқты басқа да түрлі ұйымдар көбінесе саяси бағытта. Ал жастармен тікелей жұмыс істейтін ұйымдар жоқтың қасы: «Біз ХХІ ғасырдағы ұрпақтың анағұрлым достық-бауырластық сезімде болуына жағдай жасайтын бастамаларды түздік. Форум барысында қатысушылар тарапынан түркі жастарының ортақ парламентін құруға ұсыныс айтылды». Қырғызстаннан келген қатысушы Нұрдин Қапаровтың пікірінше, бір-бірінен шалғай жатқан түркі халық­тарының та­нымал тұлғаларын көбірек насихаттау арқылы жақындастыру қажет. «Түркологиядан қосымша сабақтарды қамти отырып, тарих, география, түркі әдебиетіне көңіл бөлсек, ынтымақтастығымыз артады», – деген ол саяси мәселелерде ғана емес, рухани құндылықтарда бір болуға шақырды. Мәдениет арқылы миллиондаған адамды біріктіруге болатынын Ресейден келген Шамиль Тагиев те айтты. Әзірбайжан мәдениетін дамыту және қайта жаңғырту қорының басшысы Тагиев Мәскеудегі бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдерінің басын қосқан Ұлттар үйін мысалға келтірді: «Әсіресе, Ресейдегі түркітілдес азшылық кеңінен қамтылған. Олардың арасында менің достарым көп». Жастардың білім алуға деген құш­тарлығын ескерсек, түркі мемлекеттерінің ара­сында білім саласындағы ынты­мақ­тастық аса маңызды. Орхан Хасаноғлұның айтуынша, студенттердің акаде­миялық және технологиялық дең­гейдегі белсенділігін арттыру қажет. Ол үшін жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға көңіл бөлген жөн. Осы орайда, түркі елдері жоғары оқу орындарының фестивалін өткізу көзделіп отыр.

Аңызға айналған арал

Талай тартысқа себеп болған Кипрдің тарихы неолиттен басталады. Б.д.д. ХІ ғасырда Кипр эллинистикалық өркениеттің ажырамас бөлігіне айналған. Троя соғысынан қайтып келе жатқан ахейліктер Кипр аралына тоқтап, «этеокипрлық» атанған автохтондарды жайлап ассимиляцияға ұшыратуға кіріседі. Сол кезден бастап гректер аралды біртіндеп жаулап алады. Жерорта теңізіндегі оңтайлы тұсқа орналасқан Кипрге қызықпаған  империя жоқ. Б.д.д. ІІІ ғасырда алдымен Птолемей державасына қараған Кипр 58 жылы (б.д.д.) Рим провинциясына айналады. Кейін Цезарь оны Птолемейге қайтып береді. Бұдан кейін де тағдыры сан өзгерген Кипрді 1191 жылы ағылшын королі Арыстан Жүректі Ричард жаулап алады. Бірақ ол аралды өзіне қажет деп таппағандықтан, сондағы бір әулетке сатады. Олар аралды 300 жыл билейді. Қолдан қолға көшкен аралды 1489 жылы Кипрдың соңғы королевасы, венециялық ақсүйек Катерина Корнаро өз еліне сыйға тартады. Соның нәтижесінде 100 жылға жуық уақыт Кипр Венецияның құрамында болады. 1570-1571 жылдары аралды басып алған Осман империясы 300 жыл бойы қожалық етеді. 1878 жылы Кипрды түріктерден жалға алған Англия Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде жалға ақы төлеуден бас тартып, аралды өз атына заңдастырады. Осман империясының қуаты қайтып, сыртқы жаулармен әбігерге түсіп жатқан түріктер Кипрден айрылып қалғанына аса бас ауыртпайды. 14680575_596820957109718_3987739962651423742_n Ұзақ жылдарға созылған ұлт-азаттық көтерілістер соңында 1960 жылы Кипр тәуелсіздікке қол жеткізді. Бірақ кейін бұл аралдағы тұрғылықты халықтар – гректер мен түріктердің арасындағы ұрысқа ұласады. Бірақ ағылшындар әлі күнге Акротири мен Декелияда әскери базасын ұстап отыр. Бізді Кириния, Никосия қалаларының тарихымен таныстырған гид – Серкан деген жігіт Солтүстік Кипр мен Оңтүстік Кипрды бөліп жатқан шекара сызығын көрсетті: бергі жағында кипрлық түріктердің үйлері тұр, ал арғы жақта 1974 жылғы соғыс кезінде зиян шегіп, құр қаңқасы қалған екі қабатты үй тұр. Оның артындағы ғимаратта ағылшындардың туы желбірейді. Ұлыбританияның әскери базалары екен. Түріктер мен гректер арасындағы текетірестің ушыққаны соншалық, 1964 жылы Кипр астанасы Никосияға Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік күші кіргізілді. Арада он жыл өткенде, яғни, 1974 жылы текетірес Грекия мен Түркияның қарулы күштері қатысқан ашық соғысқа ұласады. Кипрдың Грекияға қосылуын қалайтын топ әскери төңкеріс жасаған сәтте Түркия түрік азаматтарды қолдауды желеу етіп, аралға әскери күшін кіргізеді. Бастапқыда территорияның 30 пайыз бөлігін жаулауды көздеген түріктер одан да көп жерді басып алады. Әскерилердің тұмсығы ағылшын базаларына барып бір-ақ тірелген. Қазір ол жерде соғыс кезінде оқтан шұрық-тесік болған үйлерді көруге болады. Жергілікті тұрғындар қырық жыл өтсе де, әдейі жөндеу жұмыстарын жүргізбей, тарихи ескерткіш ретінде қалдырыпты. Сорақысы сол, соғыс ешкімді аямаған: қолына қару ұстауға жарайтын ересектер, жасөспірімдермен бірге жас пен кәрі түгел ажал құшыпты. Никосиядағы соғыс құрбандарына арналған музейде болғанымызда қанға бөккен адамдардың суреттерін көріп, төбе шашымыз тік тұрды. Гректер геноцид жасаған бір түрік ауылы солайымен жерге көмілген. Кейін сүйектерді қазып алып, қайта жерлемекші болғанда кәмелеттік жасқа толмаған кішкентай бес баласымен бірге көмілген ана табылыпты. Ананың құшағында жатқан бір жарым жасар сәбидің денесінен 40 оқ шыққан... Байқағанымыз, соғыста қаза тапқандарға ескерткіштер көп орнатылыпты. Түріктер басып алған аумаққа 1978 жылы Солтүстік Кипрдегі Түркия республикасы құрылып, оны тек Түркия ғана дербес ел ретінде мойындайды.   Экономикалық тәуелділік Соғыстан кейін Кипр үшке бөлінеді: 60 пайызы – Кипр Республикасы (халқының басым бөлігі – гректер), 38 пайызы – Солтүстік Кипр Түркия республикасы және 2 пайызы – Ұлыбританияның қарулы күштері. Кипрдің астанасы әрі аралдағы ең ірі қала – Никосия  (Лефкосия) орталықта орналасқан. Ортасынан «жасыл сызықпен» бөлінген қала Кипр республикасының да, Солтүстік Кипр Түркия Республикасының да астанасы саналады. 2008 жылы Еуропа одағының құрамына өткен Кипр Республикасына барған туристер саны былтыр 40-50 пайызға артыпты. Есесіне, Солтүстік Кипрға ат басын бұратындар өте сирек. Біз тоқтаған «Acapulco» шипажайында негізінен посткеңестік елдердің азаматтарын көрдік. Ал еуропалықтардан қарт кісілер басым екен. Мұның себебі оңтүстік бөлікке қарағанда, солтүстік жақта баға арзандау. Әлбетте, нысандардың орналасқан жері мен көрсетілетін қызмет сапасы аса маңызды. Солүстік Кипрде ұлттық валюта – түріктердің лирасы. Аралда ақша басылмайды, Түркияның Орталық банкінен әкелінеді. Қазір 1 АҚШ долларының бағамы – 3,1 лира. Бүгінде Солтүстік Кипр халықаралық қауымдастық тарапынан жарияланған эмбарголар салдарынан Түркияға тәуелді күйге түскен. 2010 жылдан бастап 2,66 миллиард түрік лирасына теңгерілген бюджетінің 32 пайызы – Түркияның экономикалық көмегінен. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, 2003-2006 жылдар аралығында Түркиядан Солтүстік Кипрға 550 миллион доллар көлемінде көмек көрсетілген. Ал 2013-2015 жылдардағы көмек көлемі – 30 миллиард түрік лирасы. Аралдың экономикасын қызмет көрсету саласы құтқарып тұр: жалпы ішкі өнімінің 70 пайызына тең. Ал ауыл шаруашылығы ЖІӨ-нің 10 пайызына тең. Кіріс көзінің сүбелі бөлігі білім беру саласына тиесілі. Солтүстік Кипрда 6 жоғары оқу орны, көптеген колледж бен орта білім беретін мектеп бар. Сондай-ақ, аралда жылжымайтын мүлік құрылысы да жақсы дамыған. Арал экономикасына тың серпін берген салалардың бірі – ақылы медицина. Солтүстік Кипр тек Түркия тарапынан тәуелсіз мемлекет ретінде танылғандықтан, сауда-экономикалық байланыстар тек Түркия арқылы жүргізіледі.  Аралға тікелей ұшақ та қатынамайды. Халықаралық әуежай әлемге есігін 1974 жылы тарс жапқан. Біз Кипрға Алматыдан Стамбұл арқылы аттанып, Никосиядағы халықаралық «Ержан» әуежайына қондық. Аралдағы Түркияның ықпалын кез келген жерден байқайсыз. Мәселен, Кириниядағы Бесбармақ тауының үстінде Солтүстік Кипр Түркия республикасының туы мен Ататүріктің «Түрікпін деген бақытты» сөзі жазылған. Орналасқан жері мен табиғатын суреттеуге тіл жетпейтін аралда қазан айының ортасы болса да, жаз мезгілінің базары тарқамаған. Туристер Жерорта теңізіне түсіп, күнге қыздырынып мәз. Алдымен Кириниядағы шипажайға тоқтаған біз форумның алдында Кириния, Никосия (Лефкосия) мен Фамагустаның (Газимагуса) тарихи жерлерін араладық. Үлкен әсер қалдырған ғимараттардың бірі – Қасиетті София шіркеуі (Селимие мешіті). Солтүстік Кипр астанасы Никосияда 1209-1325 жылдары римдік-готикалық стильде салынған шіркеуде корольдардың таққа отыру рəсімдері өткен. XV ғасырда ғимарат жер сілкінісі мен шабуылдар салдарынан қатты зардап шегіпті. Кипр Венеция билігіне өткеннен кейін француз архитекторлары 1491 жылы шіркеудің готикалық стилін сақтай отырып, қайта салады. Ал 1571 жылы Кипрды Осман империясы басып алғаннан кейін шіркеуді аралдағы орталық мешітке айналдырып, қосымша екі мұнара тұрғызады. Аты Қасиетті София шіркеуінен Селимие мешітіне өзгертіледі. Халқының саны 300 мыңға жуық шап-шағын аралда уақыттың қалай тез өткенін байқамайсыз.  Мыңжылдықтарды артқа тастаған тарихи мекендердің тылсымына қанып, сұлу табиғатын тамашалауға бір ғанибет. І Түркі жастарының форумы себеп болған Солтүстік Кипр сапарымызда көргеніміз бен көңілге түйгеніміз көп. Түсінгеніміз бен түсінбегеніміз де. Ол үшін сол жердің ауасын жұтып, топырағына аунап өсу керек, әрине. Бір анығы, сиқырлы сезімге бөлейтін Солтүстік Кипр аралына тағы келуге асықтық.

                                                               Нәзия Жоямергенқызы

                                                               Мақсат Құсайынов (фото)

Алматы – Стамбұл – Кириния – Лефкосия – Стамбұл – Алматы