Үкіметтік емес ұйымдарға басымдық беріледі

Үкіметтік емес ұйымдарға басымдық беріледі

Үкіметтік емес ұйымдарға  басымдық беріледі
ашық дереккөзі
Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың қаржылай тұрақтылығын қалыптастыру мақсатында, биыл Алматыда ҮЕҰ көшбасшылары Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің тренингтері ұйымдастырылған еді. Аталған жоба кәсіпкерлік дағдыларды дамыту мен ұйымдардың стратегиялық жоспарларын дайындауды көздейді. Атап айтқанда, шараға қатысушылар жобаны қаржыландыру үшін ресурстарды қайдан табу керектігін, мемлекеттік тапсырыстарға дұрыс қатысу жолдарын, стратегиялық жоспарлау үрдісін егжей-тегжейлі талқылап, маркетингтің қыр-сырын үйренді. Тренингті қорытындылау барысында қатысушылар бұрын коммерциялық емес іспен айналысып, кейін шаруасын дөңгелетіп әкеткен әлеуметтік кәсіпкермен кездесті. Алғаш рет еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың 15 басшысы үстіміздегі жылдың 4-6 мамырында Алматыдағы ALMAU университетінің жанынан құрылған Үкіметтік емес ұйымдардың сараптама орталығы шеңберінде бас қосқан еді. Кездесу барысында олар әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымымен танысып, бизнес-идеялар мен ресурстарды іздеу әдістерін үйренді, Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде оқыту бағдарламасымен танысты, өз бизнес-жобаларын құрастыруға кірісті. Екінші кездесу стратегиялық жоспар негізінде болашақ кәсіпорынның бизнес-жоспарын құрастыруға бағытталды. Жобаға қатысушылар орыс және қазақ тілдерінде теориялық білім алумен шектелмей, алған білімдерін тәжірибе жүзінде сынға салды. Әрбір қатысушыға бекітілген үйлестіруші бизнес-жоспарды жазу барысында және ұйымның әлеуетін арттыру мен әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті мәселелер бойынша кеңес берді. Тренингтер соңында пікір білдірген шымкенттік «Асыл болашақ» ҚҚ жетекшісі Наталья Мурзина: «Жоба тек теория тұрғысынан емес, сондай-ақ тәжірибелік дағдылар тұрғысынан да өте пайдалы. Бірте-бірте, өз үйлестірушілеріміздің көмегімен біз кәсіби жетілумен қатар кәсіпкерлік дағдыларымызды да дамытып келеміз. Біз бір командаға айналдық және болашақта табысты әлеуметтік кәсіпкерлерге айналамыз деген сенімдемін!», – деді. Қатысушыларға қойылған талаптардың жоғары болуы себепті, үшінші кезеңге үкіметтік емес ұйымдардың ең табанды 10 басшысы жетті. Олар жобаның шарттарына үлкен жауапкершілікпен қарады және бизнес-жобаларын құрастыра білді. Тіпті, кейбірі әлеуметтік кәсіпорындарын іске қосып, алғашқы қадамдарын жасап үлгерді. Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі Орталық Азияның Еуразия қорымен Қазақстандағы «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «ҮЕҰ Сараптама Орталығының орнықтылығы жөніндегі бастама» жобасының шеңберінде құрылды. Мектеп әлеуметтік кәсіпкерліктің негіздеріне оқытуды және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті әлеуетін арттыруды мақсат етеді. «Бұл жоба әлеуметтік кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды және ҮЕҰ-ның әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті әлеуетін дамытуды мақсат етеді. Қаржылай орнықты болу үшін, өз бетінше ақша табумен қатар әлеуметтік мәселелерді шешіп үйрену қажет. Біздің жобамыз осы мәселелерді қамтиды. Жаңа білімдерімен қатысушыларымыз өз ұйымдарының тұрақты дамуы үшін күтпеген жолдар мен шешімдер табады деп үміттенеміз», – дейді жобаның менеджері Алма Шолпанқұлова. «Үкіметтік емес ұйымдар Сараптама орталығының орнықтылығы жөніндегі бастама» жобасы орталықтың қаржылай тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ, оқуға қажетті әлеуеті мен талпынысы бар үкіметтік емес ұйымдар арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.  

Нәзия Жоямергенқызы