Күңгірт тартқан кәрі құрлық

Күңгірт тартқан кәрі құрлық

Күңгірт тартқан кәрі құрлық
ашық дереккөзі
Ұлыбританияның «Брексит премьер-министрі» атанған Тереза Мэйдің алғашқы жүз күндігі аяқталды. Бірақ оның күрмеуі қиын келіссөздер мен қауырт шаруаларға толы қиын күндері енді басталды. Жаңа премьер ретінде ол өткен аптада алғаш рет Еуропа одағының саммитіне қатысты. Мэй ханымның алғаш басқан қадамы құтты бола ма – бұған британдықтар ғана емес, тұтас Еуропаның өзі алаңдаулы.

РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯЛАР САҚТАЛАДЫ

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу 18 қазанда Ресей Сирияның Алеппо қаласын әуеден атқылауды уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Дәл Брюссельде өтетін Еуропа одағының саммиті мен Берлиндегі «Норманд төрттігі» кездесуінің алдында жасалған мәлімдеме еуропалықтардың көңілін тыныштандыра алмады. Себебі әуеден атқылау қайтадан басталмасына еш кепілдік жоқ. Кәрі құрлық Кремльден не күтерін білмей, басы қатты. Сонымен, 20-21 қазанда Брюссельде өткен саммит аясында еуропалықтар Ресейге қарсы қолданатын экономикалық санкциялар жайын тағы ақылдасты. Бірақ Ресейге қатысты одақтастар арасында ортақ пікір жоқ. Италия, Грекия, Венгрия елдері Ресейге бүйректері бұратынын жасырмайды, бірақ Франция, Ұлыбритания сияқты мемлекет басшылары мен Еурокомиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкердің өзі Ресейдің Сириядағы бейбіт тұрғындарды бомбының астына алуын қатты сынады. Британдық премьер Тереза Мэй өз сөзінің «бісмілләсі» ретінде әріптестерін ауызбірлікте болуға шақырды. «Біз ресейлік агрессияға қатысты мығым әрі бірыңғай ұстаным білдіруге тиіспіз» деді ол. Осы сөзімен ол Брекситтің салдарын жуып-шайған болды. Бұған қоса ол Брюссель саммиті кезінде «Біріккен Корольдік Еуропа одағынан шығуға бет алды, бірақ ол толық жүзеге аспайынша, біз бұл одақтың толыққанды мүшесі боламыз» деп, еуропалық әріптестерін жұбатқандай болды. Кеше ғана Еуропа одағынан шығуды жалаулатып, референдум өтікізіп, тіпті үкімет басшысын ауыстырған ағылшын логикасы осындай. Қорытып айтқанда, еуропалық саясаткерлер «егер Алеппоны әуеден атқылау тыйылмаса, болашақта Ресейге қарсы экономикалық шаралар қолданылуы мүмкін» деген сыпайы тұжырымға тоқтады. Анық нәрсе – қазіргі санкциялар әзірге өз күшінде қалады.

«ДЖУНГЛИ» ЖАБЫЛДЫ

Сириядағы соғыстың аяқталар түрі көрінбейді, ал Еуропада босқындар мәселесі әлі оңды шешім тапқан жоқ. Осы аптада Франция Ұлыбританиямен шекаралас жатқан Кале қаласының маңындағы босқындар лагерін бұзу туралы шешімін жүзеге асыра бастады. Бұл лагерьдегі босқындардың адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқаны әрі бұл мекеннің түрлі қылмыстың ордасына айналғаны бұған дейін көп айтылып-жазылған. Енді Франция билігі осындағы босқындарды басқа аймақтарға бөліп-бөліп көшіріп, шақырылмай келген «қонақтарды» біртіндеп бойына сіңірмек. Басқаша амалы да жоқ. Босқындар лагері француз полициясы бас сұға алмайтын, өзіндік ішкі заңымен ғана өмір сүретін оқшау ортаға айналғаны қашан. 24 қазан күні басталған «көш» барысында екі мыңнан аса босқын 45 автобуспен басқа аймақтарға жеткізілген. Көштің екінші күні, яғни 25 қазанда тағы мыңнан аса адамның қоныс аударғаны мәлім болды. Кейбір босқындар уақытша тұрып жатқан баспаналарына өрт қойып, көштің ырғағына айтарлықтай кесірін тигізді. Бұл лагерьдің тарихы 1999 жылдан басталады. Сол кезде «Қызыл крест» ұйымы осы жерде босқындарға жәрдем беру орталығын құрды. Заңсыз мигранттар сол кезден бері бұл орынды Ұлыбританияға өтетін «өткел» ретінде пайдаланып келген. Уақыт өте бұл лагерьді паналағандар қатары Иран, Ирак, Эфиопия, Сомали, соңғы жылдары Ауған­стан­, Ливия мен Сириядан босқан адамдармен толыға түсті. Брексит туралы референдумнан кейін кейбір француз саясаткерлері Кале маңындағы босқындар лагерін Ұлыбританияның Дувр қаласына көшіруді ұсынған еді. Бұл босқындар лагерін «Джунгли» деп тегін атамаса керек. Бұл лагерь заңсыз мигранттардың пана тауып, уақытша тұрақтайтын жері болған. «Джунглидегі» босқындардың нақты саны белгісіз. Түрлі деректерде олардың саны 6,5 мыңнан 10 мыңға дейін жетуі мүмкін делінеді. Британдық билік иелері Каледегі лагерьге қатысты өз алаңдарын білдіріп, француз әріптестеріне бұл лагерьдің шекарааралық, еларалық қауіпсіздікке төндіретін қатерін талай рет ескерткен болатын. 2003 жылы Ұлыбритания мен Франция арасында мемлекетаралық келісім жасалып, онда босқындар лагеріне көмек көрсету, ортақ шекараны қорғау, заңсыз миграцияны тоқтату мәселелері бойынша әріптестіктің негізі қаланды. «Джунглиді» таратып жатқанда, британдық үкіметтік емес ұйымдар қарап отыра алмады. Босқындарға көмек беретін ұйым қызметкерлері осы күндері Калеге барып, француз әріптестеріне барынша көмектесуге тырысты. Қазір белгілі болғанындай, барлық босқындарды бірден көшіру мүмкін болмағандықтан, 200 бала Ұлыбританияға жеткізілген. Бірақ олардың ата-аналары француз жерінде қалды. «The Guardian» газетінің жазуынша, жергілікті кеңестердің кейбірі бұл шешімге наразы. Олар ата-анасынан уақытша айрылған балаларды британ жерінен алып келудің жауапкершілігін өз мойындарына алуға қарсы. Себебі олардың ішінде әлі он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балалар бар. Анығын айтқанда, 200 баланың 60-ы – қыз балалар. Осы себептен Британияның өн бойындағы 156 жергілікті кеңестердің (әкімшілік-аймақтық басқару органдары – ред.) 38-і босқын балаларды паналатудан бас тартқан. Жалпы, британдық ішкі істер министрінің дерегіне қарағанда, Кале маңындағы босқындар лагерінде Ұлыбританияда туыстары не жақындары болуы мүмкін деген 800-дей бала бар. Босқындарды көшіру жұмысы осы аптаның соңына дейін созылуы мүмкін. Себебі 3000-дай мигрант осы жерден тапжылмауға бекініп отырған жайы бар. Олардың мақсаты – Альбион аралына қарай өту. Олар үшін «Джунглиді» тастап шығу – Ұлыбританияға жету үмітін біржола үзгенмен тең. Биыл наурыз айында біраз босқындар бұл лагерьдің жабылуына наразылық білдіріп, арнайы акция өткізген болатын. Осы жолы да қарсылық танытушылар баршылық. Бірақ Франция президенті Франсуа Олланд «Джунглиді» жыл соңына дейін тазартамын деген уәдесін орындауға шын бекініп отыр. Ал қыркүйек айында Кале қаласының тұрғындары наразылық шеруін ұйымдастырды. Олар бұл аймақта тонау, қарақшылық, зорлық-зомбылық жасау сияқты қылмыстардың көбейіп кеткенін осы босқындар лагерінің тым жақын орналасқанынан көреді. Сондықтан лагерьдің мекенін ауыстырып, өздерінің тыныш та бейбіт өмір сүру құқықтарының сақталуын талап етті. Қазіргі кезде босқындарды Францияның аумағындағы 450 уақытша бекеттерде орналастырып, оларға медициналық және басқа да жәрдем көрсетіліп жатыр. Осы жерде олар заңды түрде босқын мәртебесін алуға өтініш бере алады. Одан кейінгі тағдырлары қалай құбылатыны әзірге күңгірт.

БРЕКСИТ: ҚАТТЫ МА, ӘЛДЕ ЖҰМСАҚ ПА?

Брекситтің жүзеге асатыны анық. Бұл тек уақыт еншісіндегі мәселе. Ұлыбританияның Еуропа одағынан біржола ажырау процесі 2017 жылдың наурыз айында басталуы және алдағы екі жылға созылуы ықтимал. Бірақ британдықтардың ендігі уайымы бұл процестің жағымсыз салдарын неғұрлым азайту болғалы тұр. Жергілікті терминмен айтқанда, «Hard Brexit», яғни «қатқыл» Брекситті болдырмау.

Бұл термин Тереза Мэйдің иммиграцияны барынша шектеуге тырысатынын мәлімдеген соң қолданысқа енді. Себебі Мэй ханым Еуропа одағымен ортақ нарыққа апаратын жол жабылса да, өз райынан қайтпайтын сыңай танытып отыр. Ал мұндай ұстанымның Британ экономикасына тигізер салқыны қандай болары анық емес. Осы орайда, Шотландияның бірінші министрі осы аптада «The Financial Times» газетіне мақала жазып, премьер-министрді «жұмсақ» Брексит жасауға үндеді. Шындығында, Мэй ханым мен Стерджен ханым осы аптада үкіметтік жиын барысында кездесіп, сөйлескен болатын. Бірақ саясаткер ханымдар көзбе-көз әңгіме барысында көңіл көншітерлік мәмілеге келе алмаған сияқты. Даунинг көшесі, 10-үйден шыққан бетте журналистер сұрақтарына жауап берген Шотландия министрі егер Брексит Шотландияның экономикалық мүддесіне қайшы келер болса, онда Ұлыбританиядан тәуелсіздік алу жайлы екінші референдум өткізуге дайын екенін тағы бір рет айтып қалды. «Жұмсақ Брексит Шотландия мүддесіне сай келеді» деп аталған мақалада Никола Стерджен былай дейді: «Қазіргі жағдай біздің миымыз тұнық, ойымыз анық болуын талап етеді. Анығын айтар болсам, көпшілік дауыспен Еуропа құрамында қалуды қолдаған Шотландия бұдан кейін де Еуропамен тығыз қарым-қатынаста болуды, оның ішінде ортақ нарық мүшесі болып қалуды қамтамасыз етуге бар күшін салуы тиіс. Шотланд үкіметі бұған қалай қол жеткізуге болатынын егжей-тегжейлі қамтыған жоспарды ұсынады және біз оған 50-бапты жүзеге асыруды көздейтін процесс аясында қол қоятын боламыз. Сонымен қатар, егер Шотландияның мүддесін қорғаудың ең тиімді немесе бірден-бір жолы сол екені анықталса, онда Шотландия тәуелсіздік туралы мәселені өз қаперінде ұстау керек деп білемін. Референдум туралы заң жобасы өткен аптада жарияланды, қажет болған жағдайда, бұл референдум Ұлыбритания Еуропа одағының құрамынан шықпай тұрғанда өткізілуі керек». Осылайша, Никола Стерджен еуропалық қағидалар мен құндылықтардан оңайлықпен бас тартпайтынын білдірді. Әлбетте, құндылықтардың ішінде экономикалық мүдденің бірінші тұрғаны жасырын емес.  

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания