Жаңа оқу жылы: Ұстазға – сабыр, оқушыға – төзім
Жаңа оқу жылы: Ұстазға – сабыр, оқушыға – төзім
БАЛАЛАРҒА ВАКЦИНА САЛУ – ҚОҒАМ ТАЛАБЫ
– 12 жастан бастап Pfizer вакцинасын салу ұсынылды. Біз 12 жастан асқандарды назарға алып отырмыз. Балалар жасына назар аудара отырып, олар вакцина салдыруға мүмкіндік алды. Тиісінше, азаматтар вакцина алу керек пе, жоқ па өздері шешеді, бірақ біз вакцина алуға шақырамыз, өйткені вакцина көмектеседі. Өкінішке қарай, жаңа штамдар балаларға әсер етеді, – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Сондай-ақ министр вакцина ерікті түрде болатынын да айтып өтті. Тамыз айының алғашқы онкүндігінде жарияланған мәлімет бойынша, білім мекемелеріндегі педагогтердің 93,1 пайызы және басқа қызметкерлердің 88,4 пайызы КВИ-ге қарсы вакцина алған. Қазір коронавирусқа шалдыққан науқастың 6 пайызы – балалар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шілде айында балалардың дерт жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп, жалпы саны 13 047-ге жеткен. Дәрігерлердің айтуынша, барлық мекемелерде ұжымдық иммунитет қалыптастыру өте маңызды. Сол кезде ғана індеттің беті қайтып, аты жаман ауру бәсеңдейтін көрінеді. Жалпы, мамандар екпе алу профилактика үшін керек деген тұжырым жасап отыр.
МӘСЕЛЕ КИІМДЕ ЕМЕС, ЗЕЙІНДЕ Оқушылар мектеп формасын киюге міндетті ме? Ата-аналарды алаңдатқан сауалға Білім және ғылым министрі былай жауап берді: «Мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық», – деді Үкімет отырысында. Әлемді жайлаған індет түрлі салаға шығын әкелді. Соның бірі – сауда-саттық кәсібі. Пандемия салдарынан арнайы мектеп формасын тігетін тігін шеберханалары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Кейбір мектеп мұғалімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары оқушылар арасында әлеуметтік теңсіздік орнап кетуінен қауіптенеді. Десек те, мектеп формасының міндеттелмеуі ата-ана қалтасына да салмақ болмайтыны анық. Сондықтан биыл классикалық үлгіге рұқсат етілуі түйінделген мәселені шешкендей болды. Десек те, мектеп формасы оқушының жауапкершілігін арттыратын негізгі фактор екенін естен шығармаған жөн.
ҚАЙТА ОРАЛҒАН ӘЛІППЕ, СЫНҒА ІЛІККЕН – САУАТ АШУ Білім және ғылым министрінің айтуынша, биылғы оқу жылында екі облыс бойынша оқулықтар жеткіліксіз. Олар – Түркістан және Павлодар облыстары. Аталған облыстарда қосымша қаржы бөлініп, бұл мәселе шешіліп қалар деген үміттеміз. Білім күні 1-сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау ұйымдастырылады. Ал 2-11 сынып оқушылары бекітілген кабинеттерге барып, тақырыптық сынып сағаттарына қатысады. Алғашқы қоңырау салтанаты кезінде алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге Әліппе оқулығы табысталатын болады. Бес жыл бұрын оқулықтың атасы атанған Әліппе себепсіз алынып, Сауат ашу енгізілген болатын. Бұл жаңалық қоғам наразылығын тудырып, сынға ұшырап еді. Биыл жоғалғанымыз табылып, сөнгеніміз қайта жанғандай қуандық. Алайда, білім төңірегінде әңгіме қозғалғанда оқулықтың олқылығынан айналып өте алмаймыз. Әлі күнге дейін оқулық дауы жалғасып келе жатыр. Кінә кімнен, қате неден?!. Әліппемен қауышатынына қуанған қоғамды енді оқулықтың мазмұны қызықтырады. Ғасыр құрдасына айналған оқулық ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының негіздемесінде әзірленген. Жалпы оқулық алмастыру – білім беру реформасы бола ала ма? Бұрынғы әдістеме қазіргі заман талабын қанағаттандыра ма? Осы және өзге де оқулық мәселесін мамандардан сұрап көрдік.
Шынар ҚАПАНТАЙҚЫЗЫ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:ОҚУЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫ БАСПАҒА ӨТКІЗБЕЙ ТҰРЫП, ҚОҒАМ БОЛЫП ТҮЗЕСЕК – Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманымын. Студенттеріме өзіндік жұмыс ретінде үнемі оқулықтарға талдау жасатамын. «Біткен іске сыншы көп» деген бар ғой. Сол оқулықтар баспадан шықпай тұрған кезде okulyk.kz сайтына жарияланып, халық талқысына ұсынылады. Сол кезде белсенділік көрсету қажет деп ойлаймын. Солай баспадан сапалы оқулық шығуына әркім өз үлесін қоса алады. Елімізде оқулық сапасын жан-жақты бағалаудың ауқымды жүйесі жасалған. Ол жерде мамандар тарапынан оқулықтың сыртқы түрі, безендірілуінен бастап, психологиялық, тәрбиелік, дамытушылық әсерімен қоса, ғылыми, дидактикалық, ақпараттық, тілдік, әдістемелік мазмұнына дейін түгел қамтитын жүзге тарта өлшемшарт бекітілген. Олар үнемі толықтырылып отырады. Ең бастысы деп айтуға келмейді, әрқайсысы маңызды, өйткені бәрі бір-бірімен тығыз байланыса келіп, біртұтас сапалы дүниенің дайындалып шығуына кешенді түрде ықпал жасайды. Әрине, ең алдымен ғалымдар мен практик мұғалімдерден тұратын тікелей мамандар ұжымы жұмыс істеуі қажет. Жақында бір жобаның басы-қасында жүрдім. Әріптестерімізге оқушының жас ерекшелігін ескере отырып, ойды нақты жеткізуге қажет тілдік құралдар мен бірліктерді іріктеуде, сөйлемдерді стильдік тұрғыдан дұрыс құру үшін лингвист мамандардың көмегі аса қажет екеніне көзім жетті. Нағыз өз ісіне берілген, білімді мамандардан тұратын ұжым болса, пікірдің бәрі тыңдалып, ең тәуірі жарыққа шығар еді.
«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры:
ОҚУЛЫҚ ҮШІН ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС – Биылғы жаңалық оқулықтың әр бетіне QR кодын енгізгеніміз десек болады. Оқулықтағы мақал-мәтел, өлеңдерді оқушы сканерлеу арқылы аудио нұсқасын тыңдай алады. Орыс тіліндегі Букварьға да дәл осындай функция орнатылған. Бұл – цифр дәуірінің дамығанының дәлелі. Заңнамаға сәйкес оқулықтар бес жыл сайын жаңарып отырады. Жаңарудың жолы – оқулықты қайта басу немесе бұрын қолданылған оқулыққа түзету мен толықтыру енгізу. Елімізде кітаптарды басып, әзірлеу мемлекеттің жауапкершілігіндегі дүние емес. Мемлекет тек сапасына қатысты сараптама өткізеді. Қазір 40-қа жуық баспа бар. Олардың 20-сы айтарлықтай белсенді. Қанша оқулық жарық көрсе, сонша сын-пікірдің астында қаламыз. Алайда деректерге қарап сөйлеген дұрыс. Өйткені оқулықтардың сапасына қатысты алып-қашпа әңгіме көп. Азаматтық қоғам қалыптастырып, демократияға бетбұрыс жасап жатырмыз. Сондықтан әркімнің пікір айтуға құқығы бар. Оқулықты үш жарым миллион оқушы тегін қолданады. Оқушының қасында ата-анасы, әжесі бар. Олар баласымен бірге сабақ оқуға ынталы екен. Карантинде осыған көзіміз жетті. Сізге өтірік, маған шын, осы күнге дейін 7-8 миллион адам оқулық туралы пікір білдірді. Сондықтан оқулықтың олқылығы мәселесіне оралмау мүмкін емес. Одан кейін қоғам сұранысын қанағаттандыратын әмбебап оқулық құрастырып шығару – шындыққа жанаспайтын дүние. Орталығымызда сын-ескертпелерге үнемі бақылау жүргізіледі. Оның басым көпшілігі расталмайды. Сын-пікір айтатындар маман болмай шығады немесе жеке субъективті пікірін айтады. Кейбіреулер фейк аккаунттар арқылы әдейі дау шығарып, арандатып отырады. Әлеуметтік желінің жазылмаған заңдылығы бойынша олар шын ақпараттан гөрі, бес есе тез тарайды. Ресми өкіл ретінде мойындаймын, оқулықта қате бар. Басым көпшілігі – техникалық сипаттағы қателер. Кейде ғана морфологиялық қате кездеседі, бірақ аз. Жақында осы тақырып төңірегінде мәлімдеме жасаймыз. Мемлекет тарапынан іс-шаралар қолға алынып жатыр. Мемлекеттік сараптаманың ережесі мен рәсімдері өзгерді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, баспалардың жауапкершілігі күшейді. Баспалар әзірлеген оқулықтарын әкелместен бұрын баспаішілік сараптама өткізу міндеттелді. 2012 жылы жарық көрген Білім және ғылым министрлігінің №344 бұйрығы бар. Сол жерде баспалардың қалай сараптау керегі егжей-тегжейлі баяндалған. Оқулықты басып шығару – нарық пен бәсеке. №344 бұйрыққа сәйкес, бізге келген оқулық пен оған ілесіп келетін оқу-әдістемелік кешендерін сараптау үшін команда құрамыз. Іштегі қызметкерлерден бөлек, 2000-ға жуық сырттан бақылайтын сарапшылар құрамы бар. Содан іріктеп, бір ғалым, бір әдіскер, бір мұғалім таңдалады. Мұғалімдердің өздері зерттеуші-педагог санатынан болуы керек. Еңбек өтілі мен авторлық туындылар жазғаны да ескеріледі. Одан кейін қоғамдық талқылау деген бар. Биылғы жаңа оқу жылында оқушыға жол тартатын жаңа кітаптардың онлайн таныстырылымында модератор болдым. Әр оқулыққа кемінде 16 мың адамнан пікір айтты. Мысалы, Әліппе оқулығын көбі ұнатты. Қоғамдық талқылау кезінде Нұр-Сұлтан, Семей, Қызылорда, Тараз қаласына бардық. 379 мұғаліммен кездесіп, олармен пікірлестік. Осылардың бәрін қорытып, пәндік сараптамалық комиссияға жібердік. Бірақ қоғамдық талқылаудың маңызын әсірелеп жіберуден абай болған жөн. Қоғам ішінде түрлі саланың мамандары бар. Тіпті, дамыған елдердің өзінде қоғамдық талқылаудың үлесі – 5 пайыз. Өйткені шешімді сала мамандары қабылдайды. Бізге журналистер мен лингвистерді, қоғам қайраткерлерін оқулық сараптауға қосыңдар деген ұсыныс айтылды. Бірақ басы-қасында жүрмей, тек келіп-кетіп пікір берушілер қажет емесін бірден айтамыз. Оқулық жоспарланғаннан бастап, жарық көргенге дейін кәсіби мамандар ғана жұдырықтай жұмылуы керек.