Ағып түскен жұлдыздай

Ағып түскен жұлдыздай

Ағып түскен жұлдыздай
ашық дереккөзі
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ішінде респуб­ли­камыздың түкпір-түкпірінен жиналған жастардың бір легі КазГу-дың журналистика факультетінің сырттай бөліміне оқуға құжаттарын өткізіп, бақтарын сынаған. «Жүзден жүйрік, мың­нан тұлпар» шығып, мемлекеттік сынақтарды ойдағыдай тапсырған, конкурстан сүрінбей өткен, ұзын саны елуге тарта жас аман-есен оқуға түстік. Бәріміз, ресми тілмен айтқанда өндірістен қол үзбей, яғни өмір­дің алуан саласында жұмыс жасай жүріп, жоғары білім алуды мақ­сат еткен жан­­дармыз. Жігіттердің біразы әскерге барып, ол жақта екі жылдық азаматтық борышын өтеп қайтқан тіс қаққан ересектер. Енді бір тобымыз үш-төрт жылдан оқу оқып, техникум, училище тә­мамдап тастаған дип­лом­ды мықтылар. Келесі топ бұрғылаушы-мұнайшы, қойшы, жылқышы, ме­ханизатор болып жұмыс істеп, жаз­дың ми қайнатқан аптабына күйіп, қыстың қақаған аязында шыныққан, былайша айтқанда өмір көрген са­қалар. Бәрі де сен тұр, мен атайын де­гіз­ген жаланған жастар, алдас­пан­дай жарқылдаған жігіттер. Арамызда жаңадан ғана мектеп қа­бырғасынан шыққан мөлдір жет­кіншектер де баршылық, оң мен со­лын әлі тани қоймаған балауса қыз­дар да жетерлік. Солардың бірі – ұяң мінезді Марфуға Бектемірова қарын­дасымыз болатын. Бойларынан әлгіндей жігер оты жалындаған жігіттер мен гүлдей жай­наған қырмызы қыздардың оқуға тал­пыныстары сүйсінерлік-ті. Олар­дың мұндай талпыныстарын, оқуға деген құлшыныстарын мен алғашқы күндерден-ақ байқаған едім. Біздің курсқа сол кездің өзінде аттары шыға бастаған бірер азаматтар жиналған екен. Журналистігінен гөрі, прозашылығынан гөрі, екінің бірі ақын ба деп қалдым. Сол ақын қыз-жігіттердің ішінде Марфуға қарын­да­сы­мыз ерекше көрінді. Бота көзі жәу­діре­ген, аққұба өңді, жүзі жайдары, томпиған әдемі қыз. Жібектей мі­не­зі­мен жұртқа жағып, барлығымен еркін араласып, үлкендерге үнемі іздеттілік танытып жүрді. Факультетімізде Марфуға бірсы­дыр­ғы жақсы оқыды. Лекцияларды ықылас қоя тыңдап, дәптеріне шұқ­шиып, жалықпай жазып жататын. Зейін­ді, зерек қыз болды. Небары 17 жас­та, өрімдей жас болғасын ба, бәрін тез ұғынады, ес-дерті оқу еді. Сабақтан бос уақытында А.Пуш­кин атындағы Республикалық орта­лық кітапханадан шықпайтын, қа­жет­ті әдебиеттерді алып, кезекті сес­сия­ға мұқият әзірленетін. Сосын да бо­лар, өзге ересектер секілді Алматы­ның көшелерін кезіп қызық қуалаған жоқ, кезекті сынақтарды қиналмай, жақ­сы тапсырып жүрді. * * * Бірде филология ғылымының док­торы, профессор Темірбек Қожа­кеев­тің сатира пәнінен емтихан тап­сыруға кірістік. Алдыңғылардың сапында «жүрек жұтқан» 5-6 студент аудиторияға кір­ді. Ішінде Марфуға да бар. Курстың ста­ростасы ретінде мен де бір шетте ба­қылап отырмын. Темірбек ағамыз қазақ әде­бие­тінде сатираның көшбастаушысы, жанр­дың жілігін шаққан асқан білгірі, от ауыз, орақ тілді шешен, құдіретті ұс­та­­зымыз. Мінезі тым қатал, талап­шыл. Ол кісінің өткір мысқылы, най­за­дай тілі нар түйені жыққандай. Ті­лімен түйреп алса есіңнен ауысып, қи­­ралаңдап қаласың. Оның үстіне жур­налистика факультетінің ақырған аба­дандай деканы. Ал, деканның сы­нағынан сүрінбей өту, арман еткен арғы жағалауға жету – қияметтің қыл кө­пірінен өткеннен бетер азап. Содан, жауап беру үшін Марфуғаға кезек келді. Нақты не туралы екені есім­де жоқ, әйтеуір бәрі де сатира жанрлары бойынша ғой... Ғұмыры біреу­ге жылы сөз айтып, мақтап көр­меген Темағаң бүгін дән риза, қайта-қай­та сауалдар қояды, студенті Мар­фуға мүдірер емес. – Шырағым, сен менің әлгі «Са­тира жанрлары» деген кітабымды жат­тап алғаннан саумысың өзі? Тіпті еш­бір сұрақтан жаңылысар түрің жоқ қой, жауабың нақты! Байқаймын, ең­бегің бар екен. Осы қызымызға «то­лық төрт» деген баға қойсақ қалай қа­райсыз, Әбеке? – деп қасында отыр­ған ақ шашты профессор Әбілфайыз Ыдырысовқа бұрылды. Қашанда студенттерді бауыр тар­тып, қамқор болып жүретін Әбіл­файыз ағамыз келіскендей басын ән­тек изеді де: – Мұндай жауапқа «бес» қойсаңыз да қарсы емеспіз! – деп жадырай жауап берді. Темекең басын шайқады: – «Төрт» – деді тағы да нығарлап. – Семіз төрт жарап жатыр бұл қызы­мыз­ға! Темірбек көкеміздің көңілінен шы­ғып, төрттік баға алудың өзі ол уақ­та үлкен жетістік болатын. Жетіс­тік емес, зор жеңіс еді. Жас қыздың алғырлығына, та­бан­дылығына сүйсініп, мен Марфуғаның соңынан аудиториядан шыға бердім. Ем­тиханға келесі кіретін «мық­ты­лар­ды» іріктеп, староста ретінде жүрек­те­рін басып, жігерлендіруім керек бол­ды. * * * Марфуға мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен уыз жырларымен көз­ге түскен екен. Әсіресе, ақынның сол шамада жазған «Аққуым менің қай­дасың?» өлеңі ел ішіне жақсы тарай­ды. Кейін осы өлеңге Алматыда тұра­тын композитор Әнуарбек Бекжанов тамаша ән жазып, ел аузына кеңінен жайылып кетеді. Осы әнді нақышына келтіре орындаған әнші Ералхан Әбішевтің де аты дүркіреп шы­ғады. Марфуғаның есімі де әйгі­лене бастайды. Сол «Аққуым менің қайдасың?» әні әлі күнге дейін жиын-тойларда, мә­­дениет мекемелерінің сах­на­ларын­да шырқалып жүр. Марфуғаның сө­зіне жазылған ол ән бүгінгі таңда Қа­зақ телевизиясы мен радиосының «Ал­тын қорында» сақтаулы. Түрлі ха­бар­лар мен концерттік бағдар­ла­ма­лар­да тыңдарман назарына ұсы­нылуда. Демек жақсы сөзге жазылған жақ­сы ән өлмейді екен, ол халықтың ру­ха­ни қазынасы ретінде жасай бермек. Анда-санда курста поэзия кеш­терін ұйымдастырып тұрамыз. Сол бас қосуларда Марфуға өз өлеңдерін ұяң даусымен оқитын. Жас та болса жақ­сы ақын екенін сездіретін, жау­қа­зын өлеңдері сезімге құралған, ұйқас­тары бір-бірімен жымдасып, теңеулері айшықты еді. Филология ғылымдарының док­торы, профессор Рымғали Нұрғалиев университеттегі қаламгер жастардың көркем шығармашылығына көңіл бөліп жүретін асыл ағамыз еді. Бірде ол кісі өзі өткізіп отырған қазақ әде­биеті пәні сабағында «Марфуға, кеше се­нің бір топ өлеңдеріңді оқыдым, жақ­сы екен. Сезім бар, айтар ой бар, ең бастысы бұлықсыған ақындық шоң шабыт бар. Сен былай істе... ме­нің атымнан ақын Тұрсынхан Әб­дірах­манова апаңа бар, мен жіберді деп мына өлеңдеріңді көрсет? Апайың ақылын айтсын саған, жөн сілтесін» де­гендей тапсырма бергені есімде. Болмашы ғана осы әрекеттің өзі­нен ұстазының шәкіртіне деген шы­найы қамқорлығын аңғаруға бол­ған­дай еді. Біздер, курстастары да Марфуғаны ақын ретінде мойындайтынбыз, кә­дімгідей ересек адамдай сыйлап, та­лант ретінде сыйлайтынбыз. Оның ке­лешегінен мол үміт күтетінбіз. Сол үмі­тіміз босқа кетпеді, толығымен ақ­талды деп қазір айтуыма әбден бо­лады. * * * Университетте сырттай оқи жү­ріп, Марфуға Көкшетау облысындағы Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде ұзақ уақыт тілшілік қызмет атқарды. Осы редакцияда жұмыс іс­тей жүріп, жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне екі дүркін қатысты. Қазақстан жазушыларының 8-съезіне делегат болып сайланды. Шығармашыл жастардың респуб­ли­калық «Жігер» фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Өлеңдері сол жылдары «Қарлы­ғаш» ұжымдық жинағына еніп, мер­зім­дік басылымдарда жарық көрді. Тұрмысқа шығып, өмірге үш нә­рес­те әкелді, сүйікті жар, ардақты ана болды. Әйел адам үшін өмірдегі осындай өзгерістер, отбасылық жаңалықтар жақ­сылық қуаныш қана емес, адам­ның маңдайына жазылған зор бақыт деп білеміз! * * * Жалпы біздің курс жақсылар мен жайсаңдардан да кенде емес еді. Атап айтқанда, ақын Тынышбай Рахимов пен прозаик-жазушы Болат Қанатбаев кітаптары шығып, сол кездің өзінде оқырман жұртшылыққа танылып қалған азаматтар-ды. Арамыздағы ақылман ақсақа­лы­мыз да, жасы үлкеніміз де Жүсіп Хи­сымов ағамыз болатын. Ол кісі рес­пуб­ликалық «Спорт» газетінің маң­дайалды тілшісі, елге аты мәшһүр спорт журналисі, кәсіби комментатор. Сатирик Мұқтар Шерімов түрлі ба­сылымдарда әзіл әңгімелерімен, памфлеттерімен көрініп жүрген дарынды жазушы. Қазақтың қараторы аруының эта­лонындай Гүлзейнеп Сәдірқызы «Егемен Қазақстан» газетінің білдей қыз­меткері, еліміздегі сирек маман­дық иесі – стенографист. Мұғалім­дер­дің аузынан шыққан сөзді, лекция­лар­ды сол қалпында бізге белгісіз бір сы­зықтармен, ноқаттармен сарт еткізіп қағазға түсіре қояды. Оның сим­воликалық шимайларынан бізге пай­да жоқ, оқи алмаймыз. Кейде жа­лынып-жалпайып өзіне оқытып, біл­мегенімізді сұрап жүргеніміз. Бақыткамал Қанарбаева сол жыл­дардың өзінде өткен ақындар мен жыраулардың шығармашылығына ден қойып, шаң басқан архивтерді ақтарып жүрген зерттеуші. Кейін Мағжан Жұмабаев ақталғаннан кейін, ол жайында монография шығарды, кандидаттық диссертация қорғап, басыбайлы ғылым жолына түсті. Кейін күндізгі бөлімге ауысып кет­кен, бүгінде танымал прозашы, дарын­ды қаламгер Заря Жұманова да бірінші курста бізбен бірге оқыды. Біз де қара жаяу емеспіз, ол кезде жазу­шылықта шатағымыз жоқ, ол ауыл­ға әлі ат ізін салмаған кезіміз. «Бі­лім және еңбек» деп аталатын ғы­лыми-көпшілік жастар журналының редакциясында көркемдеуші ре­дак­тормыз, яғни суретшіміз. Жур­налдың ма­кетін сызамыз, әлем-жәлем сурет­терін саламыз, фотоларды іріктеп көркемдеумен айналысамыз. Ең қызығы, бірер азаматтар өзінің өмірлік қосағын, болашақ бақытын осы курстас қыздардың ішінен тапты, қос-қостан қол ұстасып үйленіп, шаңы­рақ құрысты. Қалған көпшілік уни­верситеттен соң өздері туып-өс­кен өңірлерге кетіп, облыстық газет­терді, аудандақ газеттерді басқарды, біртіндеп аттары шыға бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарынан қол үзген жанды естімеппіз, бәрі де рес­публикалық газет-журналдарда, өңір­лік газеттерде тілші болып, ра­дио-теледидарларда комментатор бо­лып, өмірден өз орындарын тапқа­нын ұзын құлақтан естіп-біліп отыр­дық. Ал, біз сөз етіп отырған Марфуға Бек­темірова болса, университеттен соң Қостанай облыстық радиосында, облыстық әкімшілікте қызмет етті, «Ана тілі» газетінің осы облыстағы мен­шікті тілшісі, Қазақстан Жа­зу­шылар одағының Қостанай облыстық филиалының директоры болды. Соңынан Астанаға қоныс ау­да­рып, «Аударма» баспасында аға редак­тор, «Ауыл» газетінде тілші, «Есіл» рес­публикалық газетінің бас редак­торы болып жұмыс істеді. Қай жерде еңбек етсе де Марфуға қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәр­тебесін көтеріп, оның қолдану ая­сын кеңейту, ұлттық құнды­лық­тарымызды дәріптеп, дамыту тұр­ғы­сында игі істерді атқаруға ұйытқы болып жүрді. Жанын сала елдік мүд­делерді насихаттап, өлеңдерімен де, жазған мақалаларымен де қазақтың қайсар қыздарына тән қайраткерлік танытумен болды. * * * Ақын болып туған соң қат-қабат шаруаларға қарамастан Марфуға Бек­темірова өлең жазуын ешқашан тоқ­татқан емес. Онға тарта жыр кітабын шы­ғарды. Орыс тіліне аударылған жауһар жырлары Мәскеу қаласында «Белый парус мечты» деген атпен жарық көрді. Бір топ өлеңдері 10-томдық «Қа­зақ поэзиясы антологиясының» 7-то­мына енді. Өзі аударған орыстың даңқ­ты ақыны Анна Ахматованың өлең­дері «Аударма» баспасынан жеке кі­тап боп басылып, оқырмандар қо­лына тиді. Марфуға Бектемірова шын мәні­сін­де талантты ақын, қаламы жүйрік жур­налист еді. Ол Фариза Оңғар­сы­нова бастаған қыз-келіншектер поэ­зия­сының аз ғана жұлдызды шо­ғыры­нан көріне білді. Өмірінің соңына дейін мөлдір махаббатты, адал дос­тық­ты, сүйікті Отанын, туған елінің әсем табиғатын, жасампаз өмірді жыр­лап өтті. Бір факультетте, бір курста оқы­ған аяулы қарындасымның жарқын бей­несі әлі күнге көз алдымда. Өмір­ден ерте кетсе де Марфуға Бекте­мірова­­ның есімі жыр сүйер оқырман­ның жадында ұзақ сақталады деп санаймын. Бұл арада Марфуғаның өмірлік жол­дасы, белгілі жазушы Есенгелді Сүйі­новтың игілікті істер атқарып жүр­генін айта кеткім келеді. Есенгелдінің бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ака­де­миялық кітапханасында ақын Мар­фуға Бектемірованы еске алу кеші екі рет өтті. «Қазақстан» телеарнасының кө­мегімен «Жарқын бейне» фильмі түсірілді. Ақынның екі томдық «Таңдамалы шығармалар» жинағы жарық көріп, Ұлттық музейде оның тұсаукесері мен жеке заттарын салтанатты түрде тап­сыру рәсімі болды. Көкшетау қаласындағы Мағжан Жұ­мабаев атындағы Ақмола об­лыс­тық әмбебап кітапханасында қа­зақ­тың аяулы қызының электрондық нұс­қадағы шығармалары мен құжат­тарының тұсаукесер салтанаты жер­лестерінің естерінде ұзақ сақталатын игілікті шара болды. Бірқатар мерзімдік басылымдарда Марфуғаның өлеңдері жарияланды. Осы шаралардың баршасы өмірден ерте кеткен, бұлықсыған таланты жан-жақты ашылған кезде арманда кет­кен ақын қыздың рухына жасал­ған тағзым іспеттес еді. Алда көрнекті ақынның толық шы­ғармаларының көп томдығын шы­­ғару, өлеңдерін шетел тілдеріне ау­дару, есімін есте қалдыру жұмыс­тары тұр. Бұның бәрі жанашыр адам­дар­дың, тиісті мемлекеттік орган­дар­дың бірлесіп, жұмылып атқаратын ама­натты шаруа болмақ. Иә, ақын шығармаларын іздейтін, оқитын туған халқы, есімін құрмет­тей­тін елі барда Марфуға Бектемірова жайындағы әңгіме ұдайы жалғаса бер­мек.

Әлібек Асқаров, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері