Кенесары хан
Кенесары хан
Ұлттық тарихи сананы қалыптастыруда ұлт-азаттық қозғалыстың тарихтан алар орны ерекше. XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстарына талабы мен талантын, шабыты мен табысын бағыштаған тарихшы-ғалым, ҚРҰА-ның мүшесі, профессор Ермұхан Бекмаханұлы екені баршаға аян. Жеке басқа табыну кезінде, Кеңестік тоталитарлық дәуірде ұлт-азаттық қозғалыстың зерттелуі мүмкін болмады, шындық бұрмаланды, шындықты айтпақ болған Ермұхандай ғалымға қылбұрау салынды. Сөйтіп 25 жылға сотталып, итжеккенге, Сібірге айдалды.
Бүгін еліміз егемендікке жетіп, тәуелсіздік алған сәтте шындықты ашып айтар күн туды. Жұртшылыққа мәлім, Алтын Орда ыдырап, Шыңғысхан іргесін қалаған империя құлаған кезде оған 300 жыл бойы бағынышты болған орыс мемлекеті есін жиды. Дәл осы кезде түріктектес халықтардың да, Қырым, Қазан, Астрахан, Қазақ, Сібір хандықтары құрылды. Орыс мемлекеті бірте-бірте күшейіп, империяға айнала бастады. Ол алма-кезек Қырым, Қазан, Астрахан, Сібір хандықтарын жаулап, өзіне бодан етті. Сөйтіп, біздің сахараның шетінен бір-ақ шықты. Қазақ еліне Бұқар ата айтқандай:
Шашын күнде тарайды,
Күншығысқа қарайды, – дейтін орыс елінің өкіметі көзін тікті. Оны болашақта жаулап алу идеясы сол XVI ғасырдан бастап, Ресей патшаларының бір сәт жатса түсінен, тұрса ойынан кетпейді. Бірінші Петр «Азияның кілті мен құлпы» саналатын қазақ сахарасы ертелі-кеш Ресейге қосылуы, бодан болуы осылай мемлекеттік саясат дәрежесінде қалыптасты.
Қазақ еліне іргелес қорғандар салына бастады. 1716 жылы Омбыны, 1718 жылы Семейді, 1719 жылы Өскеменді салды. Қазақ жеріне әскери экспедициялар жасақталды. Ақыр аяғында 1731 жылы Әбілқайыр Ресейге өз еркімен бодан болды дегенді бетке басады. Шын мәнінде бұл іс Ермак жорығынан бастап, ерте ме, кеш пе қазақ елі Ресейге қалайда қосылуы ақиқат болатын.
1822-1824 жылдары отаршылдықтың жаңа кезеңі басталды. Хандық билік жойылды, қазақ елі орыс мемлекетінің губернияларының құрамына енді. Қазақ елінің бір бөлігі – Бөкей ордасы Нарын құмына резервацияға айналды. Енді әскери отаршылдар қазақ елін жағалап емес, оның жүрегінен, қолқасынан алып, шұрайлы жерлерін тартып ала бастады, Астрахан, Сібір, Орал казактары қоныстанды. Қазақ елінің басына күн туды. Міне, осы сәтте тарих сахнасына Сырымдай, Исатайдай, Махамбеттей, Есеттей, Жанқожадай, Кенесары хандай ұлы перзенттері келді.
«Біздің тарихнамада XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстағы кемшіліктеріміз қандай?» деген сұрақ туады.
1. Ұлт-азаттық қозғалыс империя тұрғысынан қаралып келді.
2. Азаттық үшін көтеріліс бір-бірінен бөлшектеніп жеке-жеке қаралды. Ал шын мәнінде 1784-1797 жылдар С.Датұлы бастаған көтеріліс, 1824-1836 жылдардағы Саржан сұлтан бастаған халық толқуы, 1836-1838 жылдардағы Исатай-Махамбет бастаған көтеріліс, 1837-1847 жылдардағы Кенесары бастаған қозғалыс, 1856-1857 жылдардағы Жанқожа бастаған көтеріліс, міне осылай тізбектеле кете береді. Сонау XVI ғасырдың аяғынан 1916 жылға дейін осындай 300-ге жуық көтерілісті санауға болады.
3. XIX ғасырға үнілсек, Ресей отаршылдығына қарсы 25 жылға созылған наиб Шәмілдің қозғалысы, поляктардың көтерілісі, Әндіжандағы халық толқулары.
4. Ал әлем көлемінде бір кезеңде Үндістан сыпайлары ағылшын отаршылдарына, Абд-әл Кадар бастаған Алжир халқының француз отаршылдарына қарсы, Қытайда ұлт-азаттық қозғалыстары жүріп жатты.
Ресей тарихнамасында отырықшылық цивилизациясы яғни, өркениетті көшпенділер өркениетіне қарсы қойылып келді. Дала өркениеті отырықшылық өркениетінен бірнеше саты төмен қаралды. Шындығына келсек, көшпенділерсіз отырықшылар өркениеті жоқ. Олар болса Македонскийдің, Шыңғысханның қалың қолын тоқтатты. Ресейді, Еуропаны талай рет апаттан алып қалды. Көшпенділер өркениеті әлемге жоғары өнерімен, мәдениетімен, әдебиетімен, соғыс өнерімен танылды. Көшпенділер өркениетінің құдыретінің бірі – хандық билеу құрылымы.
Хандық билік XVII-XVIII ғасырлардағы даму барысында бірнеше кезеңнен өтті. Жау жағадан, бөрі етектен алған заманда ханның қаһары қайтты, оның күні барша халыққа түсті. Хан әулеті, сұлтандар, феодалдар қиын-қыстау күнде халыққа қалқан бола алмады, олардың қоғамдағы мәртебе-дәрежесі төмендеді. XVIII ғасырда Шыңғыс әулетінен тараған ханзадалардың қадірі құлдыраған кез еді. Ел басына күн туған кезде қазақ елінің ханзадалары тақта емес, ұрыс алаңында сынға түсті. Халықтың ары мен намысын қорғар ер, күрес стратегиясын болжар көреген, қажырлы қайраткер ғана дүрбелең сынынан өте алды. Бөрілі байрақ көтерген ұлы Шыңғыстың ата дәстүрінің шын мәніндегі мұрагерлері азайған шағы еді. Міне, осы сәтте қазақ еліне жау ойран салғанда Бұқар баба айтқандай «қиядан қиқу төгілсе, атының басын тартпаған, қисапсыз жау көрінсе, түршігіп беті қайтпаған батыр шыққан халқыңнан, қазақ атты халқыңнан».
Қарадан шыққан әскери элита, елге билік айтқан шешендер мен көсемдер ханның тірегіне айналды. Хандық билік пен ақыл-күштің тетігі батырлар мен билер билігіне ұласты. Билер мен батырлар әкелген қара халықтың рухы хандық өктемдікті шектей білді. Үш жүз біртұтас халық болып қауышып, ынтымақ-бірлік туы астында табысатын. Шын мәнінде, осындай барша халықтық жиындар сол заманға лайық парламент болатын. Абылай ханның даналығы мен көрегендігі осы бір дала демократиясын, хандық диктатураны бір тірекке сала білді. Ерлік ұранымызға, бірлік құранымызға осылай айналды. Бөгенбай бастаған, Қабанбай қостаған жаужүрек батырлар Абылайдың семсер ұстаған қолы болса, Бұқар дана мен Төле би бастаған шешендер мен көрегендер тобы Абылайдың сезімтал жүрегі болды. Міне, осылай диктатура мен дала демократиясы жаугершілік заманда өзіндік үндестігін тапты. Хан жанында билер алқасы, әділқазылар алқасы, хан кеңесі қалыптасты. Басқаша айтқанда, осы бір кезеңде дала демократиясы дүрілдеді.
Сондықтан кейбір зерттеушілердің хандық құрылысты тарихи кезеңде нақты зерттемей монархияға апарып тіреуін мен өз басым дұрыс деп санай алмаймын.
1822-1824 жылдары хандық билік біржола жойылған кезде Кенесары хандық билікті қалпына келтіремін деп күрес бастағанда атасы Абылай, әкесі Қасымның жолын қуды.
Кеңес тарихнамасында біз хан Кенесары қозғалысын «баукеспелер» дәрежесіне, ал хан Кененің өзін қара жолдың бойын торуылдаған қарақшы бейнесіне дейін төмендетіп келдік. Ал қазір хан Кенеге деген құрмет жоғары сатыға көтерілген сәтте де сол тарихи тұлғаның қадір-қасиетін біз әлі де жете біле бермейміз. Ал шетелдік тарихшы В.Потто хан Кенені «қазақтың Шәмілі» деп бағалаған. Алайда Кенесарының өле-өлгенше күресіп өткенін, ал Кавказ халықтарының рухани көсемі атақты имам Шәмілдің орыс басқыншыларына қарсы жиырма жылдан аса соғысып, ақыр соңында өзі берілгенін де естен шығармаған ләзім. Имам Шәмілдің аруағын шешен елі, бүкіл Кавказ жұрты әлі күнге дейін қастерлейді, рухына табынып отырады.
Он жыл бойы үзіліссіз Ресей империясымен, опасыз Қоқан хандығымен соғысып өткен соңғы ханымыз 1847 жылы шейіт болды.
Нысанбай жырау жырлағандай Кенесары өлгенде:
Кене ханның тұсында,
Қарт бурадай жарадық.
...Кене хан жазым болған соң
Шіл боғындай тарадық.
Көрінгеннен қорғалап
Кісі аузына қарадық! –
деген, Алаштай қалың елдің ханы Кенесарыдан кейінгі мүшкіл келді қорғансыз кетті деп тура айтқан.
Жүрегі лаулаған от, ғажайып патриот хан Кене еңкейсе иен еліне, шалқайса асқар шыңына сүйенеді, халық басына күн туғанда елдің тірлігін, елдің бірлігін, оның еркіндік туын ұстаған ер. Кене ханның батырлығы – ерен батырлық. Ол – дәуір перзенті, дәуірдің алып тұлғасының бірі, алмағайып ғасырдың батыры.
Тәуелсіздік үшін арпалысқан Кенесарыдай ерлер халық тарихында мәңгі жасайды.
Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Қызылорда каласы