Жаңалықтар

Несие аларда нені ескеру керек?

ашық дереккөзі

Несие аларда нені ескеру керек?

Елімізде жыл сайын халықтың қаржылық сауаттылығы артып ке­леді. Бұрынғыдай артық ақ­ша­ны жастықтың астына жинаудың тиім­сіз екенін түсінген жұрт банк­тен депозит ашуды ұтымды пай­да­ланады. Мысалы, 2018 жылы жеке тұл­ғалар ашқан депозит көлемі 58,5 трлн теңге болса, 2021 жыл­дың бірінші тоқсанында бұл сома 90,7 трлн теңгеге жеткен. Осы рет­те, депозит ашуға ниеттілер са­ны­ның артуымен қатар, несие алу­шылардың да белгілі бір деңгейде өс­кенін аңғарамыз. Мысалы, 2018 жы­лы жеке тұлғаларға берілген не­сие көлемі 12,8 трлн теңге. Ал был­тыр бұл көрсеткіш 14,4 трлн тең­геге жеткен. Осы ретте айта ке­­­терлігі, несие мен депозитті бай­ланыстыратын Ұлттық банк бе­кіткен базалық пайыздық мөл­шерлеменің маңызы зор. Базалық пайыздық мөлшерлеме: ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Банктің жеке тұлғаға беретін «қа­ры­зы» мен жеке тұлғаның банкке бе­ре­тін «қарызының» пайыздық мөл­шер­лемесі қарыз беру арқылы түсетін пай­­даның көлемін анықтайды. Осы рет­­те, базалық пайыздық мөлшерлеме арт­­са, ұлттық валютаның құны да кү­ш­ейе­ді. Былтыр 10 наурызда Ұлттық банк теңгенің базалық мөлшерлемесін 9,25 пайыздан 12 пайызға өсіргені есі­­­мізде. Арада 1 ай уақыт өтпей жа­тып базалық пайыздық мөлшерлеме 9,5 пайызға қайта төмендетілді. Оның себебі мынада: Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені жоғарылату арқылы инфляция мен девальвация­ның қарқынын баяулатты, бірақ бұл ше­шім екінші деңгейлі банктердің не­сие пайызын өсіруге себеп болды. Бұл несие алушылар үшін тиімсіз. Әсі­ре­се шағын және орта кәсіпкерлікпен ай­налысатындар үшін жағдай қиынға соқты. Базалық пайыздық мөлшерлеме 9,25 пайыз болған кездің өзінде кәсіп­керлер несие алуға асықпады. Де­ген­мен, ағаштың екі ұшы бар де­мек­ші, бұл жағдайдың тиімді тұсы сол база­лық пайыздық мөлшерлеме кө­теріле салысымен депозиттің пайы­зы артты. Сол-ақ екен ел азаматтары теңгемен де­­позит аша бастады. Сарапшылар ел­дегі инфляциялық дәліз 9-11 пайыз аралығында сақталса, Ұлттық банктің ба­залық пайыздық мөлшерлемені 9,25 пайыз межесінде ұстауы дұрыс шешім еке­нін айтады. Шетелде несие алу неге тиімді? Банк секторында дамыған елдердегі жағ­дай мүлдем басқаша. Олар базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетуге ты­рысып, жеңілдетілген несие саясатын ұстай­ды. Мысалы, АҚШ-та доллардың кілтті пайыз­дық мөлшерлемесі 0,25 пайыз болса, Еуропа елдерінде де еуроның кілтті пайыздық мөлшерлемесі сол деңгейде сақталған. Бұл үде­рістен Жапония да қалыс қалмады. База­лық пайыздық мөлшерлемесі төмен елдерде ал­ған несиенің үстінен қосып төлейтін пайы­зы да төмен болады. Мысалы, 2-3 пайыз кө­лемінде бекітіледі. Бұған жылдық ин­фля­ция деп қарайды, сөйтіп несие алу халыққа ар­тық салмақ салмайды. Төмен пайыз бол­ған­дықтан бастапқыда алған қаражатын шеті­нен «бөліп төлейді». Мұндай жағдайда да­му­шы елдердегідей халықтың төлем қа­білеті «төмен» тобымен күрес жүргізудің қа­жеті жоқ. Ал біздегі екінші деңгейлі банктер ұсын­ған несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жо­ғары болғандықтан әуелде алған қарыз­дың үстіне екі есе қосып төлеуге тура келеді. Мы­салы, банктердегі кепілсіз тұтынушылық не­сиенің ең төменгі жылдық пайыздық мөл­шерлемесі – 8,3 пайыз, орташасы – 15,7 пайыз, ең көбі – 25 пайыз. Ең төменгі пайыз­ды көптеген банктер ұсына бермейтінін айта кеткен жөн. Кезінде депутаттар несие ставкаларын 7-8 пайызға дейін төмендету туралы үн­деу жасағанын білеміз. Ол үшін Ұлттық банк бекіткен базалық пайыздық мөл­шер­ле­мені кемінде 3-4 пайызға дейін азайту қажет бо­лады. Бұл қадам экономиканы қолдан құл­дыратқанмен бірдей. Айырмашылық мы­нада: базалық пайыздық мөлшерлемесі 0,25 пайыз болып бекітілген елдерде инфляция 1-2 пайыз болса, бізде 8,4 пайыз. Олар тауар­дың құнсыздануымен күрессе, біз теңгенің құнсыздануымен күресеміз. Ал «базалық пайыздық мөлшерлемесі 0,25 пайызды құрай­тын елдердің банктері Қазақстан на­рығына неге кірмейді?» деген сұрақ туындаса, оған жауап дайын. Біріншіден, шетелдік банк­тер қазақстандықтарға төмен пайызбен несие бере алмайды. Себебі, олар Ұлттық банк бекітіп берген 9,25 пайыз болатын ба­залық пайыздық мөлшерлемені «аттап өте ал­майды». Яғни, «ойын шарты» қазіргі нарық­тағы банктермен бірдей. Екіншіден, дамыған елдердің банкі үшін Қазақстан халық саны аз, нарығы ауқымды емес болғандықтан тиім­сіз. Базалық пайыздық мөлшерлеме тек депозит пен несие саясаты үшін ғана емес, бүтін бір ел экономикасы үшін негізгі көр­сеткіш саналады, халықтың өмір сүру деңгейін анықтайды десек, артық айтпаған болар едік. Жаңа ереже банк үшін тиімді, халық үшін тиімсіз... Былтыр Ұлттық банк қарыз алушының төлем қабілетін анықтайтын жаңа та­лап енгізді. Қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентін екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар орындауға міндеттелді. Сөйтіп, жаңа талап бойынша табысы күн­көріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды. Ең негізгісі, несие алушы табысының 50 пайызын несие төлеуге жұмсайды деген қағида өзгерді. Несие алуға ниетті адамның төлем қабілеті отбасындағы кәмелетке толмаған балалардың санын ескеріп есептеледі. Әр бала үшін жалақыдан төменгі күнкөріс деңгейінің жартысы қалуы керек. Мысалы, қарыз алушының екі баласы бар. Кепілсіз несие алу үшін оның 68 мың тең­геден астам, яғни екі баласының әрқай­сына 34 302 теңге қаражат қалуы тиіс. Бұрынғы тәсіл бойынша банктер несие алуға келген тұтынушыға әр түрлі та­лап-шарт қояды. Сөйтіп, несие тағайындалса я болмаса мақұлданбаса нақты қандай фак­тор әсер еткені белгісіз күйінде қалатын. Банк­тер көп жағдайда зейнетақы қорына ау­дарымдарды тексерумен шектелетін. Жаңа ереже бойынша талаптың кү­шей­гені банк үшін жақсы, бірақ не­сие аламын деген халық қағазбастылыққа тап болады. Бұдан былай қарыз алушы өзі тура­лы көбірек ақпарат беруге міндетті. Банк сұрататын құжаттардың ішінде: зейнетақы тө­лемі, жалақы және өзге де кіріс түрін анық­тайтын құжат, зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру төлемі, салық аудары­мы негізінде есептелетін кіріс туралы ақпарат және т.б. Бұған қоса, банктер қарыз алушы­ның шотындағы түсім мен алымдар туралы ақпаратты талап етеді. Соңғысы, отбасы мү­шелері, қарыз алушының баласы болса, оны растайтын құжат сұратылады. Мұның бар­лығы не үшін қажет? Банк қарыз алушы туралы неғұрлым көп ақпарат алатын болса, не­сие тағайындау туралы шешім қабылдау со­ғұрлым жеңіл болмақ. Сарапшылар талаптың күшейгені банктердің несие беру үлесінің кемуіне алып келеді деген болжам жасап отыр. Банк талапты қатаңдату арқылы өз табысын жасырған азаматтар мен жұ­мыс­сыздар, табысы аз азаматтардың несие алуы­на тосқауыл қойып отыр. Қазақстан қар­жы­герлер қауымдастығының талдау орталығы сарап­шылары Ұлттық банк енгізген жаңа ереже саннан сапаға өтуге мүмкіндік бере­тінін айтады. Банктер бұдан ұтылмайды, жауап­ты тұтынушылар несиені қомақты кө­­лем­де алады, сайып келгенде ойсырып қа­ла­тын ешнәрсе жоқ дегенді алға тартады. Ал бейресми табыс көзі бар қарыз алушылар үшін жағдай қиын болмақ. Табыс көзі аз не­месе жұмыссыздар үшін банктердің есігі жа­бық. Шағын қаржы ұйымдары үшін де та­лаптың күшейгенін жоғарыда айттық. «Сонда әлеуметтік осал топ тығырықтан шығу үшін несие ала алмайтын болса, елдегі кедейлер саны артып, қылмас көбеймей ме?» де­ген сұрақ туындайды. Мемлекет «көмекке» келеді... Төлем қабілеті жоқ екінші деңгейлі банк­терге мемлекет үнемі қомақты қаражат аударып келді. 2017 жылы Қазақстанда банк сек­торының қаржылық тұрақтылығын арт­тырудың бес жылдық бағдарламасы іске қосылғаны есімізде. Сол жылы «тағдыры» ты­ғырыққа тірелген бес банкке жалпы со­масы 653,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Келесі жылы Ұлттық банк аталған бағдарламаның тиімсіз екенін түсініп, жабуды жөн көрді. Алайда, көп ұзамай бағдарламаның екінші бөлігі іске қосылды. Бұл жолы мемлекеттің құтқарған кезекті банкі – Нұрбанк еді. Айта кетерлігі, 2016 жылдан 2020 жыл аралығында Қа­зақстанның екінші деңгейлі банктерінің қар­жылық өтімділігін арттыруға 6 трлн теңге бөлінген. Бүгін аталған бағдарламаға АТФ Банк, Еуразиялық банк, ЦентрКредит Банкі және Нұрбанк еніп отыр. Қазір банктердегі жағдай біршама тұрақ­талды. 2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша елдегі 25 банктің несие портфелі 15 373 млрд теңгені құраса, оның ішінде жұ­мыс істемейтін қарыздар көлемі − 1 064 млрд теңге. Банктердің жұмыс істемейтін несиелері 2011 жылы 30,8 пайызды құрап, ең жоғары көр­сеткіш көрсетті. Тек 2015 жылы бұл көр­сеткіш айтарлықтай төмендеп 8 пайызға жет­ті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің төрайымы Мадина Әбіл­қа­­сы­мова­ның айтуынша, соңғы екі жылда жұ­мыс істемейтін несиелер деңгейі (NPL 90+) 7,4 пайыз­дан 6,9 пайызға дейін төмендеді. − Проблемалық несиелер банк капита­лы­на ауыртпалық түсіреді. Банктер өз актив­терін проблемалық деп тануға және оларды жеңілдікпен сатуға тырыспайды. Нәтижесінде проблемалық активтер соңғы 10 жыл ішінде банктер мен олардың еншілес ұйымдарының балансында қалып отыр, − дейді М.Әбілқа­сымова. Белгілі болғандай, бұдан былай стрес­стік активтерді есептен шығаруға 5 жыл мер­зім бекітілді. Сөйтіп, алдағы 4 жылда жұ­мыс істемейтін несиелерді 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге дейін қысқарту жоспарланып отыр. Мемлекет екінші деңгейлі банктерге көмектесумен қатар, қазақстан­дық­тардың да несиесіне рақымшылық жасады. Бұл бастама 2019-2020 жылдары өтіп, ша­ма­мен 580 мың азамат қатысты. Ал елімізде бүгін 7,4 миллион қазақстандықтың несиесі бар. Қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банк­терге несие беру тәртібінің қатаңдауы мем­лекеттің алдағы уақытта несиелік ра­қым­шылықты қайталамайтынын көрсетеді.     − Әлемде қаржылық дағдарыс болған 2007-2009 жылдары Lehman Brothers дейтін АҚШ-тың жүйе құраушы банкі құрдымға кет­кенін білеміз. Қанша жерден экономикада алар орны орасан болса да, мемлекет бұл банк­ті құтқарып қалуға тырысқан жоқ. Бұл на­рық заңының белгілі бір дәрежеде орын­далғаны дұрыс екенін көрсетеді. Банк сек­торына мемлекет араласса, елдің эконо­ми­касы ешқашан дамымайды. Мемлекет бар ресурсын банктердің жолына сарп етеді. Сөй­тіп, әлеуметтік жауапкершілік көлеңкеде қа­лады. Бізде 2009 жылы банктер мем­лекеттен айтарлықтай қолдау көрді. Сол жылы Ұлттық қордан 4 млрд теңге банктерді «құтқарып қалуға» аударылғанын білеміз. Осыдан кейін банктер проблемасын мем­ле­кетке сілтей салу әдетке айналдырды. Қыруар қара­жат тоқтаусыз жұмсалғаннан кейін 2016 жылы банктерді құтқару шараларына тоқтау қойылды. Содан бері 5 жылда банктердің саны 33-тен 23 банкке азайды. 10 банк «құр­дымға» кетті. Меніңше, 2009 жылы банк­терді қолдау шараларын мемлекет бекер жүргізді. Бә­секеге қабілетті банктерді сол кезде анық­тау керек еді. Екінші мәселе, мемлекеттің халық не­сие­сіне рақымшылық жасауы дұрыс ше­шім емес. Әрине, елдің әлеуметтік осал то­­­бына қолдау көрсету үшін жасалған қадам екені түсінікті. Бірақ бұл бастама бір реттік шара ретінде ғана болуы керек еді. Байқа­ға­ны­мыздай, халық тарапынан «мемлекет не­сиемізді жауып берсін, тұтынушылық несие ке­шірілсін» деген тоқтаусыз ұсыныс түскенін біле­міз. Оның ішінде біреу телефон алса, енді біреуі той жасаймын деп қарыз алады. Елдегі тұ­тынушылық несиенің көлемі – 4 жарым трлн теңге көлемінде. Бұл қаражатты мем­ле­кет жаба алмайды. Несиеге рақым­шы­лық жа­сау бойынша әлемдік тәжірибені зерттедім. Сонда байқағаным, Грузия елі теңгемен есеп­тегенде халықтың 500 млрд теңгелік не­сиесіне рақымшылық жасаған. Кейін белгілі болғандай, бұл қанша жылдан бері төленбей жи­налып тұрған несие екен. Ал бізде ра­қым­шылық жасалған несие көлемі 200 млрд тең­ге шамасында. Былтырдан бері банктер тұтынушының несие төлеу қабілетіне талапты кү­шейт­ті. Оған дейін төлқұжаты болса болды не­сие беріле беретін. Кейін төлем қабілеті тө­мен азаматтар алған қарыздарын қайтара ал­майтыны белгілі болды. Бұл қаржы меке­ме­лерінің жағдайын қиындатпаса, пайда әкел­мейді. Сол себепті, банктен қарыз алған адам сол қарызын төлей алатын деңгейде болуы керек. Жаңа ережеге сай талаптың қа­тайғаны барлық тарап үшін тиімді әрі дұ­рыс шешім. Сәуле ЫНТЫҚБАЕВА, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық сауаттылықты арттыру басқармасының бастығы: БАНКТЕРМЕН «ТЫҒЫЛМАҚ» ОЙНАУҒА БОЛМАЙДЫ  

− Елдегі проблемалы несиелер не үшін көбейді? Несие алушылар банкпен «ты­ғылмақ» ойнауына бол­май­ды. Егер кезекті төлемнің мерзімі өтіп кет­се және төлемнің мерзімі әртүрлі себеп бойын­ша жылжытылса, онда үрейге беріліп банк­тен жасырып қалуға, сондай-ақ мерзім­нің өтіп кету фактісін ескермей қалуға бол­май­ды. Осы жағдайда борышты өтеу мерзі­мі­нің уақыты басталатындықтан банк өсім­пұл мен айыппұлды есептейді. Сосын борыш­кер­ге қарсы сот процесін іске қосады. Банк­тен жа­сырынып қалу әрекеті «қымбатқа» тү­с­е­ді. «Скоринг» ұғымы қаржы саласында бұрын­нан бар және қарыз алушыны, оның тө­лем қабілеттілігін білдіреді. Сонымен қа­тар, скоринг жүйесі оның кірісін ғана емес, со­нымен қатар кредит беру үшін қажетті бас­қа өлшемшарттарды да бағалайды. Мы­са­лы, қарыз алушының кредитті уақытылы жә­не адал өтеу қабілеті, жұмыс өтілі, от­ба­сы­лық жағдайы, балаларының болуы, банк кре­дит беруге неге бас тартқанын, тіпті әлеу­меттік желіде қандай топтарға жазылғанын ба­ғалайды. Кредиттік скорингтің үш түрі бар. Бірін­шісі қарыз алушының сауалнамасына бай­ланысты, онда ол сұрақтарға жауап бе­ре­ді, олардың жауаптары кейіннен скоринг жүйесімен балл беру арқылы бағаланады. Қарыз алушының бағасы неғұрлым көп бол­са, кредит алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары бо­лады. Екінші түрі алаяқтыққа қарсы іс-қи­мылға байланысты. Өз скорингтік балыңызды жақсарту үшін кредиттік жауапкершілікті арт­тыру, кредиттерді, коммуналдық қыз­меттерді уақытылы төлеу, сондай-ақ алименттерді уа­қытында төлеу, айыппұлдар мен салықтық берешекті өтеу қажет. Сіздің кредиттер бойын­ша барлық төлемдеріңіз қарыз шар­тында көрсетілген мерзімде төленгеніне се­нім­ді болу үшін өз кредит тарихыңызды үне­мі тексеріп отырыңыз. Ол үшін кредиттік бюроларға жүгіну қажет. Егер ай сайын кредитті өтеуге сіздің жа­лақыңыздың жартысынан көбі ке­тетін болса, онда кредит берілмейді. Бұл жағ­дайда қарыз жүктемесінің коэффициенті сіз үшін жоғары деген сөз. Көрсеткіші жоғары қарыз алушы өз қарызын төлей алуы екіталай, ал бұл бір­де-бір кредитор үшін тиімді емес. Кредиторлар қарыз алушының төлем қабілеттілігін және БЖК-ны екі ке­зең­мен есептейді. Бірінші кезеңде банктер не­месе микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) қарыз алу­шының кредитті өтеуге қабілеті және оны тө­леу кезеңінде қалған ақшасының өз мұқ­тажы мен отбасының мұқтажын қанағаттан­дыру үшін қаншалықты жеткілікті бола­ты­нын бағалайды. Кредит бойынша ай сайынғы тө­лемнен кейін қалатын ақша бір ересек адам­ға ең төменгі күнкөріс сомасынан аз емес және әрбір кәмелетке толмаған адам­ға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысы мөл­шерінде болуы тиіс. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отба­сылардың жағдайы қалай бола­ды деген сұраққа жауап беретін болсақ, атау­лы әлеуметтік көмек алушы − қарыз алу­шы­ның төлем қабілетін есептеу кезінде ресми табыстың мөлшері ғана ескеріледі. Екінші кезеңде банктер мен шағын қаржы ұйымдары қарыз алушының несие тарихын және қол­даныстағы басқа несиесін тексереді. Банк тарапынан тұтынушы құқығын бұзу фактісі жиі кездеседі. Биылғы жар­ты жылдықта екінші деңгейдегі банктер мен сақтандыру ұйымдарына, коллекторлық агент­тіктерге, микроқаржылық қызметті жү­зеге асыратын ұйымдарға 20 әкімшілік жаза қолданылды. Екінші деңгейлі банктер жиі жол беретін қателіктер қатарына банктік қыз­метті көрсету талабын орындамау, қарыз бойынша берешекті өтеу кезегін сақтамау, кепіл берушіге кепілге салынған мүлікке сау­да-саттық жүргізу туралы уақытында ха­бар­лама жібермеу сынды олқылықтар еніп отыр.