Ел экономикасының күші – отандық өнімде

Ел экономикасының күші – отандық өнімде

Ел экономикасының күші – отандық өнімде
ашық дереккөзі

Кез келген елдің экономикасын дамытатын сол елдің төл өнімі екені дәлелдеусіз-ақ түсінікті нәрсе. Сондықтан импорт, экспорт мәселесінде алдыңғысынан соң­­­­ғысының басым болуы аса маңызды. Бірақ ең алдымен өндірілген өнім сол шығарған елдің талабын қанағаттандырып, толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өзге елдерге шығарылып пайда әкелсе ғана өндірісті дамытатыны белгілі. Осы тұр­ғы­дан алғанда, «елімізде Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында не өндірілді, не өн­діріл­ме­ді, қандай тауар өндіруге мүмкіндік бар еді, болашақта қай саланы дамыту керек?» де­ген сауалдарға жауап іздеу өткенімізді бағалап, болашақты болжауға мүмкіндік берері хақ.

Кеңес Одағы ыдыраған шақта сол одақтың құра­мында болған ұлттық республикалар үшін қиын кезең басталды. Өйткені бұрынғы мем­лекеттің кезінде республикаларды бір-біріне түр­лі жақтан тәуелді қылып тұрған жүйенің жі­бі үзілгенде қалыпты экономикалық қоз­ға­лыс тоқтап, дағдарыс пайда болды. Ел ішін қым­­­батшылық жайлады. Оның үстіне қаржы-қара­жат жағынан бұрынғы рубльдік аймақты ұстап қалған Ресей Федерациясы өзге рес­пуб­ли­каларды ақшамен қамтамасыз етуде қиын­шы­лық тудырып, соның себебінен Қазақстан да өзінің төл валютасын шығаруға шешім қа­былдады. Сөйтіп, Қазақстанның ұлттық валю­тасы − теңге Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің 1993 жылғы 15 қарашадағы жар­лығы бойынша ай­на­лысқа енгізілді. Бұл сая­си тұрғыдан еліміздің өз экономикасын тәуел­сіз жүргізуінің басы еді. Саяси-экономикалық жақтан азаттық алып, бәрін жаңадан бастауға мәж­бүр болған Қазақстан қандай жолмен болса да ел экономикасын көтеруге бел шешіп кірісті. Еліміз жерасты қазба байлықтарына бай болса да, оны игеруге қаражаты жоқ, ма­­мандары аз, техникасы жеткілікті бол­ма­ды. Сондықтан елде жекешелендіру ісі жүр­гізілді, мұнай-газ, өзге де байлықтарды иге­руге шетелдерден инвестиция тартылды. Алғашқы онжылдық осылай қираған экономиканы қалпына келтіруге, елдің әл-ауқатын көтеруге кетті. Бұл кезде негізінен сауда саласы дамыды. Отандық өндірісте ең алғаш тамақ өнеркәсібі жолға қойылды деуге бо­лады. Мәселен, еліміздегі сүт өнімдерінің 75 пайызын шығаратын Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шымкент т.б. қа­ла­лар­да орналасқан сүт зауыттары болса, май шай­қау, сыр қайнату өнеркәсібіне мал шаруа­шылығымен айналысатын Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан секілді экономикалық аудандары мол үлес қосты. Сөйтіп еліміздің базарлары мен басқа да сауда орталықтарында өзі­міз­дің өнімдер сатыла бастады. Ал отандық кон­­дитерлік салада өзінің сапалы өнім­де­рі­мен танылған «Рахат» кондитерлік фаб­ри­касынан шыққан тәтті түрлерінің көп­тігі және сапасы тұты­ну­шы­лар­дың көңілінен шы­ғып, тұрақты пай­да­лану­шы қалып­тас­тырды. Сол сияқты Қостанайдағы «Баян Сұлу», Қарағандыдағы «Қарағанды Кон­фет­тері» кондитерлік зауыттары да отандық кондитер саласын дамытып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп қоймай, өзге елдерге сатуда табысқа жетті. Сонымен бірге елімізден шы­­ғатын түрлі өсімдік майлары мен шұ­жық өндіру де қарқынды дамып, халықты бұл саладағы отандық өніммен жеткілікті қамтамасыз етіп келеді. Ал нан-тоқаш, ма­ка­рон өнімдері тек өзімізде өсірілетін би­дай ұны­нан жасалады. Өйткені аса са­палы нан, макарон өндіруге еліміздің жо­­ғары сұрып­ты бидайлары пай­да­ла­ны­лады. Осы орай­да Қазақстан астығы өзге ел­дерге мо­лынан экспортталатынын да ай­­та кеткен жөн. Сондай-ақ Қазақстанда ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етіп отырған отан­дық өндірістің бірі − өзіміздің қант зауыт­тары. Ал ет өндірушілер хал­қы­мыз­дың сұра­нысын қанағаттандырумен қа­тар Ре­сей, Қытай, Иран т.б. елдерге экс­порт жасап отыр. Демек, тамақ өнеркәсібінде елі­мізде отандық өнімнің үлесі мол деуге бо­лады. Қазақстанда жұрт көп тұтынатын темекі мен арақ-шарап өндірісі же­дел дамыған салалардың бі­ріне жатады. Алькогольді және аль­ко­гольсіз ішімдіктер шығаратын зауыттар көп, сондай-ақ темекі өндірісі де елдің сұра­нысын толық қана­ғаттандырып отыр. Дегенмен темекі өндіру соңғы жылдарда едәуір қысқарған. Ал та­биғи, минералды және шырынды сусындар өн­дірісі елімізде дұрыс жолға қойылған. Нарықтағы барлық түрлі сусындар ара­сында отандық өнім алдыңғы орында. Одан кейінгі ел экономикасында же­текші орындардың бірін иелене­тін жеңіл өнеркәсіп десек, халық көп тұтына­тын заттар − мата, іш және сырт киімдік трикотаж, шұлық бұйымдарын, аяқкиім, ті­гін және галантерея бұйымдарын өндіру­дің маңызы зор. Мақта-мата, зығыр, жүн, жібек, кендір-кенеп, аяқкиім, былғары жөне аң терісі бұйымдарын өндіретін салалар елімізде жоқ емес, тек соны тиімді пайда­лану жағы кемшін түсіп жатады. Өйткені әлі бұл саланы жеткілікті түрде дамыту біздің экономикамызда толық шешімін таппай жатыр. Негізінен ауыл шаруашы­лы­ғына иек артатын бұл саланы мықтап қолға алмағанның кесірінен ұтылысымыз көп. Әйтпесе, бізде тері, жүн, мақта өндіру сала­сын дамытуға мүмкіндік бар. Тәуелсіздіктен бұрынғы кезеңде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі өте жақсы дамыған саланың бірі болды. Сол кезде еліміздің жеңіл өнеркәсібінде мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істеп тұрды. Олардың ара­сында елімізден тысқары жерлерге де бел­гілі болған Алматы мақта-мата ком­би­наты (АХБК), «Жетісу», Жамбыл аяқкиім кәсіпорындары, «Большевичка» тігін комбинаты, М.Мәметова атындағы тігін фабрикасын, Қостанай, Семей мауыты-шұға ком­бинаттары секілді көптеген жеңіл өнер­кәсіп алыптарының табысы республика бюджетінің 25 пайызына жетіп тұрған еді. Ал қазір бұл саланың табысы елімізде 2 пайыз­дың ол жақ, бұл жағында. Егер әлемге көз жүгіртсек, АҚШ, Германия, Қытай, Ита­лия, Португалия, Түркия сияқты алпауыт елдерде бұл саланың табысы сол мемле­кет­тердің жалпы табысының 12-20 пайызына жетеді екен. Басқасын былай қойғанда, көр­ші өзбек, қырғыз елдерінде бұл саладан тү­сетін табыс ел бюджетінің 30 пайызына дейін жеткен. Ал бізде неге ондай емес? Қа­зақстан жеңіл өнеркәсібінің соңғы 30 жы­лына көз жүгіртсек, бұрыннан істеп келе жат­қан талай ірі жеңіл өнеркәсіп орын­дары­ның түгелге жуығы жабылып тынса, жаңадан ашылған талай зауыт-фабрикалар жұ­мысын тоқтатқан. Барларының өзі ши­кізаттың тапшылығынан ілдалдалап күн ке­шуде. Жеңіл өнеркәсіпті тұншықтырып тұр­ған импорттың көптігі дейді маман са­рапшылар. Себебі еліміздегі жеңіл өнер­кәсіпке жеткілікті көңіл бөлінбей, іскерлер бұл саладағы тауар тапшылығын Қытай, Түркия, Ресей т.б. елдерден тауар импорттау арқылы шешіп отырған көрінеді. Өнеркәсіпте маңызды саланың бірі қағаз өндіру болса, Қазақстанда бұл салада да ілгерілеушілік бар. Алматы облы­сындағы «Қазақстан қағазы» АҚ мен Kagazy Recycling серіктестігі, Алматы қаласындағы «Карина Трейдинг», «Компания В», Almapack Co LTD серіктестіктері, Шымкенттегі «Ақ­жол-2008 Лтд» және «Бумпром» ком­па­ния­лары еліміздегі жетекші қағаз өндіруші зауыт­тар болып саналады. Жалпы, барлық об­лыстарда қағаз жасап шығаратын кәсіп­орындар бар. Бірақ бұлар бәрі негізінен қо­рап, жәшік жасайтын картон мен дәрет­хана, қол сүртетін қағаз, майлық қағаздарын өн­діреді. Ал баспаханалық өнімдер − газет-жур­нал, кітап т.б. шығаратын сапалы қағаз­дың бәрі сырттан тасымалданады. Бізде баспа өнімдерінің қымбат болатын себебі сол. Қағаз ағаштардан, сабаннан жасалаты­ны белгілі. Бұл шикізаттардың алғашқысы бізде аз десек те, соңғысы жеткілікті деуге келеді. Күріш көптеп егілетін Қызылорда об­лысында егін жиналып алынған соң оның сабандары өртеліп, жойылатыны белгілі. Ал ол шын мәнінде сапалы қағаз шы­ғаруға болатын шикізат. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында жапониялық кәсіпорынмен бірлесіп Сыр бойында қағаз зауытын салу жоспарланып жатыр деген хабар шығып еді, соның кейін неге жүзеге аспағаны беймәлім болып қалды. Шамасы, елімізде қағаз өндірісіне монополиялық жасағысы келгендер кедергі болса керек. Қағаз өндірісі үшін негізінен целлюлоза мен су керек, ал оның екеуі де бізде жоқ емес қой. Сондықтан алдағы уақытта жедел қолға алынып, дамытылуы тиіс саланың бірі қағаз өндірісі болса керек. Қазіргідей технологияның дамып жатқан кезеңінде өзге елдермен бәсекелес бола алатындай түрлі техника мен машина жасауды дамытудың стра­те­гиялық мәні бар. Өйткені түрлі салаға қа­жетті техника мен машиналардың өз елімізден сапалы болып шығуы өзімізді арзан, сенімді техникамен қамтамасыз ету, сосын оны экспортқа шығару ел эко­но­микасына зор пайда келтірер еді. Әрине, көптеген салада Қазақстанның өз брендтері жоқ, бірақ өзге елдермен біріккен кәсіп­орын­дар құру арқылы біраз нәрсе жасауға болады. Ең болмаса өз еліңде құрастыру ар­қылы да түрлі техникаларға ие болуға мүм­кіндік бар. Бұл орайда Оңтүстік Корея­ның LG компаниясының Қазақстандағы біріккен кәсіпорны көптеген тұрмыстық техника шығару арқылы елдің сұранысын өтеді және өзге елдерге де сатылымға шы­ғарды. Кеңестік кезеңде жеке меншігіңе жеңіл автокөлік алып міну қиын еді. Өйт­кені жеңіл көліктердің бағасы қымбат болды және КСРО-ның жеңіл көлік шығара­тын санаулы зауыттары ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарсыз болды. Сондай-ақ өз азаматтарына шетелден көлік сатып алуға мүмкіндік бермеді. Міне, сөйтіп қолдан жасалған жеңіл көліктер тапшы­лығы елдің көлікке құмарлығын күшейт­песе, әлсіреткен жоқ. Ал алып мемлекет тараған соң бұрынғы одақтас республи­каларға шетелден көліктер әкелу оңайға түсіп, жұрт жапатармағай Еуропа елдерінен түрлі маркадағы жеңіл көліктерді елдеріне таси бастады. Бірақ ол көліктердің түгелге жуығы көп мінілген, яғни жарамдылық мерзімі өтіп жатқан автокөліктер болатын. Тіпті сондай көліктерді елге әкеліп, оны бизнес көзіне айналдырғандар көп болды. Сондықтан Қазақстандағы жеңіл көлікке сұраныс көбейгенін білгендердің арасында отандық автокөлік зауытын ашуды көз­дегендер болмай қалған жоқ, бірақ бұрын-соңды елімізде болмаған өндірісті бастап кетуге қаржы жағынан не басқа жағынан мүмкіндік болмады. Ал Орталық Азияның өзге де елдері секілді Қазақстанда автокөлік индустриясын жасау қажеттігін ұғынған кейбір елдер елімізге бірлескен автозауыттар салғысы келгенімен бізде оған деген құлық болмады. Мәселен, алғашқылардың бірі болып елімізде біріккен автөлік зауытын ашпақшы болған оңтүстіккореялық Daewoo компаниясы неге екені белгісіз, біздің мемлекетіміздің жауапты орындарындағы тұлғалармен келісімге келе алмады. Қазақстанда отандық деп саналатын алғашқы автокөлік 2003 жылы шы­ғарылды. 2003 жылдың 4 ақпанында «АЗИЯ АВТО» автоқұрастыру зауыты өндірісі ВАЗ-21213 автомобиліне Қазақстанның Мем­лекеттік стандартының көліктік құрал сертификаты мақұлданып берілді. Ал 2003 жылдың 22-25 қазанында Алматыда өткен халықаралық автофорумында алғаш рет ел назарына «АЗИЯ АВТО» зауытында құрас­тырыл­ған «Нива» ВАЗ 21213 авто­мо­билі ұсы­нылды. Ал 2005 жылдан бері қарай Қазақстанда КамАЗ, Daewoo, Hyundai, IVECO, ANKAI т.б. шетелдік маркалар өз өн­дірістерін ашты. Елімізде алты автозауыт 9 әлемдік брендтің 167 түрлі жеңіл көлігін құ­рас­тырып шығарады екен. Жеңіл санаттағы кө­ліктерді Қостанайдағы «Сарыарқа ав­топром» АҚ, Өскемендегі «Азия-авто» АҚ пен Қостанайдағы зауыт құрастырады. Қа­зақстандағы ең ірі компаниялардың бірі − «Азия-авто» KIA-ның Picanto, Cerato, Cadenza, Optima, Stinger, Rio, Soul, Sorento, Sportаge секілді тоғыз түрін және Chevrolet-тің Captiva, Aveo Tracker маркаларын құрас­тырса, Сарыарқа автопром ресейлік Niva-ны құрастырады. Skoda Қазақстанда 2008 жылдың тамызынан бері зауыттан шыға бастады. Оның Қазақстанда Octavia, Rаpid, Superb, Kodiaq деген түрлері құрастырылады. Қостанайдағы «Азия-авто» Lada мар­касына тиесілі Granta, Kalina, Largus, Vesta, Xray секілді бірнеше жеңіл кө­лік­ті де шы­ғарады, ал олардың бағасы өз­ге көлік­тер­ден арзандау болғандықтан соң­ғы 5 жыл­да Қазақстанда ең көп сатылған кө­лік­тердің алдында. Жалпы, 2002 жылы құрылған «АЗИЯ АВТО» АҚ қазақстандық авто­құрас­­­тыру зауыты – Қазақстанда жеңіл ав­­­­то­көлік шығаратын ірі өндіруші. Бұл ком­­­пания жылына 60 мың автокөлік жасап шы­ғарады. Еліміздегі ең ірі көлік құрастыру зауы­тының бірі оңтүстік кореялық Hyundai болып саналады. Ол 2011 жылдың қаң­­­­­­тарында Алматы қаласында, халықара­лық әуежай маңында Hyundai маркалы жүк автомобильдері мен автобустарын құрас­тыратын зауыт ретінде ашылды. 2012 жылы Hyundai Trans Almaty зауыты жолаушылар сыйымдылығы 16-21 орындық Hyundai County жолаушылар автобусын құрастыру­ды бастады. Сондай-ақ кәсіпорын County автобусы базасында County Ambulance реа­нимобильдерін өндіруді жолға қойды. 2013 жылы Hyundai H-1 микроавтобустары ба­засында алғашқы жедел жәрдем маши­налары шығарылды. 2014 жылы зауыт ау­мағында County автобустарының шанағын дә­некерлеу және бояу іске қосылды. 2016 жы­лы Hyundai HD 170 базасында өрт сөн­діру машиналарын құрастыру іске қосылды. 2018 жылдан бастап зауыт базасында Н350 мо­дельді жедел жәрдем машинасы құрас­ты­рылып келеді. Ал 2019 жылдан бері Golden Dragon маркалы жолаушылар ав­то­бустарын өндіріп келеді. Сондай-ақ 2019 жы­л­дың 21 сәуірінде Алматыда Hyundai TransKazakhstan зауытының іргетасы қа­ланды. Бұл зауытқа мөлшері 28 млрд тең­геден асатын инвестиция салынған. Кәсіп­орын бірінші кезеңде жылына 30 мың, екін­ші кезеңде жылына 45 мың автокөлік құрастырып шығады. Қалай десек те, маркасы шетелдік бол­ғанымен, өзімізде құрастырыл­ған көліктерді отандық өнімге жатқызамыз. Олар еліміздің ішкі сұранысын қанағаттан­ды­рып қана қоймай, өзге елдерге көп саты­лып жатыр. Оның ел экономикасына құйы­латын қаржы екені өз-өзінен түсінікті. Мә­селен, өткен жылдың тоғыз айында елі­мізде 45 мың дана жеңіл көлік шы­ғарыл­са, оның 5 мыңы Ресей, Беларусь, Өзбекстан се­кілді елдерге экспортталған. Жалпы, са­тылған көліктердің алғашқы төрт түрі елі­мізде құрастырылған көліктер екен. Осы­лайша елімізде жүйткіп жүрген кө­лік­тер қатарында күн санап отандық кө­лік­тердің саны көбейіп келеді. Бұл – елімізге эко­номикалық тұрғыдан тиімді құбылыс. Қазір армияны заманауи әскери тех­никамен жабдықтау да өте маңызды мәселе. Себебі Қазақстан секілді өзінің әс­ке­ри күштерін енді жетілдіріп жатқан жас тәуел­сіз мемлекет үшін бұл саланы же­тіл­діру үлкен саяси мәні бар. Бұл тұрғыдан елі­міздің әскери мамандарының ізденістері де жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Ал әскери салаға келсек, армияда сар­баздар мен офицерлерді түрлі қауіп-қатерден сақтау үшін арнайы бронды ма­шиналар керек. Бұрын Ресейдің БТР, БМП се­кілді бронды машиналарын пайдаланып кел­ген Қазақстан армиясы ендігіден былай отан­дық ықшам да қауіпсіздігі жоғары отан­дық әскери машиналарды пайдаланып жа­тыр. Оларды ретімен атасақ, «Арлан» да­ладағы және көшедегі ұрыс кезінде пай­далануға арналған бронды-дөңгелекті ма­шина. Табаны биік, жол талғамайды. Астың­ғы жағы V тәрізді, ол мина жарылғанда жа­рықшақтарды шашыратып, жарылыс қуа­тынан сақтайды. Дөңгелектері 8 кг тро­тил жарылысқа, бүйірлері 5 метр жерден 50 кг тротил жарылысқа шыдайды. Машинаға 10 жауынгер сыяды. Қабырғалары – сауыт­бұзар 7,62 мм оқты, Драгунов винтов­ка­сының және NATO-ның 12,7 мм оғын өт­кізбейді. Салмағы пайдалы жүктермен қоса 16 тонна. Жылдамдығы – 100 км/сағ. «Арлан» -50⁰ С…+50⁰ С аралығында қалып­ты жұмыс істейді. Әйнектері берік, оққа тө­зім­ді. Ату процесі толықтай автомат­тан­дырылған: компьютерленген атыс ке­шені оптикалық zoom жүйесі арқылы жауын­гердің машинадан шықпай-ақ нысана көздеп, оқ жаудыруына мүмкіндік береді. «БАРЫС 8х8» бронды транспортері ар­найы оперативті жағдайға арналып жа­сал­ған. Табаны қолдан жасалған миналар мен фугас­тарға қарсы күшейтілген. Экипаж оты­ратын креслолар – машинаның асты­нан немесе бүйірінен жарылыс болған жағ­дайда жарақат алудан қорғайды. Жыл­дамдығы – 100 км/сағ дейін. Атомдық, био­логиялық, химиялық қарулардан қор­ғаныс жүйесімен жабдықталған. Мұ­нара­сына – қашықтықтан басқарылатын 57 мил­лиметрлік атыс модулі бекітілген. Ал «БАРЫС 6х6» БТР-і алдыңғысына ұқсас, тек ол «БАРЫС 8х8»-ден жатағандау. «НОМАД» – қалаішілік операцияларда, бе­кініп алған бандалармен ұрыста құқық қорғаушы жасақтарға арналған бронды-дөңгелекті автомобиль. Ол жол талғамайды. Оның пневматикалық бульдозер қалағы қол­дан жасалған кедергілерді ысырып тас­тай алады. Сырттан атып, граната лақ­тыр­ған жағдайда да экипаж машинада отырып соғыса алады. Бұл төрт әскери машинаны да Kazakhstan Paramount Engineering ЖШС өндірген. «Широкий спектр» реактивті дүркін­детіп оқ ату жүйесі КСРО кезіндегі жүйе­лерді заманауи үлгімен жаңғырту арқылы жасалған. Ол Кеңес армиясы пайдаланған «Град», «Ураган» жүйелерінің реактивті снаряд­тарымен және дәлдігі жоғары «Аку­лар», «Экстра» зымырандарымен ата беретін әм­бебап жүйе. ГЛОНАСС навигациялық желісіне негізделген топографиялық қон­дырғылары қажетті квадраттарды дәлдеп атуға мүмкіндік береді. 150 шақырымға дейінгі қашықтыққа ата алады. Бұл жүйе дрондардан келетін барлау мәліметтерін қабылдап, шешім шығара алады. «Широкий спектр» КамАЗ-63502 8X8 түріндегі көлікке орнатылған. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның өнімі. Әскерде байланыс мәселесі өте маңызды. Сондықтан Петропавлда­ғы «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ өндірген аймақта радиобайланысты жедел орнатуға арналған «Қарағай» оперативті радиос­тансасы да қазақ армиясына өте керекті құралдың бірі. Радиожеліде бір уақытта 32 нүктеге дейін жұмыс істей алатын бұл байланыс құрылғысы цифрлық ақпарат алмасу мүмкіндігін де жүзеге асыра алады. Оның ақпарат тасымалдау жылдамдығы – 300 бит/сек. КаМАЗ-43502-3033-45 шас­сиіне орналасқан радиожелі жол талғамай байланысқа зәру оперативті аймаққа тез жетуге арналған. Eurocopter Kazakhstan Engineering ком­паниясының өнімі ЕС145 әм­бебап тікұшағы – жерде, су бетінде опера­циялар жүргізуге арналған қос двигательді озық әскери тікұшақ. Соңғы техникалық жаңалықтардың бәрі шоғырланған тікұшақ­тың сыйымдылығы – 12 адам. Қос TurbomecaArriel 1E2 двигателінің бірі істен шықса да тікұшақ жұмысын жалғастыра береді. Жағармай жүйесінің алшақ болуы, бірін-бірі қайталай алатын электроника мен негізгі трансмиссияны майлау жүйесі, соққыдан болатын кинетикалық энергияны жұтып қоюға қабілетті фюзеляж бен отыр­ғыштарға ие. Ал теңіз күштеріне арналған Орал­дың «Зенит» зауыты 1993 жылы жа­сап шыққан «Барс-ҚМ» жобасының зы­мыранды-артиллериялық кемесі − Қа­зақстанның кеме жасау бағдарламасының жетістігі. «Барс-ҚМ» жобасының зымыран­ды-артиллериялық кемесі өзінде бекітілген зеңбіректер мен басқа да атыс құралдары арқылы су бетіндегі нысандарды жоюға арналған. Заманауи байланыс және нави­га­циялық қондырғылар бұл кеменің еліміз аумағындағы суларда барлық тапсырманы еркін орындауына мүмкіндік береді. Сол сияқты осы зауыттан шыққан тағы бір шағын кеме − «Айбар» жобасының жоғарғы жылдамдықта жүретін торуылдау катері. Еліміздің сулардағы мемлекеттік шекарасы мен құрлықтық қайраңдарын бақылауға және күзетуге арнап жасалған. Сонымен бірге теңіздегі түрлі қылмысты кемелердің заңсыз жүзуіне. Заманауи үлгідегі байланыс және навигациялық қондырғылары бар. Дербес түрде 7 тәулікке дейін жүзе алады. Жыл­дамдығы – алғанда сағатына 74 ш­а­қырым. Жалпы, бұдан басқа да отандық әс­кери мақсатқа арналған құралдар да бар. Мұның бәрі еліміздің әскери салада өз жетістіктері барлығының дәлелі. Айта кету керек, елімізден шығып жатқан жо­ғарыдағы әскери машиналар өзге елдердің де сұранысына ие. Демек, Қазақстанның қару шығарушы елден қару экспорттаушы елдердің қатарына қосылуына мүмкіндігі бар деген сөз. Отандық өнім туралы сөз болғанда, бір қарағанда елімізде ештеңе жа­салмай жатқандай болып көрінгенімен зерт­теп қараған адамға көп нәрсе белгілі болады. Кейбірінің тіпті әлемдік маңызы бар деуге болады. Мәселен, елімізде өзге елдердің сұранысына орай шығарылатын уран таблеткалары, заманауи соғыс құрал­дарының бірі «Шағала» дроны, ковидке қарсы жасаған QazVak вакцинасы секілді жаңалықтар нағыз мақтаныш етуге тұратын отандық өнім. Әрине, елімізде жаңалық ашып жатқан ғалымдар, инженерлер, әс­кери мамандар, медиктер аз емес, тек соларды дәріптеп, жаңалықтарын қолдау жа­ғы аз бізде. Болашақта осы секілді мә­селелер шешімін тапса, Made іn Kazakhstan деген белгісі бар брендтердің күллі әлемді аузына қаратуы сөзсіз.