Ел экономикасының күші – отандық өнімде
19 тамыз, 2021 /
Ахмет ӨМІРЗАҚ
Ел экономикасының күші – отандық өнімде
Кез келген елдің экономикасын дамытатын сол елдің төл өнімі екені дәлелдеусіз-ақ түсінікті нәрсе. Сондықтан импорт, экспорт мәселесінде алдыңғысынан соңғысының басым болуы аса маңызды. Бірақ ең алдымен өндірілген өнім сол шығарған елдің талабын қанағаттандырып, толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өзге елдерге шығарылып пайда әкелсе ғана өндірісті дамытатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, «елімізде Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында не өндірілді, не өндірілмеді, қандай тауар өндіруге мүмкіндік бар еді, болашақта қай саланы дамыту керек?» деген сауалдарға жауап іздеу өткенімізді бағалап, болашақты болжауға мүмкіндік берері хақ.
Кеңес Одағы ыдыраған шақта сол одақтың құрамында болған ұлттық республикалар үшін қиын кезең басталды. Өйткені бұрынғы мемлекеттің кезінде республикаларды бір-біріне түрлі жақтан тәуелді қылып тұрған жүйенің жібі үзілгенде қалыпты экономикалық қозғалыс тоқтап, дағдарыс пайда болды. Ел ішін қымбатшылық жайлады. Оның үстіне қаржы-қаражат жағынан бұрынғы рубльдік аймақты ұстап қалған Ресей Федерациясы өзге республикаларды ақшамен қамтамасыз етуде қиыншылық тудырып, соның себебінен Қазақстан да өзінің төл валютасын шығаруға шешім қабылдады. Сөйтіп, Қазақстанның ұлттық валютасы − теңге Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 15 қарашадағы жарлығы бойынша айналысқа енгізілді. Бұл саяси тұрғыдан еліміздің өз экономикасын тәуелсіз жүргізуінің басы еді.
Саяси-экономикалық жақтан азаттық алып, бәрін жаңадан бастауға мәжбүр болған Қазақстан қандай жолмен болса да ел экономикасын көтеруге бел шешіп кірісті. Еліміз жерасты қазба байлықтарына бай болса да, оны игеруге қаражаты жоқ, мамандары аз, техникасы жеткілікті болмады. Сондықтан елде жекешелендіру ісі жүргізілді, мұнай-газ, өзге де байлықтарды игеруге шетелдерден инвестиция тартылды. Алғашқы онжылдық осылай қираған экономиканы қалпына келтіруге, елдің әл-ауқатын көтеруге кетті. Бұл кезде негізінен сауда саласы дамыды.
Отандық өндірісте ең алғаш тамақ өнеркәсібі жолға қойылды деуге болады. Мәселен, еліміздегі сүт өнімдерінің 75 пайызын шығаратын Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шымкент т.б. қалаларда орналасқан сүт зауыттары болса, май шайқау, сыр қайнату өнеркәсібіне мал шаруашылығымен айналысатын Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан секілді экономикалық аудандары мол үлес қосты. Сөйтіп еліміздің базарлары мен басқа да сауда орталықтарында өзіміздің өнімдер сатыла бастады. Ал отандық кондитерлік салада өзінің сапалы өнімдерімен танылған «Рахат» кондитерлік фабрикасынан шыққан тәтті түрлерінің көптігі және сапасы тұтынушылардың көңілінен шығып, тұрақты пайдаланушы қалыптастырды. Сол сияқты Қостанайдағы «Баян Сұлу», Қарағандыдағы «Қарағанды Конфеттері» кондитерлік зауыттары да отандық кондитер саласын дамытып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп қоймай, өзге елдерге сатуда табысқа жетті. Сонымен бірге елімізден шығатын түрлі өсімдік майлары мен шұжық өндіру де қарқынды дамып, халықты бұл саладағы отандық өніммен жеткілікті қамтамасыз етіп келеді. Ал нан-тоқаш, макарон өнімдері тек өзімізде өсірілетін бидай ұнынан жасалады. Өйткені аса сапалы нан, макарон өндіруге еліміздің жоғары сұрыпты бидайлары пайдаланылады. Осы орайда Қазақстан астығы өзге елдерге молынан экспортталатынын да айта кеткен жөн. Сондай-ақ Қазақстанда ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етіп отырған отандық өндірістің бірі − өзіміздің қант зауыттары. Ал ет өндірушілер халқымыздың сұранысын қанағаттандырумен қатар Ресей, Қытай, Иран т.б. елдерге экспорт жасап отыр. Демек, тамақ өнеркәсібінде елімізде отандық өнімнің үлесі мол деуге болады.
Қазақстанда жұрт көп тұтынатын темекі мен арақ-шарап өндірісі жедел дамыған салалардың біріне жатады. Алькогольді және алькогольсіз ішімдіктер шығаратын зауыттар көп, сондай-ақ темекі өндірісі де елдің сұранысын толық қанағаттандырып отыр. Дегенмен темекі өндіру соңғы жылдарда едәуір қысқарған. Ал табиғи, минералды және шырынды сусындар өндірісі елімізде дұрыс жолға қойылған. Нарықтағы барлық түрлі сусындар арасында отандық өнім алдыңғы орында.
Одан кейінгі ел экономикасында жетекші орындардың бірін иеленетін жеңіл өнеркәсіп десек, халық көп тұтынатын заттар − мата, іш және сырт киімдік трикотаж, шұлық бұйымдарын, аяқкиім, тігін және галантерея бұйымдарын өндірудің маңызы зор. Мақта-мата, зығыр, жүн, жібек, кендір-кенеп, аяқкиім, былғары жөне аң терісі бұйымдарын өндіретін салалар елімізде жоқ емес, тек соны тиімді пайдалану жағы кемшін түсіп жатады. Өйткені әлі бұл саланы жеткілікті түрде дамыту біздің экономикамызда толық шешімін таппай жатыр. Негізінен ауыл шаруашылығына иек артатын бұл саланы мықтап қолға алмағанның кесірінен ұтылысымыз көп. Әйтпесе, бізде тері, жүн, мақта өндіру саласын дамытуға мүмкіндік бар.
Тәуелсіздіктен бұрынғы кезеңде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі өте жақсы дамыған саланың бірі болды. Сол кезде еліміздің жеңіл өнеркәсібінде мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істеп тұрды. Олардың арасында елімізден тысқары жерлерге де белгілі болған Алматы мақта-мата комбинаты (АХБК), «Жетісу», Жамбыл аяқкиім кәсіпорындары, «Большевичка» тігін комбинаты, М.Мәметова атындағы тігін фабрикасын, Қостанай, Семей мауыты-шұға комбинаттары секілді көптеген жеңіл өнеркәсіп алыптарының табысы республика бюджетінің 25 пайызына жетіп тұрған еді. Ал қазір бұл саланың табысы елімізде 2 пайыздың ол жақ, бұл жағында. Егер әлемге көз жүгіртсек, АҚШ, Германия, Қытай, Италия, Португалия, Түркия сияқты алпауыт елдерде бұл саланың табысы сол мемлекеттердің жалпы табысының 12-20 пайызына жетеді екен. Басқасын былай қойғанда, көрші өзбек, қырғыз елдерінде бұл саладан түсетін табыс ел бюджетінің 30 пайызына дейін жеткен. Ал бізде неге ондай емес? Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің соңғы 30 жылына көз жүгіртсек, бұрыннан істеп келе жатқан талай ірі жеңіл өнеркәсіп орындарының түгелге жуығы жабылып тынса, жаңадан ашылған талай зауыт-фабрикалар жұмысын тоқтатқан. Барларының өзі шикізаттың тапшылығынан ілдалдалап күн кешуде. Жеңіл өнеркәсіпті тұншықтырып тұрған импорттың көптігі дейді маман сарапшылар. Себебі еліміздегі жеңіл өнеркәсіпке жеткілікті көңіл бөлінбей, іскерлер бұл саладағы тауар тапшылығын Қытай, Түркия, Ресей т.б. елдерден тауар импорттау арқылы шешіп отырған көрінеді.
Өнеркәсіпте маңызды саланың бірі қағаз өндіру болса, Қазақстанда бұл салада да ілгерілеушілік бар. Алматы облысындағы «Қазақстан қағазы» АҚ мен Kagazy Recycling серіктестігі, Алматы қаласындағы «Карина Трейдинг», «Компания В», Almapack Co LTD серіктестіктері, Шымкенттегі «Ақжол-2008 Лтд» және «Бумпром» компаниялары еліміздегі жетекші қағаз өндіруші зауыттар болып саналады. Жалпы, барлық облыстарда қағаз жасап шығаратын кәсіпорындар бар. Бірақ бұлар бәрі негізінен қорап, жәшік жасайтын картон мен дәретхана, қол сүртетін қағаз, майлық қағаздарын өндіреді. Ал баспаханалық өнімдер − газет-журнал, кітап т.б. шығаратын сапалы қағаздың бәрі сырттан тасымалданады. Бізде баспа өнімдерінің қымбат болатын себебі сол. Қағаз ағаштардан, сабаннан жасалатыны белгілі. Бұл шикізаттардың алғашқысы бізде аз десек те, соңғысы жеткілікті деуге келеді. Күріш көптеп егілетін Қызылорда облысында егін жиналып алынған соң оның сабандары өртеліп, жойылатыны белгілі. Ал ол шын мәнінде сапалы қағаз шығаруға болатын шикізат. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жапониялық кәсіпорынмен бірлесіп Сыр бойында қағаз зауытын салу жоспарланып жатыр деген хабар шығып еді, соның кейін неге жүзеге аспағаны беймәлім болып қалды. Шамасы, елімізде қағаз өндірісіне монополиялық жасағысы келгендер кедергі болса керек. Қағаз өндірісі үшін негізінен целлюлоза мен су керек, ал оның екеуі де бізде жоқ емес қой. Сондықтан алдағы уақытта жедел қолға алынып, дамытылуы тиіс саланың бірі қағаз өндірісі болса керек.
Қазіргідей технологияның дамып жатқан кезеңінде өзге елдермен бәсекелес бола алатындай түрлі техника мен машина жасауды дамытудың стратегиялық мәні бар. Өйткені түрлі салаға қажетті техника мен машиналардың өз елімізден сапалы болып шығуы өзімізді арзан, сенімді техникамен қамтамасыз ету, сосын оны экспортқа шығару ел экономикасына зор пайда келтірер еді. Әрине, көптеген салада Қазақстанның өз брендтері жоқ, бірақ өзге елдермен біріккен кәсіпорындар құру арқылы біраз нәрсе жасауға болады. Ең болмаса өз еліңде құрастыру арқылы да түрлі техникаларға ие болуға мүмкіндік бар. Бұл орайда Оңтүстік Кореяның LG компаниясының Қазақстандағы біріккен кәсіпорны көптеген тұрмыстық техника шығару арқылы елдің сұранысын өтеді және өзге елдерге де сатылымға шығарды.
Кеңестік кезеңде жеке меншігіңе жеңіл автокөлік алып міну қиын еді. Өйткені жеңіл көліктердің бағасы қымбат болды және КСРО-ның жеңіл көлік шығаратын санаулы зауыттары ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарсыз болды. Сондай-ақ өз азаматтарына шетелден көлік сатып алуға мүмкіндік бермеді. Міне, сөйтіп қолдан жасалған жеңіл көліктер тапшылығы елдің көлікке құмарлығын күшейтпесе, әлсіреткен жоқ. Ал алып мемлекет тараған соң бұрынғы одақтас республикаларға шетелден көліктер әкелу оңайға түсіп, жұрт жапатармағай Еуропа елдерінен түрлі маркадағы жеңіл көліктерді елдеріне таси бастады. Бірақ ол көліктердің түгелге жуығы көп мінілген, яғни жарамдылық мерзімі өтіп жатқан автокөліктер болатын. Тіпті сондай көліктерді елге әкеліп, оны бизнес көзіне айналдырғандар көп болды. Сондықтан Қазақстандағы жеңіл көлікке сұраныс көбейгенін білгендердің арасында отандық автокөлік зауытын ашуды көздегендер болмай қалған жоқ, бірақ бұрын-соңды елімізде болмаған өндірісті бастап кетуге қаржы жағынан не басқа жағынан мүмкіндік болмады. Ал Орталық Азияның өзге де елдері секілді Қазақстанда автокөлік индустриясын жасау қажеттігін ұғынған кейбір елдер елімізге бірлескен автозауыттар салғысы келгенімен бізде оған деген құлық болмады. Мәселен, алғашқылардың бірі болып елімізде біріккен автөлік зауытын ашпақшы болған оңтүстіккореялық Daewoo компаниясы неге екені белгісіз, біздің мемлекетіміздің жауапты орындарындағы тұлғалармен келісімге келе алмады.
Қазақстанда отандық деп саналатын алғашқы автокөлік 2003 жылы шығарылды. 2003 жылдың 4 ақпанында «АЗИЯ АВТО» автоқұрастыру зауыты өндірісі ВАЗ-21213 автомобиліне Қазақстанның Мемлекеттік стандартының көліктік құрал сертификаты мақұлданып берілді. Ал 2003 жылдың 22-25 қазанында Алматыда өткен халықаралық автофорумында алғаш рет ел назарына «АЗИЯ АВТО» зауытында құрастырылған «Нива» ВАЗ 21213 автомобилі ұсынылды. Ал 2005 жылдан бері қарай Қазақстанда КамАЗ, Daewoo, Hyundai, IVECO, ANKAI т.б. шетелдік маркалар өз өндірістерін ашты.
Елімізде алты автозауыт 9 әлемдік брендтің 167 түрлі жеңіл көлігін құрастырып шығарады екен. Жеңіл санаттағы көліктерді Қостанайдағы «Сарыарқа автопром» АҚ, Өскемендегі «Азия-авто» АҚ пен Қостанайдағы зауыт құрастырады. Қазақстандағы ең ірі компаниялардың бірі − «Азия-авто» KIA-ның Picanto, Cerato, Cadenza, Optima, Stinger, Rio, Soul, Sorento, Sportаge секілді тоғыз түрін және Chevrolet-тің Captiva, Aveo Tracker маркаларын құрастырса, Сарыарқа автопром ресейлік Niva-ны құрастырады. Skoda Қазақстанда 2008 жылдың тамызынан бері зауыттан шыға бастады. Оның Қазақстанда Octavia, Rаpid, Superb, Kodiaq деген түрлері құрастырылады.
Қостанайдағы «Азия-авто» Lada маркасына тиесілі Granta, Kalina, Largus, Vesta, Xray секілді бірнеше жеңіл көлікті де шығарады, ал олардың бағасы өзге көліктерден арзандау болғандықтан соңғы 5 жылда Қазақстанда ең көп сатылған көліктердің алдында.
Жалпы, 2002 жылы құрылған «АЗИЯ АВТО» АҚ қазақстандық автоқұрастыру зауыты – Қазақстанда жеңіл автокөлік шығаратын ірі өндіруші. Бұл компания жылына 60 мың автокөлік жасап шығарады.
Еліміздегі ең ірі көлік құрастыру зауытының бірі оңтүстік кореялық Hyundai болып саналады. Ол 2011 жылдың қаңтарында Алматы қаласында, халықаралық әуежай маңында Hyundai маркалы жүк автомобильдері мен автобустарын құрастыратын зауыт ретінде ашылды. 2012 жылы Hyundai Trans Almaty зауыты жолаушылар сыйымдылығы 16-21 орындық Hyundai County жолаушылар автобусын құрастыруды бастады. Сондай-ақ кәсіпорын County автобусы базасында County Ambulance реанимобильдерін өндіруді жолға қойды. 2013 жылы Hyundai H-1 микроавтобустары базасында алғашқы жедел жәрдем машиналары шығарылды. 2014 жылы зауыт аумағында County автобустарының шанағын дәнекерлеу және бояу іске қосылды. 2016 жылы Hyundai HD 170 базасында өрт сөндіру машиналарын құрастыру іске қосылды. 2018 жылдан бастап зауыт базасында Н350 модельді жедел жәрдем машинасы құрастырылып келеді. Ал 2019 жылдан бері Golden Dragon маркалы жолаушылар автобустарын өндіріп келеді. Сондай-ақ 2019 жылдың 21 сәуірінде Алматыда Hyundai TransKazakhstan зауытының іргетасы қаланды. Бұл зауытқа мөлшері 28 млрд теңгеден асатын инвестиция салынған. Кәсіпорын бірінші кезеңде жылына 30 мың, екінші кезеңде жылына 45 мың автокөлік құрастырып шығады.
Қалай десек те, маркасы шетелдік болғанымен, өзімізде құрастырылған көліктерді отандық өнімге жатқызамыз. Олар еліміздің ішкі сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, өзге елдерге көп сатылып жатыр. Оның ел экономикасына құйылатын қаржы екені өз-өзінен түсінікті. Мәселен, өткен жылдың тоғыз айында елімізде 45 мың дана жеңіл көлік шығарылса, оның 5 мыңы Ресей, Беларусь, Өзбекстан секілді елдерге экспортталған. Жалпы, сатылған көліктердің алғашқы төрт түрі елімізде құрастырылған көліктер екен. Осылайша елімізде жүйткіп жүрген көліктер қатарында күн санап отандық көліктердің саны көбейіп келеді. Бұл – елімізге экономикалық тұрғыдан тиімді құбылыс.
Қазір армияны заманауи әскери техникамен жабдықтау да өте маңызды мәселе. Себебі Қазақстан секілді өзінің әскери күштерін енді жетілдіріп жатқан жас тәуелсіз мемлекет үшін бұл саланы жетілдіру үлкен саяси мәні бар. Бұл тұрғыдан еліміздің әскери мамандарының ізденістері де жақсы нәтиже көрсетіп жатыр.
Ал әскери салаға келсек, армияда сарбаздар мен офицерлерді түрлі қауіп-қатерден сақтау үшін арнайы бронды машиналар керек. Бұрын Ресейдің БТР, БМП секілді бронды машиналарын пайдаланып келген Қазақстан армиясы ендігіден былай отандық ықшам да қауіпсіздігі жоғары отандық әскери машиналарды пайдаланып жатыр. Оларды ретімен атасақ, «Арлан» даладағы және көшедегі ұрыс кезінде пайдалануға арналған бронды-дөңгелекті машина. Табаны биік, жол талғамайды. Астыңғы жағы V тәрізді, ол мина жарылғанда жарықшақтарды шашыратып, жарылыс қуатынан сақтайды. Дөңгелектері 8 кг тротил жарылысқа, бүйірлері 5 метр жерден 50 кг тротил жарылысқа шыдайды. Машинаға 10 жауынгер сыяды. Қабырғалары – сауытбұзар 7,62 мм оқты, Драгунов винтовкасының және NATO-ның 12,7 мм оғын өткізбейді. Салмағы пайдалы жүктермен қоса 16 тонна. Жылдамдығы – 100 км/сағ. «Арлан» -50⁰ С…+50⁰ С аралығында қалыпты жұмыс істейді. Әйнектері берік, оққа төзімді. Ату процесі толықтай автоматтандырылған: компьютерленген атыс кешені оптикалық zoom жүйесі арқылы жауынгердің машинадан шықпай-ақ нысана көздеп, оқ жаудыруына мүмкіндік береді.
«БАРЫС 8х8» бронды транспортері арнайы оперативті жағдайға арналып жасалған. Табаны қолдан жасалған миналар мен фугастарға қарсы күшейтілген. Экипаж отыратын креслолар – машинаның астынан немесе бүйірінен жарылыс болған жағдайда жарақат алудан қорғайды. Жылдамдығы – 100 км/сағ дейін. Атомдық, биологиялық, химиялық қарулардан қорғаныс жүйесімен жабдықталған. Мұнарасына – қашықтықтан басқарылатын 57 миллиметрлік атыс модулі бекітілген. Ал «БАРЫС 6х6» БТР-і алдыңғысына ұқсас, тек ол «БАРЫС 8х8»-ден жатағандау.
«НОМАД» – қалаішілік операцияларда, бекініп алған бандалармен ұрыста құқық қорғаушы жасақтарға арналған бронды-дөңгелекті автомобиль. Ол жол талғамайды. Оның пневматикалық бульдозер қалағы қолдан жасалған кедергілерді ысырып тастай алады. Сырттан атып, граната лақтырған жағдайда да экипаж машинада отырып соғыса алады. Бұл төрт әскери машинаны да Kazakhstan Paramount Engineering ЖШС өндірген.
«Широкий спектр» реактивті дүркіндетіп оқ ату жүйесі КСРО кезіндегі жүйелерді заманауи үлгімен жаңғырту арқылы жасалған. Ол Кеңес армиясы пайдаланған «Град», «Ураган» жүйелерінің реактивті снарядтарымен және дәлдігі жоғары «Акулар», «Экстра» зымырандарымен ата беретін әмбебап жүйе. ГЛОНАСС навигациялық желісіне негізделген топографиялық қондырғылары қажетті квадраттарды дәлдеп атуға мүмкіндік береді. 150 шақырымға дейінгі қашықтыққа ата алады. Бұл жүйе дрондардан келетін барлау мәліметтерін қабылдап, шешім шығара алады. «Широкий спектр» КамАЗ-63502 8X8 түріндегі көлікке орнатылған. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның өнімі.
Әскерде байланыс мәселесі өте маңызды. Сондықтан Петропавлдағы «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ өндірген аймақта радиобайланысты жедел орнатуға арналған «Қарағай» оперативті радиостансасы да қазақ армиясына өте керекті құралдың бірі. Радиожеліде бір уақытта 32 нүктеге дейін жұмыс істей алатын бұл байланыс құрылғысы цифрлық ақпарат алмасу мүмкіндігін де жүзеге асыра алады. Оның ақпарат тасымалдау жылдамдығы – 300 бит/сек. КаМАЗ-43502-3033-45 шассиіне орналасқан радиожелі жол талғамай байланысқа зәру оперативті аймаққа тез жетуге арналған.
Eurocopter Kazakhstan Engineering компаниясының өнімі ЕС145 әмбебап тікұшағы – жерде, су бетінде операциялар жүргізуге арналған қос двигательді озық әскери тікұшақ. Соңғы техникалық жаңалықтардың бәрі шоғырланған тікұшақтың сыйымдылығы – 12 адам. Қос TurbomecaArriel 1E2 двигателінің бірі істен шықса да тікұшақ жұмысын жалғастыра береді. Жағармай жүйесінің алшақ болуы, бірін-бірі қайталай алатын электроника мен негізгі трансмиссияны майлау жүйесі, соққыдан болатын кинетикалық энергияны жұтып қоюға қабілетті фюзеляж бен отырғыштарға ие.
Ал теңіз күштеріне арналған Оралдың «Зенит» зауыты 1993 жылы жасап шыққан «Барс-ҚМ» жобасының зымыранды-артиллериялық кемесі − Қазақстанның кеме жасау бағдарламасының жетістігі. «Барс-ҚМ» жобасының зымыранды-артиллериялық кемесі өзінде бекітілген зеңбіректер мен басқа да атыс құралдары арқылы су бетіндегі нысандарды жоюға арналған. Заманауи байланыс және навигациялық қондырғылар бұл кеменің еліміз аумағындағы суларда барлық тапсырманы еркін орындауына мүмкіндік береді. Сол сияқты осы зауыттан шыққан тағы бір шағын кеме − «Айбар» жобасының жоғарғы жылдамдықта жүретін торуылдау катері. Еліміздің сулардағы мемлекеттік шекарасы мен құрлықтық қайраңдарын бақылауға және күзетуге арнап жасалған. Сонымен бірге теңіздегі түрлі қылмысты кемелердің заңсыз жүзуіне. Заманауи үлгідегі байланыс және навигациялық қондырғылары бар. Дербес түрде 7 тәулікке дейін жүзе алады. Жылдамдығы – алғанда сағатына 74 шақырым.
Жалпы, бұдан басқа да отандық әскери мақсатқа арналған құралдар да бар. Мұның бәрі еліміздің әскери салада өз жетістіктері барлығының дәлелі. Айта кету керек, елімізден шығып жатқан жоғарыдағы әскери машиналар өзге елдердің де сұранысына ие. Демек, Қазақстанның қару шығарушы елден қару экспорттаушы елдердің қатарына қосылуына мүмкіндігі бар деген сөз.
Отандық өнім туралы сөз болғанда, бір қарағанда елімізде ештеңе жасалмай жатқандай болып көрінгенімен зерттеп қараған адамға көп нәрсе белгілі болады. Кейбірінің тіпті әлемдік маңызы бар деуге болады. Мәселен, елімізде өзге елдердің сұранысына орай шығарылатын уран таблеткалары, заманауи соғыс құралдарының бірі «Шағала» дроны, ковидке қарсы жасаған QazVak вакцинасы секілді жаңалықтар нағыз мақтаныш етуге тұратын отандық өнім. Әрине, елімізде жаңалық ашып жатқан ғалымдар, инженерлер, әскери мамандар, медиктер аз емес, тек соларды дәріптеп, жаңалықтарын қолдау жағы аз бізде. Болашақта осы секілді мәселелер шешімін тапса, Made іn Kazakhstan деген белгісі бар брендтердің күллі әлемді аузына қаратуы сөзсіз.