Пайдалануға былтыр берілген: Өскеменде қабырғасы қақыраған жаңа үй құлаудың аз-ақ алдында тұр

Өскеменде жаңадан салынған үй құлаудың аз-ақ алдында тұр. Бес қабатты ғимараттың қабырғаларында 11 см-ге жететін жарықшақ пайда болған.

Тұрғындар үйдің құлағалы тұрғанын айтып уақытша баспана беруді талап етті, деп хабарлайды «31 арна».

2020 жылы пайдалануға берілген 50 пәтердің тұрғындары көмекке зәру. Үй Өскемен қаласының құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша салынған. Жоба құны – 406 млн теңге. Мердігер – «Проект» компаниясы.

Үй апаттық жағдайда тұр! Біз мұндай үйде өмір сүре алмаймыз. Біз «Проект» МҮ-ге жүгіндік, содан кейін әкімдікке шағымдандық, бірақ ешқандай әрекет байқамадық, – дейді тұрғын Серік Жұпаев.

Ал Мәдина Жұртубаева есімді тұрғын баспананы ипотекаға сатып алғанын айтты.

Біз 13 жылға 11 миллионға сатып алдық. Айына 85 мың теңгеден төлейміз. Меніңше, 13 жылда бұл үйден түк қалмайды, – деді ол.

Үйді пайдалануға қабылдаған комиссия жауапты ма, жоқ па, тұрғындар білмейді. Шенеуніктер де жауапкершілік туралы жақ ашпаған. Тұрғындар биліктен уақытша баспана бөлуді талап етеді, өйткені жақын арада сапасыз құрылыс толығымен бұзылуы мүмкін. Бірақ шенеуніктер үйді төтенше жағдай деп танығаннан кейін ғана адамдарды көшіруге болады дейді.

Back to top button