Руханият

«Ол қазақ руханиятына пайда әкеледі»: Белгілі ақын Тұрсынбек Қабатовқа қолдау білдірді

ашық дереккөзі

Онсыз да әзілдің әрі кетіп, қалжыңның дәмі кетіп, күлмеске күліп, мәнсізге мәз болып жатқан заманда Тұрсынбектің сағы сынбай, алдымызда аман жүргені керек-ақ, деп сөзін бастады Мұхаммеджан Тазабек инстаграм парақшасында.

  Қателік болса түзелер, заңсыздық болса, айыпталар, бір-ақ өздеріңіз бата берген, тапқыр сөзіне таңдай қаққан, ұтқыр сөзін ұйып тыңдаған азаматтың жеке басына, ар-ұжданына кірмеу - кісіліктің белгісі. Менің оқырмандарымның арасында ондай парасатты адамдар көп екеніне күмәнім жоқ. «Кісіні табаласаң өзің соған ұрынасың, досыңа күлсең басыңа келеді» деген қағиданы ту еткен, бабалардың ұрпағымыз. Кейде бір адамның жолы болып, жұрттан оза шапқанының өзі - талай таяқ жеуіне, кешірім көрмей, керісінше аяусыздыққа ұшырауына себеп болады. Әрқайсымыз «баламыз елдің алдында жүрсін, табысы ешкімнен кем болмасын, аузында жұрт жаттайтын сөзі болсын” деп, тілеп жатамыз. Бірақ, сондай бір ұл сөзге ілінсе, төрден жерге, жерден көрге тыққанша тыншымай ізіне түсеміз... «Ақырын Алла хайырлы қылсын, анығын бір Құдай біледі» деп, артын күтіп, сабыр сақтап, ғайбат пен өсектен рухымызды пәк ұстайтын заман қашан туар екен?! Ірі қазақтың майдаланбаған ұрпақтары аман болсын! Баршаңызға Алланың нұры жаусын! Мен Тұрсынбектің қазақ руханиятына талай пайда келтіріп, ертең-ақ елдің арқа сүйеп, ақыл сұрайтын ақсақалына айналатынына сенемін!