18 тамыз – Шекарашылар күні

18 тамыз – Шекарашылар күні

18 тамыз – Шекарашылар күні
ашық дереккөзі
Бүгін, 18 тамыз – ел іргесін күзеткен Шекарашылар күні. 1992 жылдың 18 тамызында «Шекара әскерлерін құру туралы» Президент Жарлығына қол қойылды. Алайда айтулы дата Қазақстанның мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне 2012 жылғы 29 тамызда ғана енгізілді. Шекарашылар мемлекеттік шекараны қорғап, күзетеді. Шекарада болған кез келген күмәнді оқиғаны қалт жібермей, шекара режимін бақылайды. Олардың міндеттеріне адамдарды мемлекеттік шекара арқылы өткізу, өткізу бекеттеріндегі тәртіпті бақылау, шекара шебіндегі мекемелерді қорғау, мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз ету сияқты істер кіреді. «Шекара қауіпсіздігі – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі. Оны елдің саяси және экономикалық мүдделерін мұқият қорғайтын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамдас бөлігі – Шекара қызметі іске асырады. Бүгінгі шекарашылар трансшекаралық қылмысқа, халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз көші-қонға, елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзуға сенімді тосқауыл қоя отырып, батыр бабалардың жауынгерлік дәстүрін абыроймен жалғап келеді», - деп жазылған ҰҚК Шекара қызметінің хабарламасында. Мемлекеттік шекараны қорғау шаралары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен уәкілетті органдардың өз құзыреті шегінде қабылдаған саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, шекаралық, әскери және өзге де шешімдері аясында іске асырылады. Елдің шетінде, желдің өтінде жүрген сарбаздардың қырағы болып, жауапты қызмет атқаруы бүкіл елдегі тыныштықтың кепілі болып отыр.