Атырау университетінде ер балаларға арналған арнаулы мектеп ашылды

Атырау университетінде ер балаларға арналған арнаулы мектеп ашылды

Атырау университетінде ер балаларға арналған арнаулы мектеп ашылды
ашық дереккөзі

Биыл  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бас лицензиясына жалпы орта білім мен техникалық және кәсіптік білім беру бойынша қосымша қызметтер топтамасы алынған болатын. Атап айтсақ, 5 мамандыққа - қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі, шетел тілі мұғалімі, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі, бастауыш білім беру мұғалімі, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының тәрбиешісі білім беру бағдарламаларына лицензия берілді. Осыған орай, 10-11 сынып оқитын ер балаларға педагогикалық бағыт беретін «ҰСТАЗ» мектебі 2021-2022 оқу жылына талапкерлер қабылдау жүріп жатыр.

«Ұстаз» мектебіне Қаржы орталығынан 100 орынға оқу мен жатақханаға мемлекеттік тапсырыс берілді. Яғни, оқушылар үшін білім алу мен жатын орын тегін болады. «Ұстаз» мектебінің қандай басымдықтары бар? Алдымен, жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттары бойынша терең оқытады, арнайы әдістемелермен ҰБТ-ға тегін дайындық, мамандық таңдауда кәсіби бағдар беру, оқушыларға ұстаз болуға байланысты қосымша дағдыларды меңгерту, шет тілін меңгеру үшін тегін курстар ұйымдастырады, әр оқушының спорттың бірнеше түрімен айналысуына мүмкіндік алады. Осылайша, мектеп мұғалімдерінің жалпы санындағы ер адамдардың үлесін арттыру көзделіп отыр. Ұлттық экономика министрлігі Статистика  комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде 2020/21 оқу жылында орта мектептерде жұмыс істейтін 347 052 мұғалімнің 281 209-ы әйелдер, яғни мұғалімнің 82-83 пайызы нәзік жандылар. Ал Атырау облысы бойынша есептесек, 11 502 мұғалімнің 1390-ы ғана ерлер, пайызға шақсақ, 88%-ы әйелдер екен. Орта есеппен алғанда әр мектепте 4-5 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Бұл, ғалымдардың пікірінше, бала тәрбиесіне кейбір кері әсерлерін береді екен. Көбіне ер мұғалімдер тәрбиесін әке тәрбиесіне теңестіріп, балалардың мінез-құлықтарының қалыптасуына оң ықпал беретіні айтылады. Қазақтың тұрмыс-салтында бала тәрбиесімен тікелей әйел адам айналысқанымен, ер азаматтың қас-қабағы, мысы, бір ауыз сөзі, бейнесінің өзі көп нәрсені шешеді. Міне, осы көзқарас ұлттық педагогикамызда ерлердің маңыздылығын арттырып отыр. Бір айта кететін жайт, ер балаларға арналған педагогикалық даярлық мектебі университет жанында 1989-1995 жылдар аралығында жұмыс істеп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізге жүздеген білікті мамандар дайындаған еді.

Қайырбек Тарихұлы,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университетінің баспасөз хатшысы