18 тамыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

1992 жылы 18 тамызда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы» Жарлығы шықты.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Бельгия Корольдігінің арасында дипломатиялық және консулдық қатынастар орнады. Бельгия Корольдігі –Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Ауданы – 30 528 км². Астанасы – Брюссель қаласы. Ресми тілдері: француз, нидерланд және неміс. Ақша бірлігі – еуро. Ел басшысы – король, ол заң шығарушы (парламентпен бірге) және атқарушы (үкіметпен бірге) билікті жүзеге асырады.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Чили Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауы туралы Бірлескен коммюникеге қол қойылды. Чили Республикасы – Оңтүстік Американың оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Ол Тының мұхитының жағасын бойлайды. Солтүстігінде Эскритос өзенінен бастап, оңтүстігінде Фроуард мүйісіне дейін созылған. Ауданы – 756 096 км² (80%-ын таулар алып жатыр). Астанасы – Сантьяго қаласы. Ресми тілі – испан («кастельяно»). Ақша бірлігі – чилилік песо. Мемлекет және үкімет басшысы – президент (оның қайта сайлану құқығы жоқ).

1993 жылы Швейцарияның Локарно қаласында өткен кинофорумда қазақ киноматографисі Ермек Шынарбаевтың «Сұрғылт үш бұрышты орын» фильмі «Алтын гепард» гран-приін жеңіп алды.

2005 жылы Алматыда «Қазшах» атты төрт адамға арналған шахмат ойынының таныстырылымы болды. «Қазшах» – қазақстандық дизайнер Азат Байсеркеев ойлап шығарған шахматтың жаңа бiр түрi. Ойын 64 тор көзге бөлінген тақтайда жүредi. Ойынға екі бақталас қатысады, олардың қанжығасында ақ және қара түсті 16 тас болуы керек.

2010 жылы ҚР Ұлттық банкі айналымға 500 теңге номиналды «Отау көтеру» монетасын шығарды. Монетаның оң жақ бетінде, (аверс) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының гербі бейнеленген. Төменгі жағында монетаның номиналын білдіретін «500 теңге» жазуы бар. Оң және сол жақ секторларында ұлттық орнамент элементінің айналық бедері орналастырылған. Айнала «Қазақстан Республикасы» және «Республика Казахстан» жазулары бар. Монетаның қарсы жақ бетінде (реверс) «Отау көтеру» ұлттық салт-дәстүрінің көрінісі бейнеленген. Төменгі жағында мемлекеттік тілде «Отау көтеру» жазуы айналдыра жазылған. Ең төменгі бөлігінде монетаның соғылған жылын білдіретін «2010» саны бар. Оң жағында – Қазақстан монета сарайының тауарлық белгісі мен монетаның дайындалған металын, сынамасы мен салмағын білдіретін «Ag 925 31,1 gr» таңбасы бар. Монета 925 сынамалы күмістен әзірленген, салмағы – 31,1 грамм, диамертрі – 38,61 мм, дайындалу сапасы – «proof», 4 мың данамен шығарылды.

2016 жылы Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындарында 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшы Данияр Елеусінов Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды. Осылайша Қазақстан қатарынан төртінші Олимпиадада осы салмақта алтынды уысынан шығармай келеді. Бұған дейін 2004 жылы Афинада Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев дәл осы салмақта жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Бокс тарихында бір елдің боксшылары төрт Олимпиада қатарынан бір салмақта атой салғаны екінші рет қана қайталанып тұр.

2017 жылы ІТ саласының маманы, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Нұрлан Қамбар домбыраның электронды нұсқасын жасады. Енді кез келген адам мобильдік қосымшаны жүктеп алып, гаджеті арқылы домбыра шерте алады.

2018 жылы Астана қаласының ежелгі қару-жарақтар музейі «Бұқар жырау дәуірі» көрмесінде қазақ қолданбалы өнерінің тамаша үлгілерін көрсетті. Көрмеге Абылай хан тұсындағы 20-ға жуық экспонат қойылды. Олардың арасында басты образ – Абылай ханның мүсіні де бар. Оны жас дарынды мүсінші Айдос Есмағамбетов жасаған. Бұдан бөлек, ХVІІІ ғасырға тән құрал-саймандар, Абылай хан қытай императорына, орыс губернаторларына жазған хаттардың көшірмелері болды.

2019 жылы 12 жасар қазақстандық Жамилә Ахметова академиялық үлгерімі үшін АҚШ Президенті Дональд Трамптың қолы қойылған алғыс хатқа ие болды.

2019 жылы 12 жасар Жәмилә Ахметова үздік академиялық үлгерімі үшін сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамптың қолы қойылған Алғыс хат алды.

Back to top button