Жаңа қаулы: Бекшин бүгіннен бастап күшіне енетін шектеулер туралы айтты

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин COVID-19 таралуының алдын алу шаралары туралы жаңа қаулысының талаптарын түсіндірді.

Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне, халық арасында «дельта» штамының қарқынды таралуына байланысты және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылын штаттық режимде ұйымдастыру мақсатында жаңа қаулы қабылданды.

«Аshyq» жобасына қатысуына қарамастан барлық мекемелер 17-31 тамыз аралығында демалыс және мереке күндері жұмыс істемейді. Демалыс және мереке күндері ойын-сауық саябақтары, аттракциондар, бөлшек сауда және қаладағы саябақтардың аумағындағы қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне тыйым салынады», – деді Жандарбек Бекшин.

Жаңа қаулыға сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы үш айда коронавируспен ауырып шыққан адамдарды қоспағанда, педагогтер мен техникалық персонал, жатақхана мен асхана қызметкерлері 100% вакцина салдыруы қажет.

Сондай-ақ қаладағы барлық білім беру және тәрбие беру мекемелеріне «Ashyq» жобасы енгізіледі. Мектептерде дене шынықтыру сабақтары далада өткізіледі. Медициналық қарсы көрсетілімі бар және соңғы үш айда сырқаттанған адамдарды қоспағанда, 18 жасқа толған барлық студенттер вакцина салдыруы қажет.

Қаулы 17 тамыздан бастап күшіне енеді.

 

Back to top button