Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен келіссөз жүргізді

ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен келіссөз жүргізді

Оңтүстік Корея Президентінің резиденциясында ресми делегация мүшелерінің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Мун Чжэ Ин келіссөз өткізді, деп хабарлайды akorda.kz. Тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары ғаламдық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Мун Чжэ Инге корей жерінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесудің қазақ-корей қарым-қатынасына тың серпін бергенін айтты. Мемлекет басшысы кореялық әріптесіне коронавируспен күресте көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ақпаратпен бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның жоғары технологиялар мен денсаулық сақтау саласын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытты. Оңтүстік Корея Президенті пандемия басталғалы бері осындай жоғары деңгейдегі кездесуді ең бірінші болып Қазақстан Президентімен өткізіп жатқанын атап өтті. – Сізді көп күткен аса қадірлі қонақ ретінде күтіп алғаныма қуаныштымын. Біздің кездесуіміздің Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Корей Республикасы Тәуелсіздігінің 76 жылдығы қарсаңында өтіп жатқаны аса маңызды, – деді Президент Мун Чжэ Ин.