Қаншагүл Мұстафаева: Жүйелі жұмыстар жарқын жобаларға жол ашады
Қаншагүл Мұстафаева: Жүйелі жұмыстар жарқын жобаларға жол ашады
Баршаңызға белгілі, осы жылдың ерекше жаңалығы - 10 қаңтарда ҚР Парламенті мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау өте ұйымшылдықпен, талапқа сай өткізілді. Сайлауға үлкен жауапкершілікпен дайындалып, партияның сайлауалды бағдарламасын жасақтадық. 5 жыл бедерінде атқарылатын жұмыстарды сайлаушыларға насихаттадық. Ендігі кезекте халыққа берген уәдені орындап, бұқарамен тығыз қарым-қатынаста болып, бірлесе жұмыс жасау болатын.
Аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі А.Шаменовтың қатысуымен өткен фракцияның алғашқы отырысында «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде Жол картасы егжей-тегжейлі талқыланды. Жол картасын бекіту мәселесі партияның аудандық филиалы жанындағы Саяси кеңес бюросы отырысының күн тәртібіне қойылды. Бюро мүшелерінің келісімімен аудан бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың басты құжаты, яғни жол картасы бекітілді.
Енді осы уақытқа дейін жол картасы бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Сайлау науқаны аяқталғаннан бері сол жобада көрсетілген, халыққа берген уәделеріміздің қалай іске асты? Осы мәселелерді сараптап, елдің назарына ұсынсам деймін.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағыты бойынша 2022 жылы жеке медициналық орталығын ашу жобасы болса, осы мақсатты көздеген «Клиника Каметов» ЖШС медициналық орталығы 2020 жылы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-і арқылы «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 8,5 млн теңгеге қаржыландырып, қажетті құрал-жабдықтар алды. Қазіргі таңда орталықта 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Медициналық нысан уақытынан бұрын ашылып, халықтың қажеттілігіне қарай жұмыс жасап жатыр.
Сонымен қатар, келер жылы қолданылуға берілуге тиіс комбикорм өндіретін және тәулігіне 60 тонна күрішті өндеу цехын ашу жобасы жеке кәсіпкер Д.Ержановтың бастамасымен толық іске қосылып, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында қаржыландырылып, жұмыс жасауда. 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 5,2 пайыздан 4,7 пайызға төмендету болса, алдағы міндет – 2025 жылға дейін 4,7 пайызға дейін түсіруге қол жеткізу болып отыр.
Ауданның негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығын өркендетпей алға баспайды. Осы орайда ірі қара малды 34800 басқа дейін көбейту межеге алынса, оның саны бүгінде 37106-ны құрап, мақсат толыққанды жүзеге асты.
Осы жылы ауданнан сүт фермасын ашуды бағдарласақ, Аққұм ауылдық округіндегі «Бақдәулет 57» шаруа қожалығы жыл соңына дейін округтен ферма ашып, ел үшін қажетті шаруаны қолға алмақ. Қазір жеке кәсіпкер мал қора салу жұмысымен айналысуда. Оған қаржы ұйымдары арқылы 100,0 млн теңге көлемінде несие берілмек. Сол қаржыға кәсіп иесі 100 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алмақ. Бұл жұмыстардың орындалуы аудандық партия филиалы жанындағы «Аграрлық секторды дамыту» жөніндегі қоғамдық кеңестің назарында тұр.
Сондай-ақ, көшбасшы партияның бағдарламасында 2021-2022 жылдары Мәдениет, Аламесек, Аққұм, Ақсу, Таң ауылдық округтерде жылыжай кешенін салу бар болатын. Осыған орай, Мәдениет ауылдық округінде «Нұрдәулет» шаруа қожалығының басшылығымен жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оны ашу қыркүйек айына жоспарлануда. Бүгінде Аламесек ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер «Сұңғат» жылыжай кешенін салып, қияр, қызанақ дақылының өнімдерін алуда. Ал Таң, Ақсу, Аққұм ауылдық округтеріндегі жылыжай кешенін салу жұмыстары келер жылы жүргізілетін болады.
Бағдарламада асыл тұқымды биыл 1,1 пайызға жеткізу көзделген болса, ол 2% орындалды. Аудан бойынша жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасымен айналысып отырған 22 шаруашылық 58 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды.
Кәсіпкерлерді қолдау қашанда партияның назарынан тыс қалған емес. Себебі кәсіпкерлік экономиканың қозғаушы күші. Сондықтан жыл сайын «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен 15 кәсіпкердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау шеңберінде несиелер және бизнесін жаңадан бастаушы азаматтарға грант ұсыну жобасы жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы 81,7 млн теңгенің 17 жобасы субсидияланды. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында ағымдағы жылдың 7 айында 126 кәсіпкер 1 млрд 545 млн теңгеге қаржыландырылды. «Еңбек» бағдарламасы аясында 42 адамға 188,7 мың теңге шағын несие берілді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 2260-қа жеткізу көзделсе, қазір соның 2232-сі жұмыс жасауда. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жеке жинауды ұйымдастыру нысанаға алынса, жаңадан 10 қоқыс жәшігі қойылып отыр.
Көркейту-көгалдандыру жұмыстары үнемі назардан тыс қалған емес. Биыл да межеленген 4648 дана ағаш көктемгі көркейту-көгалдандыру кезінде отырғызылды. Оның шығымдылығына да жете мән беріп келеміз.
Аудан бойынша электрмен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту да көптің көкейінде жүрген үлкен мәселе. Бұл жұмыстар бойынша қазіргі таңда Аққұм, Жаңаталап, Мәдениет, Бұқарбай батыр елді мекендерінің электрмен жабдықтау жүйелері қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді.
Білім беру сапасын арттыру бағыты бойынша да бірқатар өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйесімен жабдықтауға биыл қаржы бөлінді. 2020-2021 оқу жылында ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 7 мектепке ішкі әжетхана орнатуға қажетті қаражаттар бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
2020-2021 оқу жылында аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларын қашықтықтан білім беру жағдайында компьютерлік құрылғылармен қамту мақсатында республикалық бюджет есебінен 1452 құрылғы, мектеп базасынан 384 құрылғы және демеушілікпен 151 құрылғы берілді.
Партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша жоғарғы және орта білім беру ұйымдарына түскен мектеп бітіруші түлектердің үлесін 98,6% жеткізу көзделген болса, биылғы жылы 321 бітірушінің 279-ы жоғары, 41-і арнаулы оку орындарына құжат тапсырды. 1 оқушы алдағы ақылы кешенді тестілеуге қатысып, оқу орнына құжат тапсыруды жоспарлап отыр.
2021 жылы ҰБТ-ға 321 мектеп бітірушінің 291-і қатысты. 100 балдан жоғары 59 бітіруші түлек жинады.
Тең мүмкіндіктер қалыптастыру бағыты жетекші партияның басты бағытының бірі. Осыған орай биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, дербес, онлайн режимінде қолдау, компенсаторлық және әлеуметтік қызметтерді сатып алуға мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтердің бірыңғай порталын енгізу жүзеге асты.
Бұқаралық спорт үшін жағдай жасау да партия қолға алған негізгі бағыттың бір парасы. Жалағаш кентінен жаңа үлгідегі жабық бассейін құрылысын салу жеке кәсіпкер Қайыржан Құлтекеновтың жеке қаражаты есебінен жүзеге асты.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері Жалағаш ауданында 71 маманға 307,1 млн теңгеге тұрғын үй несиесі беріліп, 61 маманға 17,7 млн теңге көтерме жәрдемақы берілді. 2021 жылы 70 маманның аталған қолдауға ие болуға ықпал жасау болса, меже толыққанды орындалды.
Сайлауалды бағдарламасында отбасы құндылығын дәріптеу максатында аудан орталығында отбасыларға арналған психологиялық кабинет ашу болатын. Осыған орай аудандық аурухананың бірінші қабатынан психологиялық кабинет ашылып, өз жұмысын бастады. Онда 1 дәрігер, 1 психололог, 1 мейірбике жұмыс жасауда.
Ашық және есепті жергілікті органдар бағыты бойынша электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді 90 %-ға жеткізу болса, ол мақсатқа толық қол жеткізілді. Қазіргі таңда электрондық түрде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны – 2851-ге жетті.
Бүгінде сыбайлас жемқорлық белең алып тұрған тұста онымен күрес толастамақ емес. Сондықтан аудан тұрғындары арасында жемқорлықтың алдын алу және ескерту бойынша іс-шараларды өткізуде үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін іске қосу аса маңызды. Осыны басым бағыттың біріне жатқызған жетекші партия «Қоғамда сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеуді қалыптастыру көздері» әлеуметтік қызметіне 420,0 мың теңге қаржы қарады. Онда мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, «Достық мекені» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанып, келісім шарт жасалынып, жұмыс жоспары бекітілді. Қазіргі таңда аудан көлемінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында кент және ауылдық округтерде 14 тақырыптық билбордтар орналастырылған.
Үстіміздегі жылдың 7 ай көрсеткіші бойынша жетекші партияның ықпалымен біршама жұмыстар жасалды.
Аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартудың өзекті мәселелері, экономиканың өсу қарқындарын жетілдіру, елді мекендер инфрақұрылымын әрі қарай дамыту мәселелері әрқашан депутаттық фракцияның басты назарында.
Біз өздеріміздің сайлаушыларымызбен үздіксіз байланыста болуды басты назарға алдық. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында берілген нақты міндеттерді жүзеге асыру жолында тиянақты жұмыс жасап, ел алдындағы аманатымызды орындауға күш салатын боламыз.