«Әділдік үшін аяғына дейін барамыз»: Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Тұрсынбек Қабатовтың қызына байланысты іс туралы айтты

Белгілі заңгер Абзал Құспан Тұрсынбек Қабатовтың ҰБТ-ға қызының орнына басқа адамды кіргізгені туралы сенімді ақпарат алғанын Facebook-тегі парақшасында жазған еді.

Енді бұл іс қалай өрбиді, кім жауапқа тартылады деген сұрақтарға Ұлттық тестілеу орталығы бақылау кеңесінің төрағасы әрі Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Дидар Смағұлов жауап берді, деп жазады nege.kz.

Заңгер ретінде айтатын болсам, бұл жерде оқушы да, студент те жалған құжат жасағандықтан жауапкершілікке тартылады. Бірақ олармен бірге тағы бір Астананың білім беру орталығының басшысы ұйымдастырушы болған. Қазір ол да тергеуде жауап беріп жатыр. Осы ұйымдастырушымен бірге студент пен оқушы да жауапкершілікке тартылады. Өйткені олар жалған құжатты жасап, пайдаланды. Осы құжат арқылы тесттен жоғары балл аламын деп ойлаған. Бұл жерде жауапкершілік тек қана оқушыға түседі. Себебі бұл іске ата-анасының қатысы жоқ. Аталған іс бойынша 16 жастан бастап әр адам жеке өзі жауап береді. Қылмыстық кодекстің 385-бабының 2-бөлігі бойынша 2000 АЕК көлемінде яғни 5 834 000 теңге айыппұл (1 АЕК – 2 917) төлеуі немесе 600 сағат қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Сондай-ақ ең қатаң жаза ретінде екі жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған. Менің ойымша, істі болып отырған балалар болғандықтан, айыппұлмен шектелетін шығар. Бірақ мұны сот шешеді. Тергеу кезінде Ұлттық тестілеу орталығы тиісті ақпарат ала алмады. Тұрсынбек Қабатовтың қызына қатысты тергеу өте жабық өтті. Біздің сұранысымызға тиісті жауап ала алмадық. Жұрттың назары осы іске ауып отырғандықтан ашықтыққа, әділдікке жеткізеді деп ойлаймын, – дейді ол.

Ал Қабатовтың танымалдығы істі бұрмалауға мүмкіндік бермейді дейді Дидар Смағұлов

Жоқ, олай болмайды. Себебі біз тергеу органдары мен прокуратураға хат жазып, бұл істі қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Сондықтан бұл істі жабуға мүмкіндік бермейміз. Әділдік үшін аяғына дейін барамыз. Егер сот отырысында қандайда бір заңсыздық болса, мен қайтатан әлеуметтік желіде «Сотта әділетсіздік болып жатыр» деп хабарлаймын, дейді Дидар Смағұлов.

Back to top button