Токио Олимпиадасының жеңімпаздарына мемлекеттік наградалар табысталды

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Токио-2020 Олимпиадасының жеңімпаздарын жеңісімен құттықтап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бірқатар мемлекеттік наградаларды табыстады.

«Ардақты әлеумет, биылғы Олимпиада спорт тарихындағы айрықша бәсеке болғаны анық. Бүкіл әлем алапат індетпен күресіп жатқанда жарысты ұйымдастыру оңайға соққан жоқ. Спортшылардың сайысқа дайындығы да біршама өзгерді. Олимпиада уақыты 1 жылға кейінге шегерілді. Осындай сындарлы сәтте сынға түскен сіздердің ерік-жігерлеріңізді ерекше атап өткен жөн. Олимпиаданың бірінші күні Елдос Сметов алғашқы жүлдені қоржынға салса, жарыстың соңына қарай Софья Берульцева ұлттық құрамның Токиодағы жорығын түйіндеді. Ауыр атлеттеріміз Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, боксшыларымыз Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев, балуан Нұрислам Санаев пен таэквондошы Дархан Асаділов жанкүйерлерді жүлдемен қуантты. Сіздер мемлекеттің намысы мен абырой, мерейі мен мәртебесін сынға түскен жаһандық жарыста жан аяп қалған жоқсыздар. Қанша жылдық еңбекпен келген жүлделеріңіз құтты болсын», – деді Қырымбек Көшербаев салтанатты шарада.

Шараға Мемлекеттік хатшыдан бөлек ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов және ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.

Мемлекеттік наградамен қатар, жеңімпаз спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына қаржылай сыйақы табысталды. Атап айтқанда, Олимпиада жүлдегерлеріне 31 млн теңге, ал жаттықтырушыларға 25 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалды.

Back to top button