«Болашақ» стипендиясына 1 мыңнан астам өтініш қабылданды

«Болашақ» стипендиясына 1 мыңнан астам өтініш қабылданды

«Болашақ» стипендиясына 1 мыңнан астам өтініш қабылданды
ашық дереккөзі
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына құжаттарды қабылдау жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 1 мыңнан астам өтініш түскен. Құжаттарды қабылдау 4 мамырда басталған болатын және ол 2021 жылдың 28 қазанына дейін жалғасады. Стипендиялар маусым, тамыз және қараша айларында тағайындалады. Екінші тағайындауға – 250, үшінші тағайындауға 205 стипендия беріледі. Жалпы, 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінген. Оның ішінде:
  •  555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдама бағдарламалары бойынша;
  •  500 стипендия «ғалымдар» санаты бойынша беріледі.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-дан мәлім еткендей, «ғалымдар» санаты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жыл сайын 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамаға жіберу үшін енгізілген. «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға қажетті құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процестері толығымен автоматтандырылған және eGov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. «Жеке кабинетте үміткерге бірегей код беріледі. Сол кодты ол конкурстық іріктеу кезінде пайдаланады. Үміткердің жеке деректері де бірегей сәйкестендіру жүйесінің көмегімен кодталған. Іріктеу кезеңдеріне кешенді тест, Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссия отырысында құжаттарды қарау кіреді», - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова. Айта кетейік, 2021 жылы стипендиаттар 80 мамандық бойынша академиялық оқуға барып, 137 мамандық бойынша тағылымдамадан өтеді. Тізімге «Инклюзивті білім беру», «Вирусология», «Урбанистика», «Жаңа материалдар технологиясы»сияқты өзекті мамандықтар енді. Биыл басым мамандықтар «инновациялар және жаңа технологиялар», «индустриялық инженерия», «жаратылыстану ғылымдары», «әлеуметтік ғылымдар», «білім беру», «медицина» және «креативті индустрия» сияқты бағыттар бойынша бөлінген.