Жаңалықтар

Жамбылда мүгедек қарияға ауылдастары асарлатып үй салып берді

Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша тағы бір отбасы қоныс тойын тойлады. Аталмыш жобасы аясында 134 баспананың құрылысы жүргізіліп, мұқтаж отбасыларға беріледі деп жоспарланған.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған жоба биыл да жалғасын тауып, аудандарда жүзеге асырылып жатыр.

Игілікті іске ұйытқы болған ерікті жандардың көмегімен Меркі ауданының тұрғыны Қобылан Жүсіповтың отбасы қоныс тойын тойлады. Меркі ауданына қарасты Тұрар Рысқұлов ауылдық округінің тұрғыны Қобылан Жүсіпов ұл мен қызды тәрбиелеп отырған зейнеткер әке. Көру қабілеті нашар, мүгедектігі бар әкей талай жыл тұрғын үйге қол жеткізе алмай, қарындасының қарауында болып келген.

Ауыл тұрғындарының шешімімен «Асарлатып үй салу» жобасының арқасында қарт зейнеткерге баспана салынып, кілті тапсырылды. Ақсақалдың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Руслан Нұрсипатов қатысты.

«Біз жетімін жылатпай, жесіріне қамқор болған елміз. Үй салудағы мақсат – тек мұқтаж адамды баспанамен қамту ғана емес, оның астарында халықтың ынтымағы мен берекесін арттыру жатыр. Қазір облыс бойынша, басқа аудандарда да асарлатып үй салу жалғасуда. Бұл еліміздің бірілігі мен тірлігін, халқымыздың ауызбіршілігін, бір-біріне деген бауырмалдығын білдіреді деп есептеймін. Сондықтан, бүгінгі үлкен игі іске атасалысқан азаматтарға аудан жұртшылығының және өзімінің атымнан рахметімді айтып, басымды иемін. Елім, жерім деп, осындай игі істерге үн қосатын азаматтар барда ауданымыздың одан әрі өсіп-өне берері сөзсіз», – деді аудан басшысы.

Шара барысында Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманәлиев жұртшылықты елдің бірлігін сақтап, ынтымағын арттыруға, жас ұрпақты кішіпейілділікке, татулыққа, қамқорлыққа шақыруға ат салысуға үндеді.

Айта кету керек Меркі ауданында биыл жыл соңына аталған жоба аясында 13 үйдің құрылысы жүргізіледі деп жоспарланған.

 

Back to top button