Данияда Dragon әскери атағын иеленген қазақ қызы
Данияда Dragon әскери атағын иеленген қазақ қызы
Он тоғыз жастағы Ләйла Аюби – Дания қазақтарының арасында бірінші болып әскери борышын өтеп келген қыз. Ерлермен иық тіресіп, ауыр жаттығулар жасап, арнайы сынақтардан өткен Ләйла екінің біріне бұйырмайтын Dragon әскери атағын иеленген. Қазір жоғары оқу орнына түсуге дайындалып, сондай-ақ домбырада шебер ойнауды үйреніп жүрген Ләйлаға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Сені көпшілік «Әскерде ерлермен қатар қызмет етіп, Данияда тұратын қазақтардың арасынан тұңғыш рет әскери атақ алған қыз» дейді. Ерлермен қатар иық тірестіру оңай емес екені белгілі, бірақ расымен бір отрядта ұл балалармен қатар қызмет еттің бе?
– Иә, бір отрядта отыз сарбаз болса, соның 10-ы қыз балалар болды. Оны айтасыз, казармада ұлдармен бірге тұрдық. Мысалы, біз бір бөлмеде үш қыз, бес ер бала бірге тұрдық. Көп жағдайда ер балалармен бірге жаттығамыз, бірақ қыздарға арналған бөлек жаттығулар да болды. Ер балалар қайта бізге көп көмектесті. Қиын тапсырмаларды орындау кезінде қыздар да бір-бірімізге көмектесіп жүрдік. Дегенмен ауыр жаттығуларға шыдамаған үш қыз әскери дайындықтан өте алмады. Әскери салада көп жыл бойы жұмыс істеген әйел қызметкерлер «Сендер ерлерге қарағанда көп жұмыс істеулерің керек. Өз ортаңда мықты болып көрінгің келсе, көп жүгір, көп жаттық!» деп бізді жігерлендіріп, «қайрап» отыратын. Сөйтіп, атыс полигоны болсын, ұрыс аймағы болсын, ерлермен тең дәpежеде қызмет атқару үшін барымды салдым. Бізді жігіт, қыз деп бөлмей, «Дракон туры» деп аталатын әскери-тактикалық ауыр жаттығуларға, сондай-ақ, бетпе-бет шайқасатын жаттығуларға да қатыстырды. Осының барлығынан мүдірмей өтіп, «Дракон» (Dragon) әскери атағын алдым. Ол сержанттан майорға дейінгілердің бәріне беріледі. Негізі, Данияда әскер қатарында болу үлкен абырой саналады, себебі бұл кейін қызметте жоғарылауға пайдасын тигізеді.
– Қазақстанға келіп көргенсің бе?
– Иә, Қазақстанға үш рет бардым. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында болдым. Сондай-ақ Түркістан облысында орналасқан Сарыағаш ауданына бардым. Маған Нұр-Сұлтан қаласының заманауи үлгіде салынған әсем ғимараттары ұнады. Одан бөлек, Алматының таңғажайып табиғаты да таңдай қақтырады. Сосын Сарыағаш ауылында тұратын апайымның мал ұстап, дәнді дақылдар мен көкөніс өсіріп отырғанын көріп, қатты таңғалдым. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген мен сол сапардан ерекше әсер алып қайттым. Жалпы, елге үш рет барғанымда да көп нәрсе білдім, әсіресе қазақ мәдениеті туралы көп нәрсені түсіндім. Негізі, қазақ мәдениетіне бұрыннан қызығатынмын. Домбырада ән айтуды үйреніп жүргеніме біраз уақыт болды, қазір бірнеше әнді орындай аламын. Алдағы уақытта домбырада шебер ойнағым келеді.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ