«Көлеңкелі экономика»: жарыққа шығарудың жолы қандай?
«Көлеңкелі экономика»: жарыққа шығарудың жолы қандай?
Сауда-саттық − көлеңкелі нарықтың көзі
Белгілі болғандай, былтыр салықтық және кедендік түсімнің сомасы 2019 жылмен салыстырғанда 18 пайызға қысқарыпты. Оған себеп − жалпыға бірдей декларациялаудың дұрыс жүргізілмеуі. Кешенді жұмыстарға қарамастан көлеңкедегі экономиканың үлесі жоғары деңгейде сақталып отыр. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері бойынша 2019 жылы ЖІӨ-дегі қадағаланбайтын экономиканың үлесі − 23,69 пайыз. Оның 5,65 пайыз тауарлар өндірісіне жататын көтерме және бөлшек саудаға тиесілі болса, қызметтер өндірісіне жататын авто және мотоцикл жөндеу саласында көлеңкелі айналымдағы қаражат көлемі 18,04 пайыз. Бұл салалардан бөлек ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 1,67 пайыз, құрылыс саласына 1,42 пайыз «көлеңкедегі нарық» қалыптасқан. Әсіресе, көш басында аяқ киім және темекі саудасы тұр. Цифрлық экономиканы дамыту орталығының ақпараты бойынша аяқ киімнің көлеңкелі нарығы жалпы көлемнің шамамен 48,5 пайыз. Ал темекі өндірісі мен саудасында «көлеңкелі экономиканың» белгісі көп. Бұл мәселені шешу үшін былтыр елімізде темекі өнімдерін таңбалау басталды.
Сапарбай ЖОБАЕВ, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы:Жеке тұлғалар ғана емес, кәсіпорындардың да табыс салығын арттыру қажет
− Елімізде былтыр «көлеңкелі экономиканың» үлесі 20,23 пайыз болған. Бұл ЖІӨ-нің бестен бір бөлігі деген дерек шықты. Бірақ 2017 жылы «көлеңкедегі экономиканың» үлесі 28 пайыз көрсеткені белгілі. Сол жылмен салыстырғанда жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын көруге болады. Орта Азия елдеріндегі экономиканың үштен бірі көлеңкелі экономикаға жатады. Оның ішінде заңсыз жолмен келген табыстың түрі көп. Яғни, мемлекетке салық түспейді. Осы ретте, былтырғы мәлімет бойынша елдің ЖІӨ-і 70 трлн теңге болды. Бұған қосылуы тиіс 14 трлн теңге «көрінбей тұр». Меніңше, «көлеңкедегі нарықта» басым үлеске ие сала – арақ-шарап саудасы. Бұл тізімге бала бағу, көліктік қызмет түрі, репетитор ретінде сабақ беру, құрылыс жасауда көрсетілетін қызмет түрлерін қосуға болады. Осындай қызметтерден салық түспеген соң, мемлекеттік қазына ең кемі 1,4 трлн теңге түсімнен қағылып отыр. Біздің бюджеттің құрылымында 7,5 трлн теңгесі салық есебінен, 4,5 трлн теңге Ұлттық қордан, ал 2 трлн теңге бағалы қағаздардан түскен түсім. Мемлекеттік қазынаның 14 трлн шығыны осылай жабылады. Ал көлеңкедегі қаражаттан кем дегенде түсуі тиіс 1,4 трлн теңге «көрінетін» айналымда болса, бұл мемлекет қазынасы үшін айтарлықтай көмек болар еді. Бізде бюджетке салықтан түсетін түсімдер аз. Себебі, бюджеттік шығынның жартысы ғана салықтан жабылады. Дүниежүзіндегі 170 мемлекеттің экономикасы салық есебінен «өмір сүріп» отыр. Президент те кезінде «біздің елдің шығыны табысына сай емес» деген еді. Ол үшін «көлеңкедегі экономиканы» есепке алу қажет. Бұған дейін азаматтардың алатын табысына сай салық мөлшері бекітілуі тиіс деген мәселе көтерілген-ді. Мысалы, 20-30 млн айлық алатын адамдардың жеке табыс салығын 15 пайызға көтеру керек. Бұл бастамаға құзырлы органдар да, депутаттар да ешқандай пікір білдірген жоқ. Ал зейнетақы қорынан берілген қаражат елдегі 2 пайызға ие дәулетті адамдардың «оң жамбасына тура» келді. Тек жеке тұлғалардың емес, кәсіпорындардың да табыс салығын 20-30 пайыздан 40 пайызға көтеру керек деп есептеймін. Себебі, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тиесілі еншілес кәсіпорындар мен коммерциялық банктердің табысы пандемия кезінде де артқан болатын.
Нұржан БАЕКЕЕВ, «Қазақтелеком» АҚ Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры:
Әлемдік тәжірибеде тауарға міндетті таңбалау енгізу көлеңкелі айналымдағы нарықты 70-80 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді
− ЕАЭО елдерінің бірыңғай келісімі шеңберінде 2017 жылы тері бұйымдарын таңбалау туралы шешім қабылданды. Бұл нарықта контрафакт деңгейі өте жоғары. 2020 жылдың қазан айында Қазақстанда темекі өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Бүгінгі таңда шамамен 1 млрд темекі қаптамасына Data Matrix коды бар. Сондай-ақ, жақында Қазақстанда дәрілерді цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жоба аяқталды. Осы ретте айта кетерлігі, тұтынушылар naqty Onim мобильді қосымшасының көмегімен таңбалау кодын сканерлеу арқылы тауардың заңдылығын тексере алады. Енді темекі өнімдерін де осылай тексеруге мүмкіндік бар. Үкімет бекіткен темекі өнімдері мен аяқ киімді таңбалау кодына тарифтің құны 2 теңге 68 тиын. Ал «Еліміздегі кәсіпкерлер тауар таңбалауда шығынға батпай ма?» деген сауалға келетін болсақ, бизнес үшін таңбалау жабдығына жұмсалатын шығындардың 40 пайыздан 80 пайызға дейінгі өтемақысын мемлекет қамтамасыз етуге дайын. Қазір бөтелкедегі су және құрамында қанты бар сусынды, алкогольді, сүт өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп тауарларын цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жобаларды іске асырып жатырмыз. Пилоттық жоба бойынша кәсіпкерлерден құралған фокус-топтар құрылды, тауарды таңбалауға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әлемдік тәжірибеде тауарға міндетті таңбалау енгізу көлеңкелі айналымдағы нарықты 70-80 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді. Біздің нарықтағы 15 тауар түрін таңбалау арқылы 900 млрд теңге сомасындағы қаражатты айналымға енгізуге мүмкіндік бар. Тиісінше, мемлекеттік бюджеттің кірісі салық есебінен жылына 100 млрд теңгеге артпақ. Яғни, бұдан мемлекет те, бизнес те, тұтынушы да айтарлықтай пайда көреді.