Нобельді алған алғашқы әйел

Нобельді алған алғашқы әйел

Нобельді алған алғашқы әйел
ашық дереккөзі

1909 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы тұңғыш рет әйел жазушыға берілді. Швеция мемлекетінің атынан оны алған бикештің аты-жөні – Сельма Оттилия Лувисса Лагерлеф. Бірақ біз оның есімін толық айтпай, қысқартып, қалыптасқан дәстүр бойынша Сель­ма Лагерлеф деп атағанды жөн санадық. Қалың бұқараға аса таныс болмағанымен, Швецияда есімі зор құрметпен аталатын еңбекқор әйелдің жаз­ған шығармалары аз емес. Дегенмен, әлем оқырмандары оны «Нильс Хол­герсонның елді аралаған ғажайып саяхаты» деген ғажайып ертегісі арқылы жақсы таниды. Егер менің замандастарымның есінде болса, осы ертегінің желісімен «Сыйқырланған бала» деген мультфильм де түсірілген. Мультфильмде мінезі бұзық ұлдың сыйқырланып қалып, жабайы қаздармен бірге қалай саяхат жасайтыны баяндалады. Жалпы, Скандинавия елдерінен ертегі жанрына қалам тартып, әлемге танылып, шығармалары дүниежүзінің баспаларынан миллиондаған данамен жарық көріп, көркем туындыларын әлі күнге дейін жұрт қызыға оқитын бірқатар жазушылар шықты. Кім мысалы, бүгінде Ганс Христиан Андерсен немесе Астрид Линдгрендердің есімі мен тамаша ертегілерін білмейді. Бір өкініштісі, біздің қазақ жазушылары ертегі жанрына аса қатты көңіл бөле бермейді. Ал, шын мәнісінде ертегі арқылы көп дүниені айтуға да, әлемге кеңінен танылуға да болады. «Мауглидің» авторы Редьярд Киплингтің немесе «Нильс Холгерсон­ның елді аралаған ғажайып саяхаты» деген тамаша ертегіні дүниеге әкелген Сельма Лагерлефтің шығармашылығы біздің осы сөзіміздің шындық екенін растай түседі. Киплинг те, Лагерлеф те айдай әлемге ең алдымен балалар жазу­шысы ретінде танылып, Нобель сыйлығын иеленді.

Сельма Лагерлеф 1858 жылы Мор­бак­кадағы атақонысында отставкадағы әскери мен мұғалімнің отбасында дүниеге кел­ді. Балалық шағы Вермланд деген Орталық Швецияның табиғаты тамылжыған жер­лері­нің бірінде өтті. Вермланд пен Морбакканың әсем көрінісі Сельманың санасында өшпес ізін қалдырып, жазушылық талантына шалқар шабыт сыйлады. Қаламгердің көптеген әңгі­мелері мен автобиографиялық кітаптарында ба­лалық қиялын тербеп, жүрегіне ыстық болған атамекені асқан шеберлікпен суреттеледі. Өмірін бастамай жатып-ақ, кіш­кентай қызға тағдырдың ауыр сынынан өтуіне тура келді. Үш жасында ол мүгедек бо­лып, аяғына тұра алмай, төсекке таңылып қалды. Нана апасы мен әжесінің қамқорлығы мына өмірдегі қыздың жанын жұбатқан жалғыз қуанышы болды. Олардың әңгімелерін тыңдай жүріп Сельма көптеген отбасылық шежірелерді, ертегілер мен тарихи оқиғаларды құлағына құйып өсті. 1863 жылы әжесінің дүние салуы оған қатты соққы болып тиді. 1867 жылы Сельманы дәрігерлерге қарату үшін Стокгольмдағы арнайы мамандан­дырыл­ған емханаға жатқызады. Білікті дәрігерлердің ем-домы оң нәтижесін беріп, қыздың қозғалу қабілеті дұрысталып, қалпына келе бастайды. Жазушы болуды армандаған тоғыз жасар Сель­маның өмір сүруге деген құштарлығы артып, бақыттан басы айналады. Атақты суреткер 1908 жылы жарық көрген «Ертегідегі ертегі» деп аталатын автобиографиялық но­вел­ласында шығармашылық жолды таңда­ған балалық шағын суреттеп, қалай жазушы бол­ғанын баяндайды. Алайда, отбасының тұрмыс-тіршілігі қиындап, ақша табудың амалын ойлаған тіршіліктің қамы Лагерлефті шы­ғар­машылық әлемнен алыстата түсті. 1881 жылы ол лицейге оқуға түсу үшін Стокгольмға аттанады. 1882 жылы Жоғары мұғалімдер семинариясының оқушысы атанып, 1884 жылы оны тәмамдайды. Сол жылы Сельма Ла­герлеф Швецияның оңтүстігінде орна­лас­қан Ландскрундегі қыздарға арналған мек­тепте сабақ береді. Бір жылдан кейін әкесі қай­тыс болып, тіршіліктері титықтаған отба­сы, ақшасы төленбегені үшін, амалсыздан ата­қоныстарын сатып жібереді. 1880 жылдар қатты күйзелісті басынан өткерген жазушы үшін қиын мезгіл болды. Міне, осындай уақытта Сельма қолына қалам алып, өзінің тырнақалды туындысын жазуға кірісті. «Йест Берлинг туралы дастан» деп ата­латын романы, сол кездері реализмнің ор­нына келген неоромантикалық стильде жа­зылған туынды болды. Ақсүйектердің тағдыры мен мекенжайларының өмірін әсірелеп су­рет­теу, диқаншылық құрылым мен өндірістік тір­шілікті салыстырып баяндау осы стильге тән белгі еді. Туған жер мен оның дәстүрін, отан­шылдық көңіл күйді жазу – бұл бағытқа тән сипаттар. 1890 жылы «Идун» газеті оқыр­ман­дардың қызығушылығын туғызу мақ­сатын­да, қомақты қаржысы бар сыйлық та­ғайындап, үздік шығармаға байқау жария­лайды. Әлі толық аяқталмаған романының бірнеше тарауын басылымға жіберген Лагерлефтің туындысы әділқазы мүшелерінің көңілінен шығып, әдеби сыйлықты жеңіп ала­ды. Кейін жазушы әлі бітпеген романын соңына дейін аяқтап 1891 жылы ол толық күйінде жарық көрді. Сол кездегі белгілі сын­шы Георг Брандес баспасөз бетіндегі бір ма­қаласында Лагерлефтің романын ерекше атап өтті. Аузы дуалы Брандестің пікірінен кейін, жазушы шығармашылығына деген оқырман қызығушылығы арта түсті. Лагерлефтің еш­кімге ұқсамайтын жазу мәнері болды, өзінің ро­манын ол өмірде бар шындық сипат­тал­маған, жекелеген оқиғалардың тізбегі ретінде құрайды. Сельманың бала кезінде әжесі мен апасынан естіген аңыздар мен Вермландтың тарихы негізінде құрылған туындылары ро­мантикаға, әйгілі оқиғалар мен мейрамдарға толы болып келеді. «Ескі қоныс туралы аңыз», «Арне мырзаның ақшалары» романдары мен «Көрінбейтін түйіндер», «Кунгахэлладан шық­қан ханшайым» атты новеллалар жинағынан да ертегілік стильдің айшықты ізі аңғарылады. Бұл шығармаларында мейірімділік пен ма­хаббат, жоғарғы күштердің және ғажайып сиқырдың көмегімен зұлымдық пен бақыт­сыздықты жеңіп жатады. Әсіресе, мұндай тақырып «Ғайса туралы аңыз» кітабына топтастырылған новеллаларында айқын көрініс тапқан. Алайда Лагерлеф діни, фило­со­фиялық және ізгілік мәселелерін тек қана ертегілік сарынмен түсіндіруге тырысқан жоқ. 1895-1896 жылдары жазушы ұстаздық қыз­метін тастап, Италияға саяхат жасайды. «Антих­ристің ғажайыбы» романында осы елде болып жатқан оқиғалар суреттеледі. 1901-1902 жылдары діни секталармен қақтығысып қалып, өз жерлерін тастап кетуге мәжбүр бол­ған шаруа отбасыларына жаны ашып, «Иерусалим» деген роман жазды. Дей тұрсақ та, Сельма Лагерлефтің ата­ғын айдай әлемге әйгілі еткен туын­дысы ізгілік пен мейірімділікті насихаттаған туындылары емес, «Нильс Холгерсонның Швециядағы ғажайып саяхаты» атты ертегісі екенін ерекше атап өткім келеді. 1906-1907 жыл­дары жазылған бұл ертегі кітабы Лагер­лефтің бүкіл шығармашылығының шыңы болып, оны әлем жұртына кеңінен танымал етті. Әйгілі ертегінің қызық тарихы бар. Алғашқы кезде Сельманың басына туған жерінің шежіресін баяндайтын балаларға арналған кітап жазу туралы ой келеді. Туындыда Швецияның тарихы мен геог­рафиясы, дәстүрі, мәдени ерекшеліктері, аңыз­дары мен хикаялары баланың қызы­ғушы­лы­ғын туғызатын үлгіде баяндалуы тиіс болатын. Кітап фольклорлық материалдар халықтық ертегілер мен хикаялардың негізінде жазылды. Елдің тарихы мен географиясы ертегілік мә­нер­мен сипатталып шықты. Бас кейіпкер Нильс, Мартин атты қазға мініп, басқа да қаздардың тобымен бірге саяхат жасайды. Нильстің басынан кешкен оқиғалар, баланың бойындағы тұлғалық қасиетін қалыптас­тырып, мінезін шыңдай түседі. Түрлі оқиға­лардың арқасында бас кейіпкердің бойындағы мейірімділік, батырлық, басқалармен бірге қуана және өкіне білу сияқты қасиеттері ашы­лады. Саяхат барысында Нильс өзінің доста­рын бірнеше мәрте ажалдан құтқаруына тура келеді. Қаздармен жасаған саяхат Нильстің бойындағы нағыз адамдық қасиет­тер­ді оятады. Ғажайып ертегі тек Швеция хал­қы­ның ғана емес, әлем оқырмандарының да қ­ы­зыға оқыған, сүйікті шығармасына айнал­ды. Жазушы азғантай уақыт ішінде зор беделге ие болып, атағы дүркіреп, әлем жұртшылығына танылды. 1907 жылы қаламгерге Упсальск уни­верситетінің құрметті докторы атағы берілді. Ал, 1909 жылы Сельма Лагерлеф әлем әдебиетіндегі ең ұлы марапат Нобель сый­лығын иеленді. 1914 жылы ол Швед Ака­­де­миясының мүшесі болып та сайланды. Бағы жанып, қомақты қаржысы бар атақты сый­лықты иеленгеннен кейін Лагерлеф бір кездері тұрмыс тауқыметінің кесірінен айырылып қалған атақонысын қайта сатып алды. Жазушы қайтадан туған жері Морбак­каға қоныс аударып, қалған өмірін сонда өткізді. Отанына қайтып оралғаннан кейін бала­лық шағын есіне түсіріп, Вермланд тұр­ғын­дарының өмірі сипатталатын «Лилье­курнның үйі» романын жазды. Қаламгердің сол жылдары жазылған новеллалары бір том болады. Лагерлефтің қаламынан туған «Қуғындалушы», «Император Португальский» романдарының да Швеция әдебиетінде алатын өзіне лайық орны бар. Үш бөлімнен тұратын Левеншельдар туралы трилогиясы шығармашылығын түйіндеген жазушының ең соңғы туындысы болды. Бұл трилогияда бес ұрпақтың тағдыры суреттеледі. Романдағы оқиғалар 1730 бен 1860 жылдар аралығын қам­тиды. Дей тұрсақ та, Сельма Лагерлеф та­лай-талай туындыларды туғызғанымен, адамзат мойындаған ірі суреткерлердей әлем әдебиетінде айшықты ізін қалдыра алмады. 1994 жылы Ресейде әйелдердің арасынан ең бірін­ші болып Нобель сыйлығын алған қалам­гер­дің төрт томдық шығармалар жинағы жарық көргенімен, ол дүниелер оқырман қауымның қатты қызығушылығын туғызбады. Алайда, Лагерлеф ертегісінің желісімен тү­сіріл­­ген қаздармен бірге саяхат жасайтын Нильс туралы мультфильмді балалар әлі күнге дейін қызыға тамашалайды. Бір өкініштісі, осы ғажайып ертегіні жазған жазушының Сельма Лагерлеф екенін жұрттың көбі біле бер­мейді.

1909 ЖЫЛЫ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛУҒА ҮМІТКЕР БОЛҒАН ҚАЛАМГЕРЛЕР:

1. Эмиль Верхарн (1855-1916) – Бельгияның атақты ақыны әрі драматург. 2. Иван Жилькен (1858-1924) – шығармаларын француз тілінде жазған Бельгия­ның символист ақыны. 3. Морис Метерлинк (1862-1949) – Бельгияның атақты ақыны, драматург әрі фи­лософ. 1911 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. 4. Джон Морлей (1838-1923) – ағылшындардың қоғам қайраткері, тарихшы. Ан­тиим­периялық тарихи шығармалардың авторы. Вольтердің, Руссоның, Дидроның шығар­машылығы туралы монографиялар жазған. Қаламгердің саяси журналистика мен әде­биетке сіңірген еңбегі орасан зор. 5. Алджернон Чарльз Суинберн (1837-1909) – ағылшындардың танымал ақыны, өз заманында Англияның бірінші шайыры болып саналған. 6. Георгиос Сурис (1853-1919) – грек ақыны, жазушы әрі драматург. 7. Àнжель Гимерà (1845-1924) – испан ақыны, жазушы, драматург. 8. Анджело де Губернатис (1840-1913) – танымал Италия ғалымы. 9. Александру Димитрие Ксенопол (1847-1920) – румын тарихшысы, жазушы, философ. 10. Борден Паркер Боун (1847-1910) – америкалық философ, профессор. 11. Поль Бурже (1852-1935) – француз сыншысы, жазушы. 12. Шарль Вагнер (1852-1918) – француз жазушысы, «Әділеттілік», «Қарапайым өмір» атты туындылары бар. 13. Эжен-Мельхиор де Вогюэ (1848-1910) – француз дипломаты, жазушы, ар­хео­лог, меценат, әдебиет сыншысы. 14. Эрнест Лависс (1842-1922) – француз тарихшысы. 15. Анатоль Франс (1844-1924) – атақты француз жазушысы. 1921 жылы әдебиет с­а­ла­сын­дағы Нобель сыйлығын иеленді. 16. Ярослав Врхлицкий (1853-1912) – чех ақыны, драматург, аудармашы. 17. Карл Густав Вернер фон Хейденстам (1859-1940) – атақты швед ақыны. 1916 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді.