«Түркістан легионында» Тұтқында болғандар ақталатын мезгіл жетті
«Түркістан легионында» Тұтқында болғандар ақталатын мезгіл жетті
Сол кездегі кеңестік биліктің тарапынан ұстанған қағида бойынша, яғни «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген ұстанымы миллиондаған тұтқынның тағдырына ауыр зардабын тигізді.
Осы соғыста тұтқынға түскен азаматтардың көрген қорлығы мен сұмдық азапты күндерін бүгінде архив деректері айғақтай түсті.
Сол жазықсыз жазаланған жандардың айтылмай жатқан қилы тағдыры қаншама. Олардың тарихта, өздеріне лайықты орнын алу әділеттілік болар еді.
Ендігі жерде ХХ ғасырдың орта шенінде жазықсыз жапа шеккен осы әскери тұтқындарды ақтайтын мезгіл жетті. Өйткені бүгінгі ұрпақ, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің туған-туыстары, жақындары мен бауырлары олардың тағдыр-тарихы туралы танып-білуі тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі бастамасы көпшіліктің көңіліне шығып отырғаны даусыз. Еліміз үшін, тарих үшін бұл маңызы зор оқиға болып отыр. Оңтүстік өңірінде құрылған комиссияның жұмысшы топ мүшесі ретінде біз де архив қорларында елеусіз қалып қойған «Түркістан легионы» қатарында болған оңтүстікқазақстандықтардың аянышты тағдырына қатысты құнды құжаттарды мұқият зерделей отырып, ащы шындыққа көз жеткізгендей болдық.
Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде Түркістан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты істердің жалпы саны – 17 мың 231. Солардың ішінде «ақталмаған азаматтардың мұрағаттық қылмыстық істері» қорының жалпы саны – 563. Оның көпшілігі – әскери тұтқындар. Солардың ішінде «Түркістан легионында» болған оңтүстік жерлестеріміздің де баршылық екені анықталып жатыр.
Ендеше сол жат жерде жау қолында қалып, қапастан құтылса да қасірет шеккен қандастардың бірқатарының талайлы тағдырына тереңірек үңіліп көрейік.
Сондай сарбаздың бірі – Сауытбек Кәрібаев. 1906 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Ұлты – қазақ, отбасылы, 7 сыныптық білімі бар, әскер қатарына 1940 жылы алынып, 1946 жылы 30 қарашада тұтқындалып, 10 жылға сотталыпты.
Кәрібаевтың ісін қараған кәнігі тергеуші Шаян ауданының тұрғынын айыпты деп табады. Тергеу хаттамасына тігілген жауабында Кәрібаев 1940 жылы ақпанда Шаян әскери комиссариатынан алынып, Польшаның Замберг қаласында қатардағы жауынгер ретінде борышын өтегенін, осы қалада сұм соғыс басталғанға дейін болып, жойқын бомбылаудан соң амалсыз артқа шегінген 5-атқыштар ротасымен бірге Беларусьтің Белосток елді мекеніне қарай шегінгенін айта келе былай дейді:
«...Сол 1941 жылдың маусым айының аяғына қарай біздің Белостоктағы бөлім қалың жаудың қоршауында қалды. Бізге шегінуге бұйрық берілген соң быт-шыты шыққан Белостокты тастап Минскіге қарай беттедік. Қаланың қарасы алыстан көрінгенде қатты қуанғанымыз бекер екен, Минск де қоршауда қалыпты. Осылайша алдан да, арттан да анталаған жауға тосқауыл бола алмай, біздің бөлім амалсыз берілді». Яғни тергеушінің «қарсылықсыз қолға түсті» деген қауқарсыз қаулысы да жіті зерделеуді қажет ететін сияқты.
Тағы бір сарбаз Малаев немесе Сейітжаппар Молдыбаев ОҚО, Түркістан ауданының Борисовка ауылында дүниеге келіпті. Қазақ, шала сауатты, бұрын сотты болмаған. «Отанын сатты» деген айыппен сотталғанға дейін соғыстан соңғы жылдары Түркістан ауданындағы Хантағы кенішінде күзетші болып қызмет атқарған.
Ол №519 атқыштар полкі қатарында жасалған жаумен соғыса жүріп, 1942 жылы тұтқынға түседі.
Әскери тұтқындар лагерінде «Түркістан легионына» алынған сарбаз Сейітжаппар өзгелер секілді кіші командирлер даярлайтын мектепке жіберілген.
1948 жылы 6 тамызда қамауға алынған Малаев та тағдырдың тәлкегіне ұшырап, 25 жылға сотты болыпты. Жазаның ауыр болу себебі, «сатқын» Сейітжаппар легионда бөлім командирі бола жүріп, итальян партизандарының көзін құрту операцияларына қатысқан, ол аз болса, ағылшын офицеріне келісім беріп, Кеңестер Одағына оралысымен-ақ антисоветтік агитацияны қыздырып тыңшылық әрекетке көшіпті-мыс.
Сот та созбалаңға салмай, 1948 жылы 24 қарашада Сейітжаппарды қылмыскер деп танып, Челябинск облысының Верхне-Уральск қаласына жазасын өтеуге жібереді. Алайда, Сейітжаппар да өзі секілді тағдырлас жауынгерлермен бірге Отан алдында сатқындық жасамағанын, жау ұшақтарының кезекті бомбылауынан соң ес-түссіз жатқанында қапылыста қолға түскенін, «партизандарға қарсы күресті, ағылшын барлау қызметімен ауыз жаласты» дегеннің бәрі сандырақ екенін айтып, жоғары жаққа сан мәрте арыз жазғанымен, жауап болмаған. Керісінше, Малавпен бірге болған бес «легиондықтың» сот процесі алдындағы жауаптары ақ-қарасы анықталмаған күйі іске тігіліп кеткен.
Осылайша, «Түркістан легионында» болған Түркістанның тумасы былай депті: «... Мен жасымның 18-ге де толмағанын жасырып, майдан даласына өз еркімен сұранып аттанған азаматпын. Түркістан әскери комиссариаты мені 102-атқыштар дивизиясының құрамына қосты. 3-Украин майданындағы бірнеше шайқасқа қатыстым.
Өмірімді тозаққа айналдырған сол сәтті есіме алсам әлі күнге дейін денем түршігеді. Иә, 1942 жылғы жаудың кезекті шабуылы мен бомбылауы біз үшін сәтті болмады. Топыраққа көміліп, есімнен танып қалыппын. Қанша уақыт жатқаным жадымда жоқ, есімді жисам енгезердей неміс нұқып оятып жатыр екен.
Менің сөзіме сеніңіздер. Тұтқынға өз еркіммен түспесем, мен қалай «сатқын» боламын? Мені қалайша Америка барлауының жансызы деп жазғырасыздар, оларды өзім түгілі түсімде көрген жоқпын ғой...
25 жылға сотталғанымды кейін естідім. Мен қылмыскер емеспін, мені қолдан «қылмыскер» еткен. Қауіпсіздік басқармасы шындықтың көзіне тура қарай алмай отыр. Сондықтан әділетті Кеңес заңымен жазаласаңыздар екен, жазықсыз жылатпасаңыздар екен деймін. «Босатыңыздар» деп бас игелі тұрған жоқпын. Тек «жау санап» ақ жаныма дақ түсіргендерге назалымын. Сол себепті де қылмыстық істің қайта қаралатынынан үміттімін», дейді. Бәлкім, осынау жазба түрткі болды ма, 1955 жылы 15 тамызда абақтыда 5 жылын өткізген Сейітжаппар Молдыбаевты мерзімінен бұрын босатыпты.
«Түркістан легионында» болған тағы бір жерлесіміз – 1917 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы Георгиевка ауданы Ленгер қаласының тумасы Танкеев Жандарбек. Қазақ, 5 кластық қана білімі бар. Бұрын сотты болмаған, партия қатарына кірмеген Танкеевке де тағылған айып – 1940 жылдың шілдесіне дейін Кеңес Әскері қатарында болып, тұтқынға түскесін 1942 жылы «Түркістан легионы» қатарына кіргені. Осы «қылмысы» үшін 1949 жылы 8 қыркүйекте Түркістан әскери округі әскери трибуналының шешімімен РСФСР ҚК-нің 58-1 бабының «б» тармақшасына сай айыпты деп танылып, 25 жылға сотталған.
Кезінде Ленгер қаласында «Ленгеркөпір» кенішінде кен қазып, кейіннен электровоз кондукторы болып жұмыс істеген Жандарбекке «Түркістан легионы» қатарында жүргенде унтер-офицер атағы беріліпті.
Иркутск облысының Ангарск қаласында
Ж.Танкеев 7 жыл жазасын өтеп келіп, еңбекке араласып, тек жақсы жағымен көзге түседі.
Ал 1919 жылы туған, ОҚО, Келес ауданы «Еңбек» кеңшарының тұрғыны Әшірқұл Мәмбетәлиев 1950 жылы 1 қарашада ұсталып, жоғарыда аталған баппен сотты болады. Ұлты – қазақ, отбасылы, байдың ұрпағы болғандықтан партия қатарына алынбаған. Қара танымайтын қазақ баласы 1941 жылы шілдеде дұшпан қолына түсіп, «Түркістан легионына» кіруге мәжбүр болған.
Айыптау қорытындысынан анықтағанымыз Әшірқұл әскер қатарына 1939 жылы Сарыағаш аудандық әскери комиссариатынан шақырылып, алдымен қатардағы сарбаз ретінде №4048 әскери бөлімде дайындықтан өтеді де, сұрапыл соғыс басталған тұста Латвия майданына жіберіліп, Десна өзені маңындағы шайқаста тұтқынға түседі.
1955 жылы 17 ақпанда оған қатысты істі жүргізген ОҚО ҰҚК 4-арнайы бөлімнің аға тергеушісі капитан Балакирев 25 жылды арқалаған айыпкердің партизандарға қарсы ұрыстардың бірінде жеңіл жараланып, марапатқа ұсынылғанын да атап көрсетіпті.
Біздіңше Ә.Мәмбетәлиевке қарсы іс те біршама бұрмаланғанға ұқсайды. Өзінің ақтығын айтып жолдаған арызының назарға алынбағанына күйінген жауынгер келесі бір арызын «Правда» газетінің редакциясы мен Бас әскери прокурорға жіберген. Нәтижесінде оған қарсы іс тоқтатылып, рақымшылық көріп, бостандыққа шығады.
Қорыта айтқанда, сұрапыл соғыстың сыры ашылмаған «ақтаңдақ» беттерінің бірі – Түркістан легионы. Әлі күнге дейін легион турасында тұщымды байлам айтылып, кесімді баға берілген жоқ. Тұтқындар тағдыры да тасада қалып келеді. Біздіңше концлагерьде кінәсіз азапталып, тұтқыннан әупірімдеп тірі шыққандарды фашизм «тозағын» көрген осындай әскери тұтқындарды түгелдей «сатқын» деу мүлде қисынға келмейді.
Бұған архив қорларында «құпия» сақталған деректерді ақтара отырып көз жеткізгендей бол-
дық.
Сейдехан ӘЛІБЕК, тарих ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры